Елімізде ауыл шаруашылығында тек өнім өсірумен шектелмей, жоғары қосылған құн қалыптастыру, қайта өңдеу және экспорт көлемін арттыруға ерекше назар аударылып келеді. Осы мақсатта «Uzagrostar xolding» компаниясы құрылып, оның бастамасымен 21 ауданда мамандандырылған аграрлық кешендер іске қосылды.
Саладағы негізгі мәселелердің бірі өндірістік тізбектің үйлесімсіздігі болуы еді. Диқандар өнім өсіргенімен, оны сақтау, сұрыптау, қаптау және сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі шектеулі болатын. Мамандандырылған агрокешендер осы олқылықтың орнын толтырып отыр.
Солардың бірі – «Қува Агростар» кәсіпорны. Қува ауданында орналасқан бұл кешен жылына 12 түрлі 5 мың тонна өнімді өсіруден бастап, сақтау, қайта өңдеу, қаптау және экспортқа дейінгі барлық үдерісті біртұтас жүйеге біріктірген.
Кәсіпорында Италия, Испания, Германия және Қытайдан әкелінген заманауи технологиялар қолданылады. Сондай-ақ «Global GAP», «ISO 22000», «Halal» және «HACCP» сияқты халықаралық сертификаттардың болуы өнім сапасына деген сенімді арттыра түсуде.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы алғаш рет Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты талапшыл нарықтарға әуе көлігі арқылы өнім экспортталды. Биыл 25 миллион доллар көлемінде өнімді сыртқы нарыққа шығару жоспарланып отыр.
Аудандағы 33 махалладан 3 мың үй шаруашылығы және 1 мың фермерлік қожалықпен кооперация байланыстары, тұрғындарға 10 сотық жерден 250 миллион сумға дейін табыс табу тәжірибесін үйрету жолға қойылған.
Сондай-ақ осы жерде тұрғындарға үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану және махаллаларды мамандандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар таныстырылды.
Үй қожалығындағы ауладан тек қосымша табыс көзі деп емес, отбасылық кәсіпкерліктің тиімді бағытына айналуы тиіс екені атап өтілді. Осы тұрғыда халыққа тұқым таңдау, агротехникалық шараларды дұрыс жүргізу, сапалы өнім алу, оны нарық талаптарына сай дайындау және экспорт стандарттарына сәйкес қаптау бойынша нақты дағдыларды үйрету қажеттігі айтылды.
Мемлекет басшысы «Қува Агростар» жетістіктерін жоғары бағалап, жерді тиімді пайдалану, өнімді терең өңдеу және экспортқа бағыттау арқылы жоғары қосылған құн қалыптастырудың, ең бастысы, диқандар мен үй шаруашылықтарының табысын едәуір арттырудың маңызын атап өтті. Осыған орай Ферғана облысында 50 мың гектар жерде тәжірибе ретінде озық агротехнологияларға негізделген ауыл шаруашылығы жүйесі енгізілетіні белгілі болды.