Мемлекет басшысы ұлттық құраманың АҚШ, Мексика және Канада жасыл алаңдарында өтетін әлем чемпионатына жолдама алуы халқымыз үшін тарихи оқиға болғанын атап өтті.
Футбол жанкүйерлері бұл күнді 34 жыл күтті. Ұлттық құрама ойыншылары әрбір матчқа жоғары жауапкершілікпен, отансүйгіштік рухпен және жеңіске деген сеніммен шығып, еліміздің футбол тарихында жаңа парақ ашты.
Мемлекет басшысы футболшыларға, оларды тәрбиелеп өсірген ата-аналарына, ұстаздары мен бапкерлеріне алғыс білдірді.
– Футболшыларымызды Өзбекстан тарихында жаңа дәуір бастаған заман қаһармандары десек болады. Олар халқымызға өлшеусіз қуаныш сыйлады, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде ұлттық құраманың жетістігі тек спорт саласында ғана емес, бүкіл қоғам өмірінде зор рухани серпіліс туғызғаны атап өтілді. Бүгінде футболшылар жастар үшін нағыз үлгіге айналып, спортқа деген қызығушылық арта түсті. Әдебиет пен өнер өкілдері, кәсіпкерлер және қалың жұртшылық осы тарихи жеңістен шабыт алуда.
Кейінгі жылдары республикада спортты, әсіресе футболды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Өңірлерде 200-ден астам ірі спорт нысаны мен 4 мыңға жуық жекеменшік спорт клубы жұмысын бастады. 1,5 мыңнан астам махаллада спорт алаңдары салынды. Ташкент қаласында заманауи Олимпиада қалашығы бой көтеріп, Жоғары Шыршық ауданында Ұлттық футбол орталығы іске қосылды. Әрбір өңірде кәсіби футбол академиялары мен футбол мектептері ашылды.
Осының нәтижесінде әуесқой футболшылар саны 5 миллионға жетті. Футболмен тұрақты түрде айналысатындар саны 1 миллион 300 мыңнан асты, ал кәсіби футболшылар қатары 17 мың адамға жетті.
Мемлекет басшысы футболда ашық әрі әділ жүйе қалыптасып, жемқорлық пен тамыр-таныстық сияқты келеңсіз құбылыстардың жойылуы талантты жастардың үлкен спортқа жол ашқанын атап өтті.
Кездесуде футболды махаллаларға дейін кеңінен тарату, оны жастар тәрбиесінің, салауатты өмір салтының, тәртіп пен отансүйгіштіктің мектебіне айналдыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Осыған орай «Әрбір махалла – футбол алаңы» бағдарламасын іске қосу белгіленді. Бұл бастама жалпыхалықтық қозғалысқа айналмақ.
Бағдарлама аясында «Махалла лигасы» ұйымдастырылып, 12-17 жас аралығындағы ұл-қыздар арасында махалла футбол командалары жасақталады. Жыл сайын әуесқой футболшылардың қатысуымен «махалла – аудан – облыс – республика» кезеңдерінен тұратын жарыстар ұйымдастырылады.
Атап өтілгендей, «Махалла лигасы» кәсіби клубтар үшін үздік таланттарды іріктейтін маңызды алаңға айналады. Әрбір балаға өз махалласында футболмен айналысуға, жарыстарға қатысып, қабілетін көрсетуге мүмкіндік жасалады.
Кездесуде ұлттық құраманың бас бапкері Фабио Каннаваро жетекшілік ететін жаттықтырушылар штабының қызметі де ерекше атап өтілді.
Мемлекет басшысы Фабио Каннавароны әлемдік футболда мол тәжірибесі бар маман ретінде сипаттады. Ол 2006 жылы Италия құрамасының капитаны ретінде әлем чемпионы атанып, сол жылы әлемнің ең үздік футболшысы ретінде танылып, «Алтын доп» сыйлығын жеңіп алған.
Айтылғандай, жаттықтырушылар штабы футболшылардың дене дайындығы, тәртібі, тактикалық тәсілдері және әрбір детальға жауапкершілікпен қарау бағытында жаңа талаптар енгізуде. Команданың ойынында дұрыс позиция таңдау, жоғары прессинг, допты бақылау және жылдам қарсы шабуыл секілді заманауи футбол элементтері күшейіп келеді.
Президентіміз Фабио Каннавароны бапкер ретінде әлем чемпионатындағы алғашқы қатысуымен құттықтап, жаттықтырушылар штабына табыс тіледі.
Мемлекет басшысы әлем чемпионатында оңай ойын болмайтынын, ұлттық құраманың Португалия, Колумбия және Конго секілді мықты құрамаларға қарсы алаңға шығатынын атап өтті. Сонымен бірге футболшыларымыздың қазірдің өзінде тарих жасағаны, енді маңызды кездесулерде болатын қысымға бой алдырмай, бар күш-жігерімен Отан намысын лайықты қорғауы қажет екені айтылды.
Әлем чемпионаты матчтарында фан-клубтар, мыңдаған футбол жанкүйерлері мен Америкадағы отандастарымыз стадиондарда командамызға қолдау көрсетеді.
– Халқымыз сіздерге сенеді, Президент сіздерге сенеді. Барыңдар, ерлікпен ойнаңдар, Отан намысын абыроймен қорғаңдар, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу шынайы әрі көтеріңкі көңіл күйде өтті. Ұлттық құрамаға әлем чемпионатында табысты өнер көрсетіп, жаңа жеңістер мен сәттілік тілегі айтылды.