Шарада Өзбекстан заңдылығы мен құқық қолдану тәжірибесінің БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының 12-бабы талаптарына сәйкестігі, атап айтқанда, әрекетке қабілетсіз деп танылған немесе әрекет қабілеттілігі шектелген адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты мәселелер талқыланды.

Дөңгелек үстел сұхбаты Өзбекстан Республикасы Адам құқықтары бойынша Ұлттық орталығының, Өзбекстан мүгедектер қауымдастығының және БҰҰ Адам құқықтары бойынша Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша аймақтық өкілдігінің ынтымақтастығында ұйымдастырылды.

Оған Олий Мажлис палаталарының, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігінің, тиісті министрліктер мен кеңселердің, мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сондай-ақ ұлттық және халықаралық сарапшылар қатысты.

Жиындағы басты мәселе  БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша аумақтық өкілдігінің бастамасымен жүргізілген зерттеу нәтижелерін таныстыруға және талқылауға аударылды.

Белгілі болғандай, Өзбекстан 2021 жылы БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын ратификациялаған. Сонымен қатар, Конвенцияның «Заң алдындағы теңдік» деп аталатын 12-бабына қатысты ескерту білдірген.

Аталған бап мүгедектігі бар адамдардың өмірдің барлық саласында өзге адамдармен тең дәрежеде құқық субъектісі ретінде танылуын, құқық қабілеттілігіне ие болуын, сондай-ақ өз құқық қабілеттілігін жүзеге асыру барысында қажетті қолдау мен көмекті алу мүмкіндігіне ие болуын қамтамасыз етеді.

Зерттеуде осы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасына енгізу мүмкіндіктері, қолданыстағы құқықтық және институционалдық механизмдерді жетілдіру қажеттілігі, сондай-ақ осы бағытта жүзеге асырылуы тиіс реформалар талданған.

Шараның ашылуында Өзбекстан Республикасы Адам құқықтары бойынша ұлттық орталығының директоры, академик Акмал Саидов, Өзбекстан мүгедектер қауымдастығының төрағасы Ойбек Исаков және БҰҰ Адам құқықтары бойынша Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша аумақтық бөлімінің Өзбекстандағы ұлттық бағдарламалар үйлестірушісі Ильдар Файзуллин сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел аясында ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасының өзекті қырлары, сондай-ақ халықаралық стандарттар негізінде оларды жетілдіру болашақтары бойынша баяндамалар тыңдалды.

Халықаралық сарапшы Янина Арсеньева (Эстония) түрлі мемлекеттердің озық тәжірибесін таныстырып, мүгедектігі бар адамдардың құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін қамтамасыз ету, шешім қабылдау кезінде қолдау көрсету механизмдерін дамыту, сондай-ақ ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.

Талқылау барысында мүгедектігі бар адамдардың өз бетінше шешім қабылдау мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың іс-әрекеттері мен қалауына құрметпен қарауға, сондай-ақ қажетті жағдайларда тиісті көмек көрсету механизмдерін тәжірибеге енгізуге ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша зерттеу нәтижелері негізінде әзірленген ұсыныстарды іске асыру, ұлттық заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдірудің алдағы кезеңдері бойынша пікір алмасылды.

Іс-шара барысында айтылған ұсыныстар мен ой пікірлер осы бағыттағы ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен бостандықтарын іс жүзінде қамтамасыз етуге және олардың қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етеді.

Өзбекстан Республикасы Адам құқықтары бойынша ұлттық орталығының баспасөз қызметі.