«Дунё» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қор АҚШ-та тұратын отандастардың бастамасымен құрылған. Оның негізін қалаушылар – Фарҳод пен Севара Султон және Америкадағы өзбек диаспорасының өкілдері.
Жобаның басты мақсаты – Өзбекстанның шалғай аймақтарындағы дарынды қыздарға ағылшын тілі мен математика пәндерінен тегін білім беру, оларды жоғары оқу орындарына түсуге дайындау және болашақта кәсіби тұрғыдан дамуына жәрдемдесу.
Қордың тең құрылтайшысы Севара Султонның мәлімдеуінше, жазда жарияланған алғашқы іріктеу кезеңінде елдің түрлі аймақтарынан 236 өтінім түскен. Эссе жазу және сұхбаттасу кезеңдерінен тұратын іріктеу нәтижесінде 10 аймақтан 20 қыз бағдарламаның алғашқы қатысушылары ретінде таңдап алынған.
Қазіргі уақытта олар Өзбекстандағы серіктес білім беру орталығы әзірлеген бағдарлама негізінде мектептегі сабақтарынан тыс аптасына алты күн онлайн форматта тегін білім алып жатыр.
Қор алдағы уақытта бағдарламаға қатысушылар санын 500-ге жеткізуді, олардың халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуына және шетелдік университеттерге оқуға түсуіне қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Ашылу салтанатында демеушілердің бірі алғашқы топтың білім алуын қаржыландыру үшін қаражат бөлгені де белгілі болды.
Ұйым өкілдері жобаның ауқымын кеңейту мақсатында Өзбекстанның Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігімен, Отбасы және әйелдер мәселелері бойынша комитетпен, жергілікті әкімдіктермен және мектептермен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Іс-шара барысында Өзбекстанның АҚШ-тағы елшісі Фурқат Сидиқов елде әйелдердің құқықтарын қорғау, олардың білім алуына және кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында жүзеге асырылып жатқан реформаларға тоқталды. Ол қор қызметінің аталған реформалардың мақсаттарына сәйкес келетінін атап өтіп, отандастардың бастамасына жоғары баға берді.
Шара соңында осындай жобалардың ауқымын кеңейтуде АҚШ-тағы өзбек диаспорасының әлеуетін одан әрі тиімді пайдалану мәселелері бойынша пікір алмасылды.