Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың маңызды тұсы – халықтың, әсіресе жастар мен бастамашыл азаматтардың озық идеяларын қолдау, оларды нақты жобаларға айналдыру үшін ашық әрі тиімді тетіктер құру.
Осыған орай Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 шілдедегі «еформаларды жүзеге асыруда перспективалы бастамаларды одан әрі қолдау жөніндегі қосымша шаралар туралы» жарлығына сәйкес «Келажак учун» перспективалы бастамалар форумын өткізу тәжірибесі жолға қойылған. Оның негізгі мақсаты – қоғам тарапынан ұсынылатын өзекті бастамаларды іріктеу, қолдау және өмір салтына енгізуден тұрады.
Форум аясында kelajakuchun.gov.uz краудплатформасы іске қосылды. Бұл платформа арқылы халық өз бастамаларын ашық түрде ұсынуға, оларды талқылауға және сараптамалық бағалаудан өткізуге мүмкіндік алды.
Биылғы форум үшін Ұйымдастыру комитеті кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, экология, су ресурстары және «жасыл» энергетиканы кеңейту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу, медицина мен білім сапасын арттыру, сондай-ақ сот-құқық жүйесін заманауи тәсілдер негізінде дамыту бағыттарын басымдық ретінде айқындады.
Форум жарияланғаннан кейін халықтан 1300-ден астам ұсыныс пен бастама келіп түсті. Алдымен олар Стратегиялық даму және реформалар агенттігі мен «Бизнесті дамыту банкі» тарапынан қаралып, белгіленген басым бағыттар бойынша жүйелендірілді.
Одан кейін бастамалар Менторлар кеңесі мүшелері мен салалық сарапшылардың қатысуымен талданып, олардың практикалық маңызы, енгізу мүмкіндігі, әлеуметтік-экономикалық тиімділігі және ауқымын кеңейту перспективалары тұрғысынан бағаланды. Нәтижесінде ең өзекті жобалар «ТОП-50» және «ТОП-10» тізімдеріне іріктелді.
Форумның алғашқы күні «ТОП-10» бастама авторларын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздарға сертификаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды.
Мемлекет басшысына ұсынылған жобалардың қатарында жол құрылысына пластик қалдықтарын пайдалану, инновациялық ауа тазарту құрылғысын жасау, шалғай аймақтарды мобильді құрылғы арқылы энергиямен қамтамасыз ету, жаяу жүргіншілер жолына автоматтандырылған ескерту жүйесін енгізу, ұлттық инженерлік платформаны құру сияқты бастамалар бар.
Таныстырылымда аталған идеялардың әрқайсысы нақты әлеуметтік немесе экономикалық мәселені шешуге бағытталғаны атап өтілді.
Жобалар тиісті бағыттар бойынша Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитетке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігіне, Цифрлық технологиялар министрлігіне, Әділет министрлігіне, Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, Көлік министрлігіне, Автомобиль жолдары комитетіне және басқа да жауапты мекемелерге бекітіледі.
Оларды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, әрбір бастаманың орындалуы жүйелі түрде бақыланады. «Бизнесті дамыту банкі» перспективалы жобаларды қаржыландыруға және олардың іске асырылуын тұрақты мониторингтеуге қатысады.
Мемлекет басшысы бастамалардың нақты нәтижесіне ерекше назар аударып, авторлармен бірлесіп жұмыс істей отырып, әр жобаны өміршең, экономикалық тиімді және халыққа пайда әкелетін шешімге айналдырудың маңыздылығын атап өтті.