Мемлекет басшысына Әндіжан облысының Бабыр қаласында бой көтеретін сәулет ансамблінің құрамында ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы әрі ақын Заһираддин Мұхаммед Бабырға арналған еңселі ескерткіш орнату жобасы таныстырылды.

Ұлы бабамыздың рухына лайық құрмет көрсету, оның бай ғылыми-әдеби мұрасын, мемлекетшілдік танымы және әлем өркениетіне қосқан өлшеусіз үлесін жас ұрпаққа терең жеткізу мақсатында бұл ескерткішке ерекше мазмұн мен көркем сипат беру мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр.

Мемлекет басшысына болашақ ескерткіштің эскиздері, композициялық сипаты және Бабыр тұлғасын бейнелеудегі ғылыми-көркемдік ұстанымдар жөнінде мәлімет берілді. Атап өтілгендей, ұлы тарихи тұлғаның бейнесі отандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен бірлесіп жүргізген зерттеулері, көптеген тарихи деректер, қолжазбалар, миниатюралар мен мәдени мұра үлгілерін терең зерделеу негізінде жасалуда.

Сонымен қатар, Президентіміздің Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Исламабад қаласындағы саябақтардың біріне Заһираддин Мұхаммед Бабыр есімі берілген еді. Аталған саябақта да ұлы бабамызға орнатылатын ескерткіш жобасы қаралды.

Мемлекет басшысы ескерткіштерді жасау барысында Заһираддин Мұхаммед Бабыр бейнесін тек ұлы әдебиетші әрі ақын ретінде ғана емес, сонымен қатар құдіретті қолбасшы, қуатты мемлекет негізін қалаушы және дана билеуші ретінде терең ашып көрсету қажеттігін атап өтті. Оның ерік-жігері, мемлекет басқарудағы қабілеті, жоғары руханияты мен жасампаздық идеялары ескерткіштің жалпы келбетінде айқын көрініс табуы тиіс екені айтылды.

Сондай-ақ, Президентке Әбу Райхан Беруни атындағы халықаралық мектеп-интернатының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, Бұхара қаласында туризм және көлік инфрақұрылымын дамыту, аудандардағы мәдениет үйлерін жаңғырту бағытында әзірленіп жатқан жобалар жөнінде де ақпарат берілді.

Мемлекет басшысы жобаларды одан әрі жетілдіріп, озық тәжірибе негізінде жан-жақты әрі сапалы пысықтау бойынша тиісті тапсырмалар берді.