ОРТАЛЫҚ АЗИЯ – ЖАҢА ДӘУІР ТАБАЛДЫРЫҒЫНДА

    Орталық Азия өз дамуының жаңа, тарихи маңызы зор кезеңіне аяқ басты. Бүгінде біз шынайы бірігу дәуіріне қадам басып келеміз. Біздің аймақта көп жылдардан кейін алғаш рет өзара сенімге, тату көршілікке және құрметке негізделген орта қалыптасып отыр.

    Бұл – өздігінен пайда болған құбылыс емес, қайта ортақ тағдыр мен бірлесіп даму әлеуетін терең ұғынған мемлекеттеріміз басшыларының мақсатты іс-әрекеттері мен саяси жігерінің нәтижесі. Сонымен қатар, бұл үдерістің өзара сенім рухында барған сайын белсенді сипат алып бара жатқаны Орталық Азия халықтарының қолдауымен аймақтық ынтымақтастықтың кең ауқымды қажеттілікке айналғанын дәлелдейді.

    Бүгінде елдеріміз деңгейінде ынтымақтастығымызды аймақтық жақындасудың жаңа сатысына көтеру үшін барлық жағдай жасалғанын көріп отырмыз. Алдымызда тұрған стратегиялық міндет қол жеткізілген келісімдерді азаматтар мен бизнестің нақты игілігіне айналдыру. Орталық Азиядағы шешімдер тек құжат күйінде қалмай, аймақ елдерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін және халықтың күнделікті өмірін жақсартуға бағытталған, мүмкіндіктері ортақ кеңістікке айналуы тиіс.

    Қысқа мерзім ішінде аймақтық ынтымақтастық пен сенімді диалогтың тиімді тетігіне айналған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері – аймақтағы оң өзгерістердің айқын көрінісі. Бұл кездесулер Орталық Азияның қазіргі дамуы мен болашағына қатысты стратегиялық мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар қалыптастырудың негізгі алаңына айналды.

    Алдағы Ташкент саммиті тұрақты, өзара байланысты және гүлденген Орталық Азияны бірлесе құру жолындағы жаңа маңызды кезеңнің бастауы болмақ.

    Мемлекет басшыларының Ташкенттегі кездесуі басталған жолдың заңды жалғасы ретінде елдеріміздің өзара түсіністік пен серіктестік рухына адалдығын дәлелдеуі, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуде бетбұрыс кезеңге айналуы қажет.

    Әлемдік тәртіптің кең ауқымда өзгеруі, жаһандық экономиканы бөлшектеуге бағытталған қауіптер, климаттың өзгеруі, азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікке байланысты мәселелердің шиеленісуі – күш-жігерімізді біріктіруге деген ұмтылысымызды арттырды.

    Мұның бәрі Орталық Азия мемлекеттерінен бұрынғыдан да тығыз және үйлесімді әрекет етуді талап етеді. Сондықтан бүгінгі күні ынтымақтастығымызды нығайту жай ғана саяси мақсат емес, стратегиялық қажеттілікке айналды. Орталық Азия бүгінде тұрақтылық пен жасампаздық өңіріне, ал аймақалық өзара байланыс – тұрақты даму мен қауіпсіздіктің берік іргетасына айналғанының жарқын үлгісі болып отыр.

    Консультативті кездесулер форматының 2017 жылы енгізілуі өңірлік ынтымақтастық тарихында түбегейлі бетбұрыс жасады. Аймақ елдерінің басшылары көп жылдан кейін алғаш рет сыртқы араағайынсыз жүйелі және тұрақты диалог орнатты. Бұл – өзара сенімге, ашықтыққа және ортақ мүдделерді түсінуге негізделген жаңа саяси ойлау мәдениетінің символына айналды. Дәл осы Консультативті кездесулер шеңберіндегі диалог арқасында бұрынғы келіспеушіліктердің біразы жойылып, сенімсіздіктен шынайы ынтымақтастыққа өтуге қол жеткізілді.

    Аймақтық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіндегі ең ірі жетістіктердің бірі – шекара мәселелерінің түпкілікті шешілуі. Бұрын мүмкін емес көрінген бұл мәселенің шешімі бүгінде нақты шындыққа айналды. Бір кезде бізді бөліп тұрған шекаралар енді достық пен серіктестік көпіріне айналды. 2025 жылғы наурыз айында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан арасында үш мемлекеттің шекаралары түйісетін нүкте туралы Шарт пен Ходжент декларациясына қол қойылуы тарихи маңызы бар оқиға болды. Мұны шын мәнінде ғаламдық деңгейдегі маңызды оқиға деп атауға болады.

    Аймақ елдерінің тәуелсіз даму тарихында алғаш рет барлық шекаралар құқықтық тұрғыда толық рәсімделіп, ондаған жылдар бойы шиеленіс көзі болып келген мәселеге нүкте қойылды.

    Осы жылдың қазан айында өткен Ферғана бейбітшілік форумы – елдеріміздің Ферғана аңғарында бейбітшілік пен татулықты нығайтуға деген өзара ұмтылысының нақты дәлелі әрі Орталық Азиядағы жасампаздық үдерістерінің көрінісі болды.

    Бұрын келіспеушілік пен шиеленіс тудырып келген су-энергетика саласында да түбегейлі оң өзгерістер байқалып отыр. Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан арасындағы Қамбар-Ата ГЭС-1 жобасын бірлесе жүзеге асыру жөніндегі келісім аймақтың су-энергетикалық ресурстарын бірлесе пайдалану ісінде жаңа бетбұрыс жасап, бауырластық ынтымақтастықтың айқын дәлелі болды.

    Ташкент пен Бішкек арасындағы Чашме бұлағын бірлесе пайдалану туралы келісім – ақылға қонымды ымыраның жарқын үлгісі.

    Өзбекстан мен Тәжікстанның қатысуымен Зарафшан өзенінде Яван және Фондария ГЭС-терін салу жөніндегі ынтымақтастық ілгерілеп келеді, сондай-ақ Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан арасында «Бахри Тожик» су қоймасын вегетациялық кезеңде келісілген тәртіпте пайдалану туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

    Түрікменстанмен үкіметаралық келісім аясында Әмудария су ресурстарын ұтымды пайдалану жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл су ресурстарын бірлесе басқаруды жақсартып, экологиялық қатерлердің алдын алуға мүмкіндік береді.

    Мұның бәрі сенімге, өзара мүдделілікке және ортақ ресурстарға әділ қарауға негізделген жаңа ынтымақтастық рухын қалыптастыруда. Мұндай жобалар халықтың экономикалық белсенділігін қолдап, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

    Сонымен қатар, шекаралық рәсімдер мен гуманитарлық байланыстар саласында да елеулі өзгерістер орын алуда. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарының ID-карта арқылы шекарадан өтуі адамдардың еркін қозғалыс кеңістігін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды. Қазақстан және Тәжікстанмен де осындай келісімдер әзірленіп жатыр. Өңірлер арасындағы байланыстар кеңейіп, шекара маңындағы сауда көлемі артып, гуманитарлық және мәдени ынтымақтастық нығайып келеді.

    Ынтымақтастықты институционал тұрғыда бекіту бағытындағы қадамдар да ерекше маңызға ие. Бұл ретте 2023 жылы Душанбе қаласында өткен бесінші Консультативті кездесуді атап өткен жөн.

    Аталған кездесуде Мемлекет басшыларының келісімдерін әзірлеу және іске асырудың тұрақты тетігі ретінде Ұлттық үйлестірушілер кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Бұл тетіктің іске қосылуы Консультативті кездесулер форматына жүйелілік беріп, бірлесіп алға тартылған бастамаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, парламентаралық диалог пен Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде тұрақты кездесулер жолға қойылды.

    2022 жылы өткен Шолпан-Ата кездесуінің қорытындысы бойынша егемен теңдік, өзара қолдау және өңір болашағы үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарын бекіткен ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылуы шарттық-құқықтық базаны одан әрі нығайтуға қызмет етті. 2025 жылы Тәжікстанның бұл құжатқа қосылуы өңірлік бірлікті күшейту жолындағы маңызды қадам болды. Біз бұл шешімді құптаймыз және алдағы уақытта өзара сенім, тату көршілік пен стратегиялық әріптестік рухын түпкілікті бекітетін осы шарттың өңірдің барлық мемлекеттері тарапынан қол қойылуын күтеміз.

    2022 жылы Мемлекет басшылары Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақты форматтар аясындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын да бекітті. Онда аймақ елдерінің халықаралық платформаларда, соның ішінде «Орталық Азия плюс» форматтарында өзара үйлесімді қимыл ету бағыттары айқындалды.

    2024 жылы Астана саммитінде қабылданған «Орталық Азия — 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы маңызды бағдарламалық құжатқа айналды. Онда аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мемлекеттеріміздің дамуына бағытталған ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді басым бағыттары бекітілді.

    Осылайша, көпқырлы өзара ықпалдастықтың архитектурасын қалыптастыра отырып, даму үшін зор әлеует көздерін аштық.

    Мемлекеттердің бірлескен күш-жігерінің арқасында өңірде жаңа экономикалық шынайылық қалыптасып келеді. Кейінгі сегіз жылда Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімі шамамен екі жарым есеге өсіп, 520 миллиард долларға, ал сыртқы сауда көлемі екі еседен артып, 253 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, аймақ елдері арасындағы өзара сауда көлемі екі есе өсіп, шамамен 11 миллиард долларға, ал өзара инвестициялар 5,6 есеге артты. Бір ғана Өзбекстанның аймақ елдерімен тауар айналымының өзі 2016 жылғы 2,4 миллиард доллардан 2024 жылы 7,2 миллиард долларға жетіп, бірлескен кәсіпорындар саны 1800-ден асты.

    Өнеркәсіп саласында Орталық Азия тұрақты түрде жыл сайын шамамен 6 пайыздық өсім көрсетуде, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Мұндай жетістік өндірістік кооперацияның жаңа түрлерін енгізумен – бірлескен инвестициялық қорлар (соның ішінде Өзбекстан–Қырғызстан, Өзбекстан–Тәжікстан және Қазақстан–Қырғызстан) ұйымдастыру, сондай-ақ автомобиль жасау, электротехника, тоқыма өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларды жүзеге асырумен тығыз байланысты. Аймақ елдері тарапынан мақұлданған 2025–2027 жылдарға арналған өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі Іс-қимыл жоспары ынтымақтастықтың маңызды құралына айналуда. Шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал ететін шекара маңы сауда аймақтары мен халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталықтары белсенді дамып келеді.

    Гуманитарлық салада да соңғы жылдары байланыстар нығая түсті. Орталық Азияның жетекші әйелдері диалогы мен Жастар платформасы құрылды, 2022 жылдан бастап ректорлар мен ғалымдар форумдары өткізіліп келеді, өзара мәдениет жылдары, көрмелер, концерттер мен спорттық іс-шаралар дәстүрге айналды.

    Ең бастысы бауырлас халықтарымыз болып жатқан барлық оң өзгерістерді өздерінің күнделікті өмірінде нақты сезініп отыр. Жаңа өткізу пункттерінің ашылуы, әуе, теміржол және автобус қатынауларының жолға қойылуы өзара сапарларды бірнеше есе арттырып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді. Аймақ елдерінің жалпы туристік ағымында ішкі өңіраралық туризмнің үлесі 80 пайыздан асты.

    Жақын күндерге дейін арман болған еркін жүріп-тұру, өзара құрмет, жақындық пен сенім сезімі бүгінде өмір шындығына айналды.

    Біртіндеп Орталық Азияның жаңа өңірлік болмысы қалыптасуда. Бұл айырмашылықтарымызды мойындау, сонымен қатар халықтарымыздың ортақ тарихын, ортақ мәдениетін және тағдырларымыздың өзара байланысын терең түсінуге негізделген құбылыс. Қазір көршілік — қауіп емес, мүмкіндік, ал бір тараптың жетістігі — баршаның ортақ жеңісі деген түсінік қалыптасты.

    Осындай өзара сенім, түсіністік және ортақ келешек рухы қазіргі таңда аймақтық тұтастықты нығайту мен өзара байланысты, тұрақты және гүлденген Орталық Азияны бірлесе құруға бағытталған Орталық Азия үдерісінің ең басты тірегі болып отыр.


    Айта кету керек, Орталық Азияның әрбір мемлекеті өз күш-жігерін экономиканы дамытуға, өзара сенімді нығайтуға және өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге бағыттап, өңірдің тұрақтылығы мен өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді.

    Қазақстан көлік дәліздерін белсенді дамытып, шекара бекеттерін жаңғыртуда, сауда кедергілерін жоюда және мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруда. Қырғызстан мен Тәжікстан мұздықтардың еруіне байланысты мәселелерде ынтымақтаса әрекет етіп, энергетикалық жүйелерді жаңғырту және көлік байланысын кеңейту жобаларын іске асыруда. Түркіменстан бейбітшілік пен сенімді нығайту, өңірдің көлік-транзит әлеуетін арттыру және БҰҰ-ның Арал өңірі мен климаттық технологиялар жөніндегі бағдарламаларын ілгерілету бағытында маңызды бастамалар көтеріп отыр.

    Біздің нақты іс-әрекеттеріміз, болашақ алдындағы жауапкершілігіміз, тату көршілік, достық және өзара тиімділік қағидаттарына адалдығымыз мынаны дәлелдеп тұр: Жаңа Орталық Азия бейбітшілік, тұрақты даму және жасампаз серіктестік жолын таңдады. Рәміздік тұрғыдан айтқанда, біз қабырға емес, көпір салып жатырмыз.

    Аймақтық бірігу жолындағы жетістіктердің арқасында бүгінде Орталық Азия халықаралық қатынастардың өз мүдделерін айқын ұстанатын және даму бағытын нақты белгілей алатын тәуелсіз әрі жауапты қатысушысына айналды.

    «Орталық Азия плюс» ынтымақтастық форматтары аймақтың халықаралық құқық субъектісі ретіндегі беделінің артып келе жатқанын, сондай-ақ тұрақтылық пен дамудың маңызды орталығы ретіндегі рөлін мойындаудың айғағы болды.

    Бұрын сыртқы әріптестер ынтымақтастықты көбіне екіжақты деңгейде жүргізсе, бүгінде әлемнің жетекші елдері мен ұйымдары Орталық Азиямен қатынастарды бірыңғай өңірлік серіктес ретінде дамытып отыр.

    Бұл үрдіс аймақтың басқа серіктестермен байланысын жаңа деңгейге көтереді: егер Орталық Азия халықаралық қатынастарда біртұтас субъект ретінде диалог орнатса, оның дауысы биігірек әрі сенімдірек естіледі, ұстанымымыз күшті болады, инвестиция тарту және басқа елдермен барлық бағыттағы ынтымақтастықты нығайту міндеттерін әлдеқайда тиімді шеше аламыз.

    Әлемге ашықтығымыз, ниетіміздің айқындығы және диалогқа бейімділігіміз халықаралық аренада Орталық Азияны жаңа қырынан қабылдауға негіз болды.

    Қазіргі таңда Орталық Азияны әлемнің жетекші елдері мен бірлестіктерімен байланыстыратын оннан астам «Орталық Азия плюс» форматтары жұмыс істеп тұр. Биылдың өзінде «Орталық Азия — Еуропалық одақ», «Орталық Азия — Қытай», «Орталық Азия — Ресей» және «Орталық Азия — АҚШ» саммиттерінің өтуі өңірдің жаһандық саясаттағы маңызы мен стратегиялық рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.

    «Орталық Азия плюс» форматындағы жаңа диалогтардың Мемлекет басшылары деңгейіне көтерілуі олардың іс жүзіндегі маңыздылығы мен саяси салмағының артқанының дәлелі. Бірқатар форматтарда энергетика, көлік, «жасыл экономика» және цифрландыру салаларында нақты жобалар әзірлеу үшін жұмыс топтары мен хатшылықтар құрылып жатыр.

    Ауғанстанмен байланысты мәселелерді шешейінше, аймақтық тұрақтылықты нығайту мүмкін емес. Бұл ел аймақтың шеткі бөлігі емес, табиғи құрамдас бөлігі. Бүкіл Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың беріктігі көп жағдайда Ауғанстанның қалпына келтірілуі мен дамуына байланысты.


    Ауған халқы әлі де терең гуманитарлық дағдарыс жағдайында өмір сүріп отыр. Осыған байланысты өңір елдері Ауғанстанды өңірлік және халықаралық үдерістерге жүйелі түрде тарту қажет деп санайды. Бұл елдің дамуына және кең аймақта тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді.

