Кейінгі жылдары Өзбекстанда цифрлық мемлекеттік қызметтерді кеңейту, мемлекеттік органдардың жұмысына заманауи ақпараттық жүйелерді енгізу, халық пен кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Соның нәтижесінде Өзбекстан БҰҰ-ның «Электрондық үкімет» рейтингінде 24 сатыға жоғарылады. Енді 2030 жылға дейін республиканы осы бағыттағы әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатарына енгізу көзделіп отыр.
Биыл цифрлық қызметтердің саны 880-ге, ал оларды пайдаланушылар саны 15,5 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы цифрлық қызметтер саны 525 болса, пайдаланушылар саны 4 миллион адамды құраған.
Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесіндегі деректер базалары мен ақпараттық жүйелердің әртүрлі ведомстволарға шашыраңқы орналасқаны, оларды талдау мен шешім қабылдау үдерісінде бірыңғай тәсілдің жетіспейтіні атап өтілді.
Осыған байланысты мемлекеттік басқарудың бірыңғай интеграцияланған цифрлық платформасын кезең-кезеңімен енгізу ұсынылды. Бұл жүйе арқылы өңірлердің экономикасы, инвестициялар, экология, қауіпсіздік мәселелері, халықты толғандырған түйткілдер, махаллалардың әл-ауқат деңгейі, кеңістіктік деректер, түрлі нысандар мен картографиялық қабаттар бір платформада біріктіріледі.
Платформа жасанды интеллект технологияларының көмегімен деректерді талдауға, өңірлердегі мәселелерді ерте анықтауға, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға, ресурстарды тиімді бөлуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы биыл аталған цифрлық басқару жүйесін алдымен Ташкент қаласында енгізіп, келесі жылдан бастап оны республиканың барлық өңіріне кезең-кезеңімен таратудың маңызды екенін атап өтті.
Таныстырылым барысында тауарлар мен қызметтердің бірыңғай ұлттық жіктеу жүйесін іске қосу мәселесі де қаралды. Қазіргі уақытта кеден, салық, статистика және басқа да мемлекеттік органдар әртүрлі тауар жіктеуіштерін пайдаланып келеді. Бұл өз кезегінде бизнес шығындарының артуына, есептеудің нақтылығының төмендеуіне және ведомстволар арасындағы мәлімет алмасуда қиындықтардың туындауына себеп болып отыр.
Бірыңғай ұлттық жіктеу жүйесі енгізілген жағдайда кәсіпкерлер үшін артық бюрократиялық рәсімдер қысқарып, мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу жеңілдейді әрі статистикалық есептеудің дәлдігі артады.
Сонымен қатар ұлттық навигация жүйесін құру ұсынылды. Қазіргі кезде бұл бағытта негізінен шетелдік платформалар қолданылып жүргені атап өтілді. Ұлттық навигация жүйесі геокеңістіктік деректерді бірыңғай стандарт негізінде қалыптастыруға, көлік, логистика, жедел қызметтер, қала құрылысы және мемлекеттік қызметтерді тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Таныстырылымда АT саласының экспортын және стартаптар экожүйесін дамыту жоспарлары да қаралды. 2030 жылға дейін АT экспортының көлемін 5 миллиард долларға жеткізу, 5 мың белсенді стартап құру және 2 миллиард доллар инвестиция тарту көзделіп отыр.
Халықаралық «StartupBlink» рейтингінде Өзбекстан 31 сатыға көтеріліп, әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан стартап экожүйелерінің бірі ретінде бағаланғаны айтылды. Сондай-ақ Ташкент Орталық Азия қалалары арасында бірінші орынға ие болса, Самарқанд пен Ферғана алғаш рет әлемнің ТОП-1000 стартап қалаларының қатарына енді.
Осы бағытта «Talent Hub» бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Бағдарлама аясында шетелдік мамандар мен инвесторларға кәсіпорынды, банк шотын және халықаралық төлем картасын қашықтан ашу мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ IT Park резиденттерінің қызметкерлеріне берілетін салықтық жеңілдіктерді 2040 жылға дейін ұзарту, «IT Visa» және «Zero Risk» бағдарламаларын кеңейту ұсынылды.
Бұдан бөлек, АT өнімдерін экспорттайтын компаниялардың қызметкерлеріне төленетін жалақы шығындарының бір бөлігін өтеу, халықаралық сертификаттау шығындарын өтеу, сондай-ақ шетелдік тапсырыс берушілер мен мамандарды тартуға жұмсалатын релокация шығындарының бір бөлігін субсидиялау тетіктері қарастырылып отыр.
Сондай-ақ Бұхара мен Ферғанада 20-дан астам акселерациялық бағдарламаны іске қосу және стартаптарды ірі халықаралық нарықтарға шығару жөнінде ұсыныстар айтылды.
Жиында телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары елді мекендерді телекоммуникация қызметтерімен қамту деңгейі 41 пайыздан 98 пайызға дейін өссе, интернеттің жалпы өткізу қабілеті 65 есеге артқан.
Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер үшін телекоммуникация қызметтерін көрсету саласының әлі де жеткілікті тартымды еместігі, ал шалғай өңірлерде кабельді интернет пайдаланушылар үлесінің төмен екені атап өтілді.
Осыған байланысты саладағы бизнес ортаны жақсарту мақсатында телекоммуникация желілерін жобалау және салуға арналған қазіргі екі лицензия түрін бір лицензияға біріктіру, лицензия беру мерзімін 25 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылды.
Көпқабатты тұрғын үйлерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу технологияларын ескере отырып жобалау және салу талабы енгізіледі. Бұл жаңа тұрғын үйлерде талшықты-оптикалық интернет инфрақұрылымын алдын ала қарастырып, тұрғындарға сапалы цифрлық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Салада кәсіп бастағысы келетін жастар үшін «Келешек кәсіпкері» бағдарламасы аясында 2 жылдық жеңілдік кезеңімен, 7 жыл мерзімге жылдық 15 пайыздық мөлшерлемемен 530 миллион сумға дейін несие беру ұсынылды. Ал шалғай және алыс өңірлерде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген тарифтік жоспарлар әзірленеді.
Мемлекет басшысы ұсыныстарды қолдап, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру, цифрлық қызметтердің сапасын арттыру, киберқауіпсіздік пен жеке деректердің қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ саладағы жеке сектор үшін барынша қолайлы жағдай жасау жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.