Бүгінде әлемде жасанды интеллект технологиялары экономика, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және өзге де маңызды бағыттардың басты құралдарының біріне айналды. Жасанды интеллект технологиялары мемлекеттік басқаруда тиімділікті арттыруға, ресурстарды үнемді пайдалануға, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға қызмет етеді.
Кейінгі жылдары Өзбекстанда да бұл салада жүйелі реформалар жүргізіліп, ел жасанды интеллектті қолдану бойынша халықаралық рейтингте 17 сатыға көтерілді. Қазіргі таңда Өзбекстан 188 мемлекеттің ішінде 70-орында, ал Орталық Азияда бірінші орында тұр.
Мемлекет басшысы атап өткеніндей, бұл нәтижелер саладағы алғашқы қадамдардың жемісі ғана, алда әлі көп жұмыстар күтіп тұр. Осы мақсатта өткен жылы 2030 жылға дейінгі Жасанды интеллектті дамыту стратегиясы қабылданып, Цифрлық технологиялар министрлігі жанынан арнайы орталық құрылды.
Таныстырылымда саланы дамытудың басым бағыттары қаралды.
Экономика мен әлеуметтік салаларда жасанды интеллект жобаларын іске асыру үшін 50 млн доллар бөлініп, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, экология және қаржы секторын қамтитын 86 жоба әзірленді. Сондай-ақ жасанды интеллектті қолдану үшін қажетті есептеу қуатын қамтамасыз ету мақсатында «суперкомпьютер кластерін» құру жұмыстары жүріп жатыр.
– Жасанды интеллектті жылдам дамыту үшін үнемі үздік, тәжірибеде өзін ақтаған шетелдік және отандық үлгілерді зерттеп, енгізіп отыру керек. Ол үшін салада жемісті еңбек етіп жүрген отандастарымызбен, шетелдік сарапшылармен және жеке сектор өкілдерімен тығыз ынтымақтастық орнату қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Тұсаукесерде жасанды интеллект саласында заманауи есептеу қуаттарын республиканың өзінде қалыптастыру, деректер орталықтарын салу және бұл бағытқа инвестиция құюшы кәсіпкерлер үшін қолайлы орта жасау қажеттігі де айтылды.
Осы салада кадрлар дайындауды жеделдету мақсатында көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. «Бір миллион жасанды интеллект көшбасшылары» ұлттық бағдарламасы аясында жастар үшін aistudy.uz және omp.aistudy.uz платформалары іске қосылды. Онда жасанды интеллект бойынша 5 тегін онлайн оқу курсы жолға қойылған. Бағдарлама шеңберінде 2027 жылға дейін 1 миллион жас жасанды интеллект саласында білім мен дағдыға ие болады.
Жастардың болашағы зор жобаларын анықтап, қолдау көрсету үшін барлық өңірлерде Жасанды интеллект хакатондары ұйымдастырылады. Осы күндері Нөкіс қаласында денсаулық сақтау саласы бойынша «HealthTech AI Hackathon» байқауы табысты өтті. Бұл тәжірибені кеңейтіп, білім беру, сот жүйесі, су шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарында да өткізу қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы ұсынылған шараларды қолдап, оларды жасанды интеллектті енгізуді одан әрі жеделдету, озық тәжірибені іс жүзінде қолдану, саладағы кадрлар әлеуетін арттыру бағытында жетілдіру және кеңейту жөнінде тапсырмалар берді.