    Орталық және Оңтүстік Азияны жалғайтын Трансауған теміржолын салу ерекше маңызға ие. Бұл жоба жүзеге асқанда, сауда, инвестиция және көлік байланыстарын кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады, сондай-ақ Ауғанстанның экономикалық қалпына келуіне берік негіз қалайды.

    Сонымен қатар, ауған халқына гуманитарлық және білім беру саласында көмек көрсету, энергетикалық ынтымақтастықты дамыту, экономиканың маңызды салаларына мамандар даярлау жұмыстары жалғасып келеді.

    Ауғанстан жалпы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, ынтымақтастық пен өркендеудің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл бүкіл аймақ елдерінің мүдделеріне сай келеді және Орталық Азияның оңтүстік шекараларында тұрақтылық белдеуін қалыптастыруға қызмет етеді.

    Жоғарыда айтылғандай, бүгінде Орталық Азия өзінің қарқынды дамуының жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Біз екіжақты мәселелерді шешуден климаттың өзгеруі, энергетикалық өтпелі кезең, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды дамыту сияқты аймақтың өзекті сын-қатерлеріне бірлесе жауап іздеуге көштік. Елдеріміздің алдында ортақ жауапкершілік пен өзара сенімге, болашағымыз туралы ортақ түсінікке негізделген ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері ашылуда.

    Осыған байланысты Орталық Азияның алдағы онжылдықтарда қалай дамитыны жөніндегі маңызды сауалға біз бірлесіп жауап табуымыз қажет.

    Орталық Азия халқы 80 миллионнан асты, ал БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 миллионнан асып түседі. Сондай-ақ, Орталық Азия әлемдегі ең жас өңірлердің бірі, мұндағы халықтың орташа жасы небәрі 29-да.

    Алдымызда тұрған басты міндет — осы демографиялық әлеуетті дамудың және инновацияның қуатты тетігіне айналдыру, жастарымыздың дарыны мен мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жағдай жасау.

    Сонымен бірге, елдеріміз арасындағы ынтымақтастық егемендік, тең құқықтылық және ішкі істерге араласпау қағидаттарына негізделуі тиіс деген ұстанымның маңызын атап өту қажет. Ешкім аймақ елдеріне жат үлгілерді таңуға немесе ұлттық құрылымдардан жоғары тұратын институттар құруға ұмтылмауы керек.

    Орталық Азиядағы ынтымақтастық ерікті, прагматикалық сипатта қалып, елдеріміз халықтарына нақты пайда әкелетін нәтижелерге бағытталуы тиіс.

    Қазіргі кезеңде біздің алдымызда аса маңызды мәселелер тұр, аймақтың тұрақтылығы мен даму қарқыны олардың шешілуіне байланысты.

    Бірінші, аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастырып, бар тетіктерді нығайтып, оларды тұрақты және нақты мазмұнмен толықтыру қажет. Аймақтық тиімді институттарсыз ынтымақтастықты жүйелі дамыту және қабылданған ортақ шешімдерді сапалы орындау мүмкін емес.

    Екінші, қауіпсіздік саласындағы мақсатымыз — қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың ортақ әлеуетін қалыптастыру. Бұл ретте Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының, арнайы қызметтер мен қорғаныс және құқық қорғау органдары басшыларының тұрақты кездесулерін жалғастыру қажет. «Қауіпсіздіктің бөлінбестігі» қағидаты негізгі тірек болып қалуы тиіс. Аймақтық ынтымақтастық қолданыстағы халықаралық тетіктермен өзара байланысты болуы және тұрақтылықты нығайту мен кең ауқымды қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету жөніндегі әлеуетін арттыруы қажет.

    Үшінші, экономикалық салада аймақтық сауданы дамыту, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету және өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Өндірістік кооперацияны жандандыру, аймақтық және өңіраралық жеткізу тізбектерін құру, шекара маңы сауда аймақтарын дамыту, көлік және экономикалық дәліздер желісін кеңейту, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика салаларында бірлескен жобаларды ілгерілету қажет.

