Мемлекет басшысына алдымен әкімдік ғимаратында аудан мекемелерінің «бір терезе» қағидаты негізінде ұйымдастырылған жұмысы таныстырылды. Аудан әкімдігінен бөлек, ғимаратта тағы бес ұйым қызмет көрсетеді. Олар тұрғындар мен кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтің 30-дан астам түрін ұсынады.

Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігіне онлайн өтініш жолдауға арналған құрылғы тұрғындар үшін қолайлы мүмкіндік жасайды. Бұл жүйе арқылы өтініш берілген кезде кезекші инспектор бейнебайланыс арқылы өтініш иесімен тікелей байланысады. Өтініш автоматты түрде тіркеледі. Сонымен қатар азамат көрсетілген қызметтің нәтижесіне, инспектордың мәмілесі мен әрекетіне баға бере алады.

Мемлекет басшысы осындай «ақылды» құрылғыларды халық көп шоғырланатын орындарға, базарлар мен басқа да нысандарға кеңінен орнатуды тапсырды.

Әкімдікте ахуалдық орталық құрылған. Жасанды интеллект негізінде талдау жүргізіп, мәселелерді жедел анықтау және шешуге арналған «Ақылды аудан» платформасы іске қосылған. Орталықта 17 ақпараттық жүйе өзара біріктірілген, бұл тұрғындармен жұмысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Мұнда әлеуметтік және коммуналдық мәселелерге тұрақты мониторинг жүргізіліп, тұрғындардың өтініштерінің орындалуы бақылауға алынады. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде тиісті қызметтердің жұмысы жедел басқарылып, өзара үйлестіріледі.

Ахуалдық орталықты іске қосу аясында ауданның 46 махалласы бейнеконференция байланысы арқылы орталыққа қосылған. Сонымен қатар аудандағы 25 мектеп те осы орталықтың жүйесіне кезең-кезеңімен біріктірілуде.

Платформа құрамындағы «Қауіпсіз аудан» жүйесі құқық бұзушылықтарды бақылауға алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Кәсіпкерлік нысандардың цифрлық картасы жасанды интеллектінің талдауы негізінде салық түсімдерін болжауға және олардың толық жиналуын қамтамасыз етуге бағытталған. Ал «AI Davomat» жүйесі мектептердегі себепсіз сабаққа келмеу жағдайларын азайтып, кәмелетке толмағандар арасындағы бақылаусыздықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Мемлекет басшысы Ахуалдық орталықтың жұмысымен танысып, бұл жаңа жүйені Ташкент қаласының басқа аудандарында да енгізуді тапсырды. Осы жерде Ташкент қаласында білім беру жүйесін, құрылыс саласын цифрландыру, жасырын экономиканың көлемін қысқарту, салықтардың толық жиналуын арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды.