Әлемдік тәжірибеде автокөлік өндіретін компаниялардың басқа да салаларды дамытып, көпсалалы қызметпен айналысуы кең таралған.
Жызақ облысында автокөлік шығаратын «ADM Group» компаниясы да осы тәсіл негізінде қызмет аясын кеңейтіп отыр. Арал өңірінде интенсивті бау-бқша шаруашылығын дамыту соның жаңа бағыттарының біріне айналды.
Арал өңірінің қатаң климатында, сортаң топырақта бақ шаруашылығын дамыту тиімсіз деген пікір бар. Алайда 55 миллиард сум қаржы бағытталған бұл жоба мұндай түсінікті түбегейлі өзгертіп отыр.
Баудың жалпы аумағы 330 гектарды құрайды. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар үшін 100 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұған дейін тұрақты табыс көзі болмаған ауыл тұрғындары енді өз өңірінде еңбек етіп, отбасына нәпақа тауып отыр.
Қазір 69 гектар жерге АҚШ-та селекцияланған 250 мың түп қара өрік көшеті отырғызылған. Бұл сұрып сортаң жерге төзімділігімен ерекшеленеді. Отырғызылғаннан кейін небәрі екі жылда өнім бере бастайды. Бір түп ағаштан 50-60 келіге дейін өнім алуға болады. Жемісінің ірілігі және сүйегінің оңай ажыратылуы оны қайта өңдеуге өте қолайлы етеді.
Жерді тиімді пайдаланып, табысты арттыру мақсатында ағаштардың арасына өнімділігі жоғары қызанақ сұрпы да егілген. Әрбір гектардан орта есеппен 40-45 тонна өнім алуға болады.
Бақта қолданылған заманауи технологиялар су тапшылығы мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік берді. Мұнда жабық дренаж және тамшылатып суару жүйелері енгізілген. Дәстүрлі суару кезінде бір гектар жерге 12 мың литр су жұмсалса, жаңа жүйе арқылы бұл көрсеткіш небәрі 5 мың литрді құрайды. Нәтижесінде су 60 пайызға дейін үнемделеді.
Су тікелей ағаш тамырына жеткізіліп, ысырап болмайды. Сумен бірге берілетін минералды тыңайтқыштардың 90 пайызына дейін өсімдік бойына сіңеді. Ылғалдың бірқалыпты сақталуы өнімділікті арттырады. Жүйе толық автоматтандырылғандықтан, жүздеген гектар алқапты бір ғана оператор басқара алады.
Климаттың қолайсыздығына қарамастан, осындай заманауи бақтың құрылуы кәсіпкерлердің батылдығы мен жаңаша ойлай бастағанын көрсететіні атап өтілді.
Жемістерді осы жерде кептіріп, қайта өңдеуге арналған жабдықтардың орнатылуы өнімнің құнын бірнеше есе арттырып отырғаны айтылды.
Жоба аясында дайын өнімді өткізу бойынша да нақты жоспар бар. Өнімді экспорттау жөнінде Қытай, Корея және Ресеймен тиімді келісімдер жасалған.
Кегейлідегі бұл табысты тәжірибе бүкіл Қарақалпақстан бойынша кеңейтіледі. Интенсивті бақтардың аумағын 10 мың гектарға жеткізіп, 40 мың тұрақты және маусымдық жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Осы жерде Мемлекет басшысы фермерлермен әңгімелесті. Олар елде жүзеге асырылып жатқан реформаларды ерекше атап өтіп, Қарақалпақстанның дамуына көрсетіліп отырған тұрақты қолдау үшін алғыстарын білдірді.