Өзбекстанда жергілікті шикізат негізінде импорттың орнын басатын әрі экспортқа бағытталған өнім өндірісін кеңейтуге ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда республикада 47 керамикалық плита өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы олар 47,2 миллион шаршы метр өнім шығарып, ішкі сұранысты 128,6 пайызға қамтамасыз етті.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 16 желтоқсандағы Ферғана облысын әлеуметтік-экономикалық дамытуға қатысты шешіміне сәйкес, 2025 жылы Қувасай қаласында «Crown Ceramic» бірлескен кәсіпорны құрылған. Жылына 8 миллион шаршы метр керамогранит плитасын өндіруге арналған жоба 1 триллион сум көлемінде өнім шығарып, 665 миллиард сум қосылған құн қалыптастыруға және 35 миллион долларлық экспортты орындауға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында жергілікті шикізатты пайдалану деңгейі 97 пайызды құрайды. Оның негізгі бөлігі Қувасайдағы кен орындарынан, сондай-ақ Ташкент облысының Ангрен өңірінен жеткізіледі. Өндіріс барысында тәулігіне 600 тонна сұрыпталған тас, 100 тонна қызыл каолин және 100 тонна сұр каолин қолданылады.
Мұнда Орталық Азия мен Шығыс Еуропа нарығында сирек кездесетін ірі форматтағы экспортқа бағытталған керамогранит плиталары өндіріледі, өнімдер 6 түрлі өлшемде шығарылады.
Зауытта қарапайым тас шикізатынан жоғары қосылған құны бар өнім жасалып жатыр. Дала шпатын өндіру, каолин құрамындағы көмірді тазарту үдерістері жолға қойылған. Бұл сапалы керамогранит өндіруде маңызды рөл атқарады.
Өндіріс толық цифрландырылып, энергия үнемдейтін жабдықтар қолданылған. Экологиялық талаптарға да ерекше көңіл бөлінген: заманауи шаң жұтқыш құрылғылар орнатылған. Жаңбыр суы жиналып, өндірісте қайта пайдаланылады, ал пайдаланылған су тазартылып, тұйық цикл арқылы қайта айналымға жіберіледі.
Заманауи технологиялардың арқасында шикізатты дайындауда электр энергиясының шығыны 20 пайызға дейін қысқарған. Күндізгі уақытта табиғи жарық кеңінен пайдаланылады.
Бұл жерде өндірілетін керамикалық плиталар сапасы мен техникалық көрсеткіштері жағынан Италия, Испания және Қытай өнімдерімен бәсекеге түсе алады. Биылғы жылдың қаңтар–наурыз айларында кәсіпорын Қырғызстан мен Тәжікстан елдеріне 400 мың доллар көлемінде, яғни 80 мың шаршы метр өнім экспорттаған. Алдағы уақытта Қазақстан, Ресей және Еуропа елдерімен келісімшарт жасау жоспарланған.
Кәсіпорында импорттық глазурь өнімдерін жергіліктендіру бағытында да ғылыми-тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Құны 20 миллион доллар болатын, жылына 50 мың тонна глазурь өндіруге қабілетті жаңа жоба 2026 жылдың қыркүйегінде іске қосылады. Соның нәтижесінде тағы 100 жұмыс орны ашылып, қосымша 10 миллион долларлық экспорт жүзеге асырылып, глазурьге деген қажеттіліктің 85 пайызы кәсіпорынның өз мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі.
Мемлекет басшысы өндіріс және сақтау үдерістері, енгізілген технологиялар және экспорт жоспарларымен танысты. Мұндай бірлескен кәсіпорындардың жергілікті шикізатты терең өңдеу, жоғары қосылған құн қалыптастыру арқылы өңір экономикасын дамытудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.