Президент Шавкат Мирзиёев қоғам өкілдерімен бірге осы бағыттағы алғашқы пойызбен Қоқан қаласынан Марғилан қаласына келді.

Аталған жоба Өзбекстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 27 желтоқсандағы «2030 жылға дейін теміржол көлігінде жергілікті бағыттарда жолаушылар тасымалын арттыру шаралары туралы» қаулысы аясында жүзеге асырылды.

Жоба халқы тығыз орналасқан Ферғана аңғарында көлік қатынасын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі арзан қызмет көрсетуге, сондай-ақ жолаушылар тасымалы көлемін арттыруға бағытталған.

Ұзындығы 324 шақырым болатын бұл айналма теміржол өңір облыстарын өзара жақындастырып, тұрғындар, кәсіпкерлер және туристер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жаңа пойыз Ташкент жолаушы вагондарын жасау және жөндеу зауытында өндірілген. Алты вагоннан тұратын, 586 орындық пойыз сағатына 120 шақырымға дейін жылдамдықпен қозғала алады.

Жолақы құны 15 мың сум болып белгіленген. Бұл автокөлікпен салыстырғанда әлдеқайда арзан әрі ыңғайлы. Күніне 1,5 мың, жылына шамамен 600 мың жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігі өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді.

Вагондарда климат-бақылау жүйесі мен кондиционерлер орнатылған. Тегін Wi-Fi, гаджеттерге арналған USB-порттар қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы көтергіштер, кең орындар және бейімделген дәретханалар бар. Велосипедтерді тасымалдауға арналған бекіткіштер де жолаушыларға қосымша қолайлылық береді.

Сондай-ақ вагондардағы бейнебақылау жүйесі мен соққы күшін азайтатын крэш-жүйелер халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді.

Жол барысында Мемлекет басшысы өңір белсенділерімен аймақтағы өзгерістер туралы пікір алмасты.

Жаңа теміржол Ферғана аңғарының туристік әлеуетін де жаңа деңгейге көтеретіні атап өтілді. Бекеттер маңында қызмет көрсету нысандарын, қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану орындарын дамыту қажеттігі айтылып, бұл жергілікті тұрғындар үшін қосымша табыс көзі болатыны көрсетілді.