ДДСҰ-ның төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Люсиль Блумбергтің айтуынша, ұйым вирустың ұлттық және аумақтық таралу қаупі жоғары деп бағалауда. Алайда жаһандық қауіп деңгейі төмен күйінде қалып отыр және пандемия жариялауға негіз жоқ.

«Эбола вирусы ауа арқылы немесе кездейсоқ байланыс арқылы жұқпайды. Ол қанмен және дене сұйықтықтарымен тікелей байланыс кезінде таралады», – деді Люсиль Блумберг Женевада өткен баспасөз конференциясында.

ДДСҰ сарапшысы Анаис Леган вирус бірнеше ай бұрын тарала бастаған болуы мүмкін екенін айтты.

«Қазіргі таңда ең маңыздысы – жұқтыру тізбегін үзу, науқастарды оқшаулау және барлық күдікті әрі расталған жағдайларға медициналық көмек көрсету», – деді ол.

ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Конго Демократиялық Республикасы мен басқа мемлекеттерде Эбола вирусын жұқтыру бойынша шамамен 600 күмәнді жағдай тіркелгенін, 139 адамның қайтыс болғанын мәлімдеді. Қайтыс болғандардың арасында медицина қызметкерлері де бар.

Ұйым мәліметінше, зертханаларда бірнеше ондаған жағдай расталған. Бірақ науқастардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Сонымен қатар, Конгода Эбола жұқтырған америкалық дәрігер Германияға эвакуацияланып, Берлиндегі Charité клиникасына жеткізілді. Германия билігінің мәліметінше, АҚШ әкімшілігі көмек сұраған.

Науқас арнайы оқшаулау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Берлин билігі тұрғындар үшін ешқандай қауіп жоқ екенін атап өтті.

Бұған дейін ДДСҰ Конго Демократиялық Республикасы мен Угандада аурудың сирек кездесетін «Бундибугио» штаммының таралуына байланысты ескерту деңгейін көтерген болатын. Ұйым жағдайды «халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай» деп атады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта вирустың бұл түріне қарсы вакцина немесе арнайы емдеу әдісі жоқ. Қолданыстағы вакциналар Эболаның бұрынғы штаммдарына қарсы әзірленген.

Эбола вирусы көп жағдайда өлімге алып келеді. Бұған дейінгі індеттер кезінде науқастардың 25%-дан 90%-ға дейінгі бөлігі қайтыс болған, деп хабарлайды Kazinform.

Ауру белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бұлшықет ауруы, диарея, ішкі қан кету және ағзалардың қызметінің бұзылуы жатады.

Жаңа вирус туралы алғаш рет 15 мамырда Конгоның солтүстік-шығысындағы Итури провинциясының билігі хабарлаған. Бұл аймақ жиі қарулы қақтығыстар болатын өңір саналады.

ДДСҰ мәліметіне сәйкес, Конгомен шекаралас он мемлекет, әсіресе Уганда мен Оңтүстік Судан, жоғары қауіп аймағында тұр. Ұйым бұл елдерді Эбола жағдайларын ерте анықтауға және шұғыл медициналық көмекті күшейтуге шақырды.