Ең
алдымен, сіздерді 18 сәуір – Өзбекстан Республикасының тұрғын үй коммуналдық
қызмет көрсету саласы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Өз
қызмет орнында түнді-түн демей, күнді-күн демей, жанқиярлықпен еңбек етіп,
халықтың, ұйымдар мен мекемелердің қолайлы әрі заманауи жағдайларда өмір сүруі
мен қызмет етуін қамтамасыз етіп келе жатқан сіздер сияқты білікті инженерлер
мен жұмысшыларға, ұста және слесарьларға, механиктер мен технологтарға,
мамандар мен сала ардагерлеріне, көпұлтты сала қызметкерлеріне осы қуанышты
мереке күні терең құрметіміз бен ізгі тілектерімізді білдіріп, шын жүректен
алғыс айтамыз.
Қадірлі
достар!
Соңғы жылдары
елімізде барлық сала мен тармақтар қатарында халқымыздың тұрмыс деңгейін
арттыруда маңызды орын алатын коммуналдық жүйеде де түбегейлі реформалар жүзеге
асырылуда. Әсіресе, озық халықаралық тәжірибелер негізінде тұрғын үйлерге
қызмет көрсету бойынша басқарушы сервистік компаниялардың құрылғаны, оларға
мемлекет тарапынан қажетті жеңілдіктер мен кепілдіктер берілгені қызмет сапасын
арттыруда маңызды рөл атқаруда. Бұл туралы айтқанда, еліміздегі 45 мың
көпқабатты үйдің 90 пайыздан астамына 1 мыңнан астам міне осындай ұйымдар қызмет көрсетіп
отырғанын, соңғы 9 жылда 3 триллион 700 миллиард сум қаражаты есебінен 51 мыңға
жуық үйлер жөнделіп, 3 мың 500 лифт жаңасына ауыстырылғанын атап өткен жөн.
Салада
цифрландыру үдерістері жедел жүргізіліп жатқанының нәтижесінде шамамен 42 мың
көпқабатты үй мен 1 миллион 500 мыңнан астам меншік иелері “Менің үйім” биллинг
жүйесінде тіркелді. Бұл басқарушы ұйымдар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды
тікелей бақылап, олардың қызметін бағалауға мүмкіндік беруде.
Бұдан тыс,
3 мың 400 ауыз су және кәріз су нысандары мен 42 мың километрден астам су
тармақтары салынды және қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде елімізде халықты
орталықтандырылған жүйе арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 2017 жылғы 63
пайыздан қазіргі уақытта шамамен 83 пайызға жетті. Жылумен жабдықтау
саласындағы ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 100-ге жуық орталық және жергілікті
қазандықтар, 1276 километр жылу тармақтары жөнделіп, жаңғыртылды.
Әсіресе,
3 мың 800-ден астам көпқабатты үй мен 371 әлеуметтік нысанның осы жүйеге
қосылғаны назар аударарлықтай.
Бүгінгі
таңда халқымыздың өмірлік мүдделерін қамтамасыз ету бойынша коммуналдық қызмет
көрсету саласының алдында да ауқымды міндеттер тұр. Атап айтқанда, 2030 жылға
дейін халықты орталықтандырылған ауыз су тармақтары арқылы қамтамасыз ету
деңгейін 90 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, 103 қазандық, 1 мың 600
километр жылу тармақтары салынып, қайта жаңғыртылады. Мемлекеттік-жекешелік
серіктестік қағидаты негізінде және халықаралық қаржы институттарының қатысуымен
13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде
орталықтандырылған жылумен қамту деңгейі қазіргі 37 пайыздан 58 пайызға дейін
жеткізіледі.
Сіздер
өздеріңіздің бар күш-қайратыңызды, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді жұмылдыра
отырып, осындай ауқымды міндеттерді орындауға лайықты үлес қосасыздар деп
сенемін.
Өз
кезегінде, елімізде коммуналдық саланың материалдық-техникалық базасын және
кадрлық әлеуетін нығайту, жүйеде қызмет атқарып жатқан жұмысшылар мен
қызметкерлердің еңбегін ынталандыру бұдан былай да мемлекетіміздің назарында
болады.
Сіздерді
кәсіби мерекелеріңізбен тағы да шын жүректен құттықтап, баршаңызға зор
денсаулық, отбасылық бақыт, еңбек жолдарыңызда табыс пен сәттілік,
шаңырақтарыңызға береке тілеймін.