Ғазиз перзенттерім, қадірлі ұстаздар мен тәлімгерлер, құрметті ата-аналар!

Бүгін еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерде «соңғы қоңырау» үні сылдырлап, мерекелік іс-шаралар өтуде. Осындай толғанысқа толы сәттерде 472 мыңнан астам ұл-қызымыз мектепті бітіріп, үлкен өмірге жолдама алып отыр. Осы ұмытылмас мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын.

Біз бүгін болашаққа жоспар құрып отырған сіздердей перзенттеріміздің бейнесінен Жаңа Өзбекстанды әлемге танытатын жасампаз күшті көреміз.

Биыл алғаш рет 11 мыңнан астам оқушымыз мектепті алтын және күміс медальмен аяқтауда. Осындай талапты ұл-қыздарымыз алдағы уақытта да өз қатарластарына үлгі болып, еліміздің дамуына лайықты үлес қосады деп сенемін.

Әрбір мектеп бітірушінің өмірден өз орнын табуы үшін бүгінде барлық күшіміз бен мүмкіндіктерімізді жұмылдырып жатырмыз.

Әрине, бүгінгі бітіруші – ертеңгі инженер, дәрігер, ғалым, ақын-жазушы, кәсіпкер. Бүгінгі бітіруші – Үшінші Ренессанстың іргетасын қалаушы. Сіздер – Жаңа Өзбекстанның ең үлкен сенімі мен тірегісіздер.

Еліміздегі 207 жоғары оқу орны мен 643 техникум сіздерге заманауи білім, кәсіп және біліктілік беруге дайын. Еңбекқор, өз күшіне сенген жастарымыз мектепті аяқтамай жатып-ақ еліміздегі және шетелдердегі беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Мысалы, 171 жас әлемнің жетекші университеттеріне қабылданды, тағы мыңдаған түлек өз еліміздегі жоғары оқу орындарының студенті атанды.

Осы перзенттерімді, олардың ата-аналары мен ұстаздарын шын жүректен құттықтаймын

 

Ғазиз бітірушілер!

Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінгі өмір де, еңбек базарындағы талаптар да қарқынды түрде өзгеруде. Жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Тіл білу, кәсіп меңгеру, компьютерлік сауаттылық және өз бетінше табыс табу дағдысы маңызды қажеттілікке айналды. Еңбек базары енді, ең алдымен, «құжатты» емес, нақты білімді, тәжірибені және нәтижені талап етеді.

Бүгін ауылдағы қарапайым мектеп түлегі ертең әлем мойындайтын ғалым болуы мүмкін. Бүгін алдына үлкен мақсат қойған, ұмтылушаң, ізденімпаз жастарымыз ертең миллиондаған адамдарға қызмет ететін технологияларды жасайды. Бүгін кітап оқып отырған бір қыз бала ертең елдің дамуын жаңа деңгейге көтеретін ұрпақты тәрбиелейді.

Сондықтан әрқайсыңыз кем дегенде бір шет тілін және заманауи мамандықты меңгеруге ұмтылыңыз. Бұл – болашаққа ашылған есік, сіздер үшін қосымша мүмкіндік пен ынталандыру.

Кәсіпкер болуды қалайтын жастарымыз үшін банктер биыл 25 триллион сум көлемінде жеңілдетілген несие ұсынып отыр. Стартап жобаларды бастаған бітірушілерге 100 миллион доллар көлемінде қаражат дайындап қойғанбыз. Ең ірі IT компаниялар жыл сайын кемінде 50 мың түлекті жасанды интеллект саласында оқытып, жоғары табысты жұмысқа орналастыруға дайын. Алдағы жылдары 168 мың гектар супер интенсивті өнеркәсіптік бақтар құрылады. Осы жобаларға қатысқысы келетін жастарымды мен әрдайым қолдаймын.

Осы жаңа салаларда сіздер міндетті түрде өз ісіңіздің нағыз маманы боласыздар!

Қадірлі перзенттерім!

Бүгінгі тез өзгеріп жатқан заманда өмірге және оның күрделі талаптарына дайын болу – ең маңызды міндет.

Бұл жолда сіздердің ең жақын достарыңыз әрі ең қуатты қаруларыңыз – кітап. Өйткені кітап – жарықтың, білімнің және өнегенің қайнар көзі. Көп кітап оқыған адам ешқашан тура жолдан адаспайды, ерік-жігері мықты, дүниетанымы кең болады.

Бүгінгі өмірімізде сіздерге үлгі болатын жетістіктеріміз, жас қаһармандарымыз көп. Төрт-бес жыл бұрын мектеп бітірген Жавохир Синдоров, Нодирбек Абдусатторов, Абдуқодир Ҳусанов секілді танымал спортшыларымыз шахмат пен футбол әлемінде бүкіл дүниені таңғалдыруда.

Жас кинематографистеріміз түсірген қысқаметражды фильм Канн халықаралық кинофестивалі аясындағы инклюзивті фильмдер фестивалінде Гран-при жүлдесін иеленді.

Күні кеше ғана футболдан ұлттық құрамамызды әлем чемпионатына үлкен салтанатпен шығарып салдық.

Баршамызға шексіз мақтаныш сыйлайтын мұндай жетістіктер бұрын тарихымызда ешқашан болмаған.

Көріп отырсыздар ма, шын жүректен ұмтылып, аянбай еңбек етсе, Жаңа Өзбекстан жастары қандай биіктерді бағындыра алатынын!

Мен сенемін, сіздердің араларыңыздан да осындай ұлт қаһармандары, Жаңа Өзбекстанның мақтаныштары шығады!

Бұл дүниеде әрбір саналы адам ата-анасының, ұстаздарының және халқының сенімін ақтауға ұмтылады. Адам үшін ең үлкен бақыт пен зор мәртебе – осы.

Сіздер бүгін мектепті аяқтадыңыздар, бірақ үлкен өмір мектебі енді басталуда.

Мен сіздерге осындай теңдессіз бақыт пен биік мәртебе иесі болуды тілеймін.

Алдарыңызға үлкен мақсат қоюдан ешқашан қорықпаңыздар!

Өздеріңізге сеніп, әрдайым алға ұмтылыңыздар!

Әрдайым өзгерістер мен реформалар рухымен өмір сүретін ұрпақ болыңыздар!

Осы жолдағы алғашқы қадамдарыңыз құтты әрі берекелі болсын!

Баршаңызға бақ пен сәттілік серік болсын, ардақты перзенттерім!

Шавкат Мирзияев,
Өзбекстан Республикасының Президенті