Жиында, еліміз халқы 38 миллионнан асқаны, кейінгі тоғыз жылда халықтың табысы екі есеге артқаны айтылды. Халықтың тұрмысын жеңілдету, оларды алаңдатқан мәселелерге шешім табу мақсатында министрлер мен әкімдердің махалла деңгейінде жұмыс істейтін жүйесі қалыптастырылды. Биыл да махаллалардағы инфрақұрылым мен халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға 56 триллион сум бөлініп отыр.
Мемлекет басшысы осындай мүмкіндіктер бола тұра, халық көтеріп отырған мәселелер барлық жерде дер кезінде шешімін таппай жатқанын атап өтті.
– Бұдан тоғыз жыл бұрын Халық қабылдаулары құрылған кезде одан бір ғана мақсат көзделген еді: мемлекеттік органдарды халыққа жақындату. Рас, Халық қабылдаулары өз уақытында тиімді жұмыс істеді. Алайда бұл мекемені де бүгінгі күннің талабына сай өзгерту уақыты келді, – деді Президент.
Жиында бұдан былай «Әрбір адам мен әрбір отбасының мәселесін біліп, дер кезінде көмек көрсетуім керек» деген ұстаным барлық деңгейдегі басшылар қызметінің басты қағидасына айналуы тиіс екені атап өтілді.
Мемлекет басшысы халық өтініштерімен жұмыс істеудің қазіргі жағдайын талдады.
Республикадағы әр он мың тұрғынға орта есеппен 319 арыз бен шағымнан тура келеді. Алайда бұл көрсеткіш Ташкент қаласында – 535, Науаи облысында – 462, Сырдария мен Сұрхандарияда – 452, Жызақта – 430, Қашқадарияда – 368, ал Ташкент облысында – 350-ге тең.
«Дехқонобод», «Миробод» аудандарында, сондай-ақ Науаи, Ахангаран және Янгиер қалаларында әр он мың тұрғынға шаққандағы өтініштер саны басқа өңірлерге қарағанда екі есе жоғары екені айтылды.
Сонымен қатар республика бойынша өтініштер саны 16 пайызға азайғанымен, «Қоровулбазар», «Нурата», «Канимех», «Тупроққала» аудандарында және Наманган қаласында бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға дейін өскені атап өтілді. Бірқатар аудан мен қалаларда әкімдер мен жауапты тұлғалардың көшпелі және жеке қабылдауларды өткізуде үстірт көзқарасы сақталып отырғаны сынға алынды.
Өткен жылы Халық қабылдауларына әкімдердің өзі басшылық етуі белгіленген болатын. Қарақалпақстан, Әндіжан, Қашқадария, Хорезм және Сырдария облыстарында басшылардың бұл іске тікелей араласуының нәтижесінде өтініштер саны 25–30 пайызға азайып, халық көтерген мәселелердің 60–70 пайызы оң шешімін тапқаны атап өтілді.
Алайда басқа өңірлерде бұл бағытта айтарлықтай өзгеріс байқалмай отырғаны айтылды. Мысалы, Ташкент қаласындағы 170 мың және Ташкент облысындағы 110 мың өтініштің жартысынан көбі әлі шешімін таппаған. Сұрхандария, Самарқанд және Ташкент қаласында қайталанған өтініштер көбейген.
Сондай-ақ Халық қабылдауларына түскен өтініштер дер кезінде шешілмей, тек әлеуметтік желілерде үлкен резонанс туындағаннан кейін ғана шара қолданылуы мемлекеттік органдарға деген халық сеніміне кері әсер етіп отырғаны атап өтілді.
Жиында халықтан ең көп түсетін өтініштер жіберілетін салалар мен оларға жауапты мекемелердің қызметі талқыланды. Олардың қатарында ішкі істер, мәжбүрлі орындау бюросы, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, энергетика, инфрақұрылым және басқа да бағыттар бар.
Мысалы, өткен жылы алимент мәселесіне байланысты 70 мың өтініш түскен. Мәжбүрлі орындау бюросы арыз түскен кезде өндіріп алу шараларын қолданғанымен, алимент төлеушінің ресми табысы болмағандықтан өтініштердің 30 пайызы шешілмей қалып отыр.
Осыған байланысты алимент төлеушілердің қаншасы мамандығы бола тұра жұмыссыз жүргені, қаншасын оқыту қажет екені талданбай отырғаны айтылды. Сондықтан жұмыспен қамту бөлімдері және «махалла жетілігімен» тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізу маңызды екені атап өтілді.
Ұйымдасқан еңбек көші-қоны негізінде азаматтарды оқытып, шетелдегі жоғары табысты жұмыс орындарына жіберу жүйесі қалыптасқан. Алайда алимент міндеттемесі бар азаматтар бұл мүмкіндікті пайдалана алмайды. Осыған байланысты алимент төлеушілердің де шетелде еңбек етіп табыс табуына мүмкіндік беру үшін, алимент алушының құқықтары толық қорғалған жағдайда екі тарапқа да тиімді әділ механизм әзірлеу жөнінде ұсыныс енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар ішкі істер органдарының құзыретіндегі мәселелер бойынша, әсіресе қызметкерлердің дөрекі қарым-қатынасы мен тергеу сапасына қатысты шағымдар түсіп жатқаны айтылды. Осыған байланысты ең көп шағым түсетін өңірлерде профилактика инспекторлары мен тергеушілердің кәсіби деңгейі мен қызметтік мәдениетін арттыру, ішкі істер органдарын халыққа жақын әрі кәсіби құрылымға айналдыру жұмыстары күшейтілуі тиіс екені атап өтілді.
Энергетика, жол және су инфрақұрылымына қатысты 2025 жылы 109 мыңнан астам өтініш жолданған. Әсіресе «Асака», «Шахрихан», «Избаскан», «Пастдарғам», «Шурчи», «Денов», «Ғузар», «Қамаши», «Дехқонабад», «Шараф Рашидов» аудандарында, сондай-ақ Самарқанд, Наманган, Термез, Қаршы және Әндіжан қалаларында инфрақұрылымға байланысты өтініштер көбейген.
Биыл бұл мәселелерді шешуге 20 триллион сум бөлінгені айтылды. Егер әкімдер бұл қаражатты ең алдымен шағымдар ең көп түсетін махаллаларға бағыттаса, халықтың ризашылығы да артып, өтініштер саны да азаятыны атап өтілді.
«Бастамалы бюджет» бағдарламасы махалла тұрғындарының тұрмысын жеңілдетуде үлкен нәтиже беріп отырғаны да мойындалды. Алайда инфрақұрылым мәселесіне қатысты 25 мың өтініш түскен 2 мың махалла бұл бағдарламаға бірде-бір рет жоба ұсынбағаны айтылды. Сондықтан жауапты тұлғаларға Халық қабылдауларына түскен өтініштерді талдап, мұндай махаллаларға жоба дайындауға көмектесу тапсырылды.
Сонымен қатар бірқатар министрліктер мен ведомстволар өтініштерге нақты шешім ұсынудың орнына үстірт жауаппен шектеліп отырғаны сынға алынды. Атап айтқанда, Өзбекстанның Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі өтініштердің 64 пайызына, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын бақылау инспекциясы 61 пайызына, ал Көлік министрлігі 58 пайызына іс жүзінде шешім бермеген.
Жалпы айтқанда, аталған кемшіліктер басқа да министрліктер мен ведомстволарға, сондай-ақ әкімдіктерге де қатысты екені атап өтіліп, олар өтініштермен жұмысты терең талдау және жоғары жауапкершілік негізінде ұйымдастыруы тиіс екені көрсетілді.
Мемлекет басшысы өтініштермен жұмыс істеу жүйесін өзгерту уақыты келгенін атап өтіп, әкімдіктерге, министрліктер мен ведомстволарға тек көтерілген мәселені шешумен шектеліп қалмай, оның туындау себептерін жан-жақты зерттеу, өтініштердің пайда болуына әсер ететін факторларды анықтап, оларды азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Осыған байланысты Халық қабылдаулары тек өтініш қабылдайтын мекеме ғана емес, салалар мен өңірлердегі мәселелерге жауапты органдардың назарын аударып, олармен бірге талдау жасап, шешім ұсынатын орталыққа айналдырылатын болады.
Президент жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін Қаршы қаласының мысалында түсіндіріп берді. Атап айтқанда, алимент төлеушілерді жұмыспен қамту, жалақының кешіктіріліп төленуінің алдын алу, басқарушы сервистік компаниялардың қызметі, мемлекеттік орган қызметкерлеріне қатысты шағымдар, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жәрдемақы тағайындау сияқты мәселелер бойынша нысаналы жұмыс жүргізудің жолдары көрсетіліп, оған жауапты тұлғалар тағайындалды.
Әрбір түскен арыз бен шағымды терең талдап, жауапты тұлғалар арасында бөліп, бірінші жартыжылдықта Қаршы қаласын өтініштермен жұмыс істеу бойынша үлгілі өңірге айналдыру тапсырылды. Бұл үдерісте облыс әкімі, оның орынбасарлары және өңірдегі ұйым басшылары белсенді қолдау көрсетуі тиіс екені айтылды.
Жалпы алғанда, барлық өңірлер мен 208 аудан және қала әкімдеріне Қаршы қаласының тәжірибесі негізінде тиімді жүйе қалыптастырып, халықтың тұрмысындағы қиындықтарды жеңілдету міндеті жүктелді. Бұл бағыттағы жұмыс жоспарлары ай сайын жергілікті Халық депутаттары кеңестерінде бекітіліп, тұрғындарға жеткізіліп отырады.
Жиында Халық қабылдаулары қызметін одан әрі күшейту бойынша қосымша шаралар да белгіленді.
Президент Әкімшілігіне әкімдермен бірлесіп, Халық қабылдауларына мәселелердің мәнін түсінетін заманауи кадрларды тарту, сондай-ақ өтініштерді жүйелі түрде талдайтын арнайы бақылау тобын құру тапсырылды.
Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар департаменті ай сайын Халық қабылдауларына келіп түскен өтініштерді талдап, қорытынды жасап, министрлер мен әкімдерге жеткізіп, олардың орындалуын бақылап отырады. Сонымен бірге халықтың көңіл күйіне әсер ететін мәселелер бойынша басшылардың есебін тыңдап, ең өзекті бағыттар бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізеді.
Үкімет жанынан министрліктер мен ведомстволардың жетекші қызметкерлерінен тұратын жедел штаб құрылады. Көтерілген мәселелер өңірлер мен салалар бойынша тікелей барған орында шешілетін болады.
Сондай-ақ Халық қабылдауларына түскен өтініштерді қарау тәртібін бұзған мекемелерге міндетті нұсқама беру құқығы енгізіледі. Өтініштермен жұмыс істеу бойынша мемлекеттік органдардың рейтингі жасалып, әр алты ай сайын жарияланып отырады.
Өтініштермен жұмыс барысында «махалла жетілігінің» жауапкершілігі де едәуір күшейтіледі. Президенттің Виртуалды қабылдауы жүйесінде әрбір махалла үшін жеке кабинет ашылып, оны жастар жетекшісі мен махалла төрағасы жүргізеді. Олар келіп түскен өтініштердің себептерін зерттеп, күнделікті ақпаратты әкімдерге ұсынып отырады.
Сонымен қатар өтініштерді негізсіз төменгі құрылымдарға жолдаған ұйым басшыларына қатаң шаралар қолданылады. Өтініштер туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік те күшейтіледі.
Мемлекет басшысы тағы бір маңызды мәселеге тоқталды. Мемлекеттік саясат пен реформалардың негізгі бағыттарын айқындауда, министрліктер мен ведомстволарда дұрыс шешім қабылдауда, жалпы халықтың көңіл күйін және оны алаңдатқан мәселелерді білу үшін өтініштермен қатар әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері де маңызды дереккөз екені атап өтілді.
Осыған байланысты мұндай зерттеулердің ауқымы мен сапасын арттыру қажеттігі айтылды. Енді бір реттік әлеуметтік сауалнамалармен шектелмей, қай жерде халық сенімі артып, қай жерде төмендеп жатқанын, қандай шешімдер әділ, қайсысы адамдарға пайда әкелмейтінін анықтау үшін тұрақты мониторинг пен талдау жүргізілетін болады.
Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар департаменті мен Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты өңірлер мен салалар басшыларының рейтингісін жасау әдістемесін әзірлеп, талдаулар негізінде рейтинг қалыптастырып, оны тұрақты түрде Президентке ұсынып отырады.
Жиында орындаушылық тәртіп мәселелері де қаралды. Әрбір берілген тапсырманың нақты орындалу барысын күн сайын бақылау, жауапкершілікті сезінбеген, салғырттыққа жол берген басшылар туралы объективті ақпарат ұсыну міндеті жүктелді.
Жиын барысында өңірлер мен жауапты мекемелер басшыларының баяндамалары тыңдалды.