    Экологиялық ынтымақтастыққа ерекше назар аудару керек — климаттың өзгеруіне бейімделу, трансшекаралық су ресурстарын және биологиялық әртүрлілікті сақтау, «жасыл» энергетика мен төмен көміртекті технологияларға көшу бойынша бірлескен күш-жігер қажет.

    Орталық Азия орнықты экологиялық даму өңірі және қоршаған ортаға жауапты көзқарастың үлгісі бола алады және болуға тиіс.

    Төртінші, гуманитарлық ынтымақтастық басты бағыттың бірі болып қала береді. Адам капиталының дамуы, білім беру, ғылым және мәдени байланыстарды нығайту орталық міндеттердің бірі. Біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастыру, білім мен денсаулық сақтау сапасын арттыру, әлеуметтік саланы, соның ішінде туризм мен жастарға арналған бірлескен бағдарламаларды дамыту — мұның барлығы халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға қызмет етеді. Ортақ құндылықтар мен мәдени жақындыққа және өркендеуге бірлесе ұмтылуға негізделген өңірлік бірегейлікті қалыптастыру айрықша маңызға ие.

    Бесінші, Орталық Азия елдерінің сыртқы саясаттағы келісілген ұстанымдарын әзірлеу маңызды бағыттардың бірі.

    Геосаяси тұрақсыздық барған сайын артып, әлемдік күш орталықтары арасындағы бәсеке күшейіп келе жатқан жағдайда аймақ мемлекеттерінің халықаралық аренадағы ұстанымдарын үйлестіру тұрақтылық пен ортақ мүдделерді қорғаудың басты факторы болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, негізгі әріптестермен прагматикалық қатынастар орнатуда тиімділігін дәлелдеген «Орталық Азия плюс» форматтарын одан әрі дамыту қажет.

    Қазіргі кезеңде «Орталық Азия плюс» форматтары мен басқа да халықаралық диалог алаңдарында өңірлік үйлесімділікті дамыту, сыртқы серіктестермен ынтымақтастық мәселелері бойынша ортақ басымдықтар мен ұстанымдарды қалыптастыру стратегиялық міндетке айналуда. Тек осылай ғана біз әлемнің алпауыт елдермен және халықаралық бірлестіктермен ынтымақтастығымызды мемлекеттеріміз бен бүкіл аймақтың экономикалық және технологиялық дамуына, тұрақтылығына қызмет ететін нақты жобалар негізінде байыта аламыз.

    Өзбекстан үшін өңірлік ынтымақтастықты дамыту тактикалық таңдау емес, Орталық Азияның болашағы үшін ортақ жауапкершілікті терең сезінуден туындайтын саналы стратегиялық шешім.

    Сеніміміз кәміл, жаһандық белгісіздік дәуірінде тату көршілік, бірлік пен өзара қолдау — Орталық Азияның басты байлығы. Аймақ елдері жеке шеше алмайтын ортақ қауіпсіздік пен даму міндеттерін бірлесе әрекет ету арқылы сәтті еңсере алады. Сенім мен серіктестікті нығайту өз болашағын ортақ мекеніміз — Орталық Азияның бейбітшілігі, тұрақтылығы және өркендеуімен байланыстырған миллиондаған адамның мүддесіне сай келеді.

    Бүгін біз мықты, тұрақты және гүлденген аймақ — Жаңа Орталық Азияның берік іргетасын қалаудамыз.


    Аймақта болып жатқан өзгерістер — саналы және артқа қайтпайтын таңдау. Бұл жол бізден тек бірлескен күш-жігерді ғана емес, ортақ болашағымыз үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алуға дайын болуды да талап етеді.

    Біз күш пен мүмкіндіктерімізді біріктіре отырып, ортақ міндеттерді шешіп келеміз және халықаралық қоғамдастыққа уақыт пен өмір сынағынан өткен бейбіт әрі жасампаз ынтымақтастықтың сенімге, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген үлгісін ұсынып отырмыз. Бүгін осы тарихи серпінді сақтап қалу бұрынғыдан да маңызды — өйткені ол Орталық Азияны байтақ мекенімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар мен халықтар үшін біртұтас бейбітшілік, өркендеу және даму кеңістігіне айналдырады.

    Шавкат МИРЗИЁЕВ,

    Өзбекстан Республикасының Президенті


    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates