Ізгі дәстүрлерімізге сай, алдымен Имам Бұхари кешені зиярат етілді. Ұлы хадисші бабамыздың кесенесінде Құран бағышталып, дұға оқылды.

Белгілі болғандай, бұл қасиетті мекен Мемлекет басшысының бастамасымен Имам Бұхаридың ислам әлеміндегі жоғары мәртебесіне, ұлан-ғайыр рухани мұрасына лайық түрде қайта жаңғыртылған. Зияратшыларға жан-жақты қолайлы жағдай жасалған. Биыл Рамазан айт қарсаңында кешен қайта есігін айқара ашып, 60 мыңнан астам отандасымыз бен шетелдік қонақтар осы қасиетті жерде айт намазын оқыды.

Кең көлемді абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде Имам Бұхари кешенінің қабылдау мүмкіндігі едәуір артты. Бұрын күніне 12 мың адамға қызмет көрсетсе, бүгінде 65 мыңға дейін зияратшыны қабылдай алады.

Мәліметтерге сәйкес, кешен ашылғаннан кейін бір ай ішінде ұлы мұхаддис бабамыздың кесенесіне 1 миллионнан астам отандасымыз бен шетел азаматтары зиярат еткен.

Президентіміз кешенге келушілерге бұдан да қолайлы жағдай жасау, олардың құлшылықтарын еркін атқаруына және ұлы мұрамен жақынырақ танысуына барлық мүмкіндіктерді кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, автокөлікпен келушілер үшін тұрақ орындарын көбейту, зияратшылар серуендейтін аумақтарды көркейту, демалысқа қолайлы табиғи орта қалыптастыру, бұл жұмыстарды тұрақты түрде талдап отыру қажеттігі атап өтілді. Әр жарты жыл сайын кешендегі жағдайды зерделеп, қосымша шаралар белгілеу, еліміздің барлық өңірінен имам-хатибтерді шақырып, олардың біліктілігін арттыру да маңызды екені айтылды.

Мемлекет басшысы зиярат мәдениетін дамыту, қасиетті орындарды күтіп-баптау бағытында жүйелі жұмыс жүргізудің маңызын атап өтіп, мұндай рухани мекендерге деген құрмет жас ұрпақтың ұлттық болмысын тануы мен рухани тәрбиесінде ерекше рөл атқаратынын жеткізді.