Бұл кезеңде есірткі мен есірткі қылмыстарына қарсы күреске, киберқылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ халықтың, әсіресе жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.

Ішкі істер министрі Азиз Ташпулатовтың төрағалығымен өткен жиында аталған іс-шараның жаңа кезеңіне дайындық барысы және алдыңғы кезеңнің қорытындылары талқыланды.

Алдыңғы кезеңде қылмыс саны 2 228-ге азайған

Ағымдағы жылдың 1 шілдесі мен 15 тамызы аралығында өткізілген іс-шараның екінші кезеңінің нәтижесінде алдын алуы қажет болған қылмыстар саны 2 228-ге азайған.

Атап айтқанда, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық, алаяқтық және бұзақылық сияқты қылмыс түрлерінің саны төмендеген.

Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлерінің бастамасымен анықталған қылмыстар көрсеткіші 792-ге артқан.

Жалпы 1,8 миллионға жуық доза есірткі заты анықталған

Іс-шара барысында «қара базардағы»  шамамен құны 221,7 миллиард сумды құрайтын 1,8 миллион доза есірткі заты анықталған.

Сондай-ақ 66 мың дана күшті әсер ететін дәрілік препарат пен 44 919 түп улы өсімдік тәркіленген. Үш заңсыз есірткі зертханасының қызметіне тосқауыл қойылған.

Мұндай шаралар, әсіресе, жастарды нашақорлық індетінен қорғауға және есірткі заттарының заңсыз таралуына қарсы күресуге бағытталған.

Киберқылмыстар салдарынан зардап шеккен 18 мыңнан астам азаматтың құқықтары тіктелген

Интернет арқылы жасалатын қылмыстарға да жиында ерекше мән берілді.

Мәліметтерге сәйкес, өткен кезеңде Өзбекстанның киберкеңістігін қорғау мақсатында 24 мыңнан астам жедел-техникалық және жедел-іздестіру іс-шаралары өткізілген.

Нәтижесінде ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалған 17 490 қылмыс әшкереленген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 251 пайызға жоғары.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 18 мыңнан астам азаматтың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделері тіктелген. Сондай-ақ оларға келтірілген 182 миллиард 176 миллион сум көлеміндегі материалдық шығынның қайтарылуы қамтамасыз етілген.

660 мыңнан астам азаматтың ақшасының ұрлануына жол берілмеген

Киберқылмыскерлер көбінесе азаматтардың банк карталары туралы мәліметтері мен растау кодтарын иемдену арқылы олардың ақшасын жымқыруға әрекет жасайды.

Ішкі істер органдары банк шоттарынан қаражатты заңсыз шешіп алуға бағытталған фишингтік сипаттағы 459 зиянды бағдарламаны анықтап, олардың жұмысына тосқауыл қойған.

Осының нәтижесінде соңғы 9 ай ішінде 660 мыңнан астам азаматтың электрондық құрылғылары мен ақша қаражатының ұрлануына жол берілмеген.

Сонымен қатар криптоактивтер айналымы саласындағы заңнама талаптарын бұзуға байланысты 3 929 қылмыс анықталған. Қылмыстық жолмен алынған 112,2 миллиард сумнан астам қаражатты криптоактивтер түрінде елден заңсыз шығарып әкетудің алды алынған.

Азаматтар қандай қауіпсіздік шараларын сақтауы қажет?

Ішкі істер органдары тұрғындарды интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады.

Атап айтқанда:

·       Банк картасының деректері мен SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу;

·       Белгісіз сілтемелер арқылы кірген сайттарға жеке мәліметтерді енгізбеу;

·       Интернет арқылы келетін күмәнді ұсыныстарға сенбеу;

·       Әлеуметтік желілердегі аккаунттар мен жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Қауіпсіз және салауатты ел» іс-шарасының үшінші кезеңінде құқық қорғау органдарының, жергілікті әкімдіктердің және басқа да ұйымдардың өзара ынтымақтастығы күшейтіледі.

Іс-шара аясында қылмыстың алдын алу, есірткіге қарсы күрес және халық арасында, әсіресе жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізіледі.