Өзбекстанның Италиядағы елшілігінің мәліметінше, Халықаралық бидай конгресінің Халықаралық ұйымдастыру комитеті осы беделді форумды 2030 жылы Самарқант қаласында өткізілуі туралы шешімді ресми түрде растады.
Халықаралық бидай конгресі әлемдік ғылыми қауымдастықтың маңызды іс-шараларының бірі болып саналады. Онда жетекші мамандар, ғалымдар, мемлекеттік органдар мен сала өкілдері бидай селекциясы, генетикасы, геномикасы және агрономиясы салаларындағы соңғы жетістіктерді талқылайды.
Екі жылда бір рет өткізілетін бұл конференцияның соңғы іс-шараларына 800–900 жуық делегат қатысқан. Ал Самарқантта өтетін конгреске қатысушылар саны 1000 адамнан асады деп күтілуде.
Биыл мамыр айында Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен елдің Италиядағы елшілігі ұйымдастырушыларға VI Халықаралық бидай конгресін Самарқант қаласында өткізу бойынша ресми ұсыныс енгізген болатын. Бұл құқыққа Өзбекстанмен бірге Аргентина, Греция, Марокко, Непал, Франция, Түркия және Эфиопия сияқты елдер де үміткер болды.
Беделді конференцияны Самарқантта өткізу туралы ұсыныстың толық қолдау табуына бірнеше негізгі фактор әсер етті. Атап айтқанда, Өзбекстан мен Орталық Азия үшін бидай өсірудің стратегиялық маңызы, елімізде астық шаруашылығы саласындағы ғылыми зерттеулерге көрсетіліп отырған жоғары деңгейдегі назар, сондай-ақ халықаралық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін заманауи әрі сапалы инфрақұрылымның болуы маңызды рөл атқарды.