Алдымен Мемлекет басшысы еліміз жастары әзірлеген жасанды интеллект жобалары мен стартаптарының тұсаукесерімен танысты.
Дарынды жастармен әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы ақпараттық технологиялар саласының стратегиялық маңызына, оның елдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі шешуші рөліне айрықша тоқталды. Таныстырылған түрлі бағыттағы инновациялық бағдарламалар Өзбекстанда қалыптасып келе жатқан заманауи цифрлық экожүйенің және жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесі екені атап өтілді.
Сонымен қатар Президент стартаптар мен технологиялық бастамаларды қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу, әзірлемелерді ұлттық деңгейде тәжірибеге енгізу және оларды халықаралық нарыққа шығару маңызды екенін айтты. Бұл бағытта нақты тапсырмалар белгіледі.
Мемлекет басшысы форумның ашылуында сөйлеген сөзінде барлық қатысушыларды шынайы құттықтады.
XXI ғасырда ақпараттық технологиялар мен цифрландыру әрбір мемлекеттің өркендеуінің басты өлшеміне айналып отыр.
Жасанды интеллект енді тек жекелеген салалар үшін ғана емес, бүкіл экономикаға, мемлекеттік басқаруға және күнделікті өмір салтымызға терең еніп келе жатқан фундаменталды фактор, өмірлік қажеттілікке айналып келеді.
– Бірінші және Екінші Ренессанс дәуірінде ұлы атаққа ие болған ғұлама ғалымдар Мұхаммед әл-Хорезми, Әбу Райхан Бируни, Мырза Ұлықбек алгоритм, математика және логика ғылымдарының дамуына зор үлес қосып, бүгінгі жасанды интеллекттің қалыптасуына негіз салған десек, мүлде артық айтқандық болмайды, – деді Президентіміз.
Осы баға жетпес мұраның лайықты мұрагерлері ретінде ең озық, заманауи технологияларға ашық болып, оларды дамуымыздың қуатты тірегіне айналдыруымыз қажет екені атап өтілді.
Жасанды интеллект трансформациясын жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің ең үздік тәжірибесі негізінде Ұлттық стратегия қабылданып, белсенді түрде іске асырыла бастