Өзбекстанда адам қадірін ардақтау, халықты әлеуметтік қорғау, қоғамда мейірім, жомарттық пен ынтымақ рухын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Бұл қағидаттар, әсіресе, халқымызға тән ізгі қасиеттерді бойына жинаған қасиетті Құрбан айт күндерінде айқын көрініс табады.
Таныстырылым барысында Өзбекстан мұсылмандары басқармасы, Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі, Өзбекстан махаллалары қауымдастығы және «Вақф» қайырымдылық қоғамдық қоры әзірлеген ұсыныстар жөнінде ақпарат берілді.
Оған сәйкес, Құрбан айт мерекесіне байланысты ауқымды шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Атап айтқанда, ауыр әрі мүгедектікке алып келетін ауруларға шалдыққан 10 мың баланың хирургиялық операциясын жасау, онкологиялық, гематологиялық және онкогематологиялық диагноз қойылған 2,3 мың науқасты медициналық тексеруден өткізу, емдеу және хирургиялық операциялар жүргізу, сондай-ақ кемінде 350 науқасқа бауыр мен бүйрек трансплантациясы операцияларының шығындарын өтеу жоспарланған.
Әлеуметтік қорғауға мұқтаж балаларды қолдауға да ерекше назар аударылады. 8 мыңнан астам жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың, сондай-ақ Отан шекарасын қорғау жолында қаза тапқан ата-аналардың балаларының арнайы есепшоттарына 200 АҚШ доллары көлемінде қаржы аударылады.
Бұдан бөлек, 500 мешітте халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында заманауи дәретханалар салу, қайта жаңғырту немесе жөндеу, сондай-ақ жергілікті жерлердегі зираттарды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекеттік қамқорлықтағы отбасылар, өзгенің күтіміне мұқтаж жалғызбасты азаматтар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар азық-түлік тартуымен қамтамасыз етіледі.
Аталған шаралар «Вақф» қайырымдылық қоғамдық қоры қарамағына бөлінетін 690 миллиард сум қаражат есебінен қаржыландырылады.
Сондай-ақ әлеуметтік қорғауға мұқтаж халық санаттары үшін қайырымдылық дастарханы жайылып, зиярат орындары мен діни білім беру мекемелерінде құрбандық шараларын өткізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы мұқтаж жандарды қолдау, науқастарды емдеу және балаларға көмек көрсетуге қатысты шаралар ашық әрі нақты мекенжай бойынша ұйымдастырылуы қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.