Өзбекстанда автомобиль жасау саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отырғаны кездейсоқ емес. Бұл сала жоғары қосылған құн қалыптастыруда, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуда, мыңдаған жұмыс орнын ашуда және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуде маңызды рөл атқарады.

Кейінгі жылдары Өзбекстанның автомобиль өнеркәсібі бәсекелестік пен тұтынушы мүддесіне негізделген мүлде жаңа кезеңге көтерілді. Осыдан он жыл бұрын автокөлік нарығы бір ғана өндірушімен және ұзақ кезекпен байланыстырылса, бүгінде «Chevrolet», «BYD», «KIA» және «Hyundai» секілді ірі брендтермен бірлескен 5 автозауыт жұмыс істеп тұр. Биыл «Volkswagen», «Foton» және «JAC» зауыттарын іске қосу жоспарланған.

Ең бастысы, бұл өзгерістерді халық тікелей сезініп отыр. Нарықтағы таңдау мүмкіндігі кеңейіп, ұзақ кезектер жойылды. Биыл автокөлік саудасына 20 банк тартылып, автокөліктердің 95 пайызы бөліп төлеу және қолайлы несие жүйесі арқылы сатылған.

Қазіргі уақытта көрші мемлекеттер үшін де автокөліктер мен қосалқы бөлшектер өндірісі дамып келеді. Сала төңірегінде жаңа кооперациялық тізбектер қалыптасып, 10 мыңнан астам жастар заманауи технологиялар негізінде еңбек етуде. 300-ден астам кәсіпорын «Chevrolet» үшін, ал 40-қа жуық кәсіпорын «KIA» мен «BYD» үшін қосалқы бөлшектер жеткізуде.

Таныстырылым барысында автокөлік өндірісінің көлемін және салада жұмыспен қамтылғандар санын 1 миллионға жеткізу мәселелері қаралды.

Жеңіл және коммерциялық автокөліктерді өндіру мен құрастыруға қатысты көптеген жобалық ұсыныстардың келіп түсуі Өзбекстанда қолайлы инвестициялық орта мен табысты нарық қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, әрбір жоба нарық сұранысы мен экономикалық тиімділік негізінде бағалануы, ал негізгі назар сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілікке аударылуы қажет екені айтылды.

Таныстырылымда «Volkswagen» автомобильдерін өндіру жобасы туралы да ақпарат берілді. Жоспарға сәйкес, алғашқы кезеңде Ташкент қаласында ірі тораптық өндірісті бастау көзделген. Кейінгі кезеңде Әндіжан еркін экономикалық аймағында толық циклді өндірісті жолға қою, жергіліктендіру деңгейін арттыру және экспорт нарығына шығу жоспарланып отыр.

Бүгінгі жаһандық ахуал автокөлік жасау саласына айтарлықтай әсер етіп отырғаны атап өтілді. Осыған байланысты технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету, инновацияларды енгізу және экспорт пен логистикалық шектеулерге тәуелділігі төмен, бәсекеге қабілетті ұлттық өнімдер шығару қажеттігі айтылды.

Бұл бағытта Әндіжан мен Жызақта заманауи инженерлік мектептердің ашылғаны, жас зерттеушілер мен инженерлердің қалыптасып келе жатқаны, жалпы алғанда жергілікті өнім өндірісін кеңейтіп, түпкілікті өнім жасауға жеткілікті интеллектуалдық әлеует бар екені көрсетілді.

Осыған орай «Ўзавтосаноат» жүйесінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық қызметті дамыту қажеттігі белгіленді.

Саладағы тағы бір үлкен мүмкіндік ретінде қосалқы бөлшектер нарығы аталды. Осыған байланысты бұл нарықты реттеу, жергілікті өнім үлесін арттыру, сертификаттау жүйесін жетілдіру және заманауи сынақ зертханаларын құру қажеттігі сөз болды. 2026 жылдың соңына дейін халықаралық консалтингтік компанияларды тарта отырып, автомобиль қосалқы бөлшектері нарығын дамыту стратегиясын жүзеге асыру міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысы автокөлік өнеркәсібі ел экономикасының стратегиялық салаларының бірі екенін атап өтіп, саладағы бәсекені күшейту, жергіліктендіруді тереңдету және ұлттық инженерлік мектепті дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді.