Өткен жылы Өзбекстанның ДСҰ-ға кіру үдерісі аясында көпжақты және екіжақты келіссөздерде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобының екі отырысы өткізілді. Онда 200-ден астам сұраққа жауаптар, сондай-ақ сыртқы саудаға қатысты 30-дан астам құжат ұйым мүшелеріне ұсынылды.

Сонымен қатар, екіжақты келіссөздер шеңберінде 40-тан астам раунд өткізілді. Тек 2025 жылдың өзінде 11 мемлекетпен келіссөздер аяқталып, мұндай елдердің жалпы саны 33-ке жетті.

ДСҰ мүшелері тарапынан Өзбекстанда нарықтық экономикаға көшуге байланысты жүргізіліп жатқан жедел реформалар оң бағалануда. Атап айтқанда, өткен жылы 68 заңнамалық құжат ДСҰ және халықаралық нормаларға сәйкестендірілді.

Соның ішінде, ұйым талаптарына бейімдеу аясында зияткерлік меншікті тіркеу үдерістері жеңілдетіліп, осы саладағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді. Экспорттық шектеулер алынып тасталып, ашық механизмге негізделген экспорттық баждар енгізілді, кейбір өнімдер үшін ең төменгі экспорт бағасын белгілеу тәжірибесі жойылғаны айтылды.

Сондай-ақ, саудадағы техникалық кедергілерді азайту, санитариялық және фитосанитариялық салалардағы реформалар аясында тәуекелі жоғары өнімдерді міндетті мемлекеттік тіркеудің бюрократиялық тәртібі сертификаттаумен алмастырылды. Азық-түлік қауіпсіздігін бақылау Санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқат және қоғамдық денсаулық комитетіне берілді, 14 азық-түлік техникалық регламенті күшін жойды, 747 тауар позициясы бойынша міндетті сертификаттау талаптары алынып тасталып, олардың тізімі 27 пайызға қысқартылды.

Таныстырылымда азық-түлік қауіпсіздігі және сауданы қорғау шаралары туралы жаңа заңдарды қабылдау, санитария, ветеринария және карантин салаларында тәуекелдерді талдау, қадағалау және ғылыми негізделген тәсілдерді енгізу мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы биыл Өзбекстанның ДСҰ-ға толыққанды мүшелігін рәсімдеу бойынша кешенді жұмыстарды сапалы жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сыртқы экономикалық қызмет саласындағы заңнаманы ДСҰ талаптары мен халықаралық сауда стандарттарына толық сәйкестендіруді жүйелі түрде жалғастыру, екіжақты және көпжақты келіссөздерді аяқтау, сондай-ақ мүшелікті рәсімдеу бойынша қажетті шаралар белгіленді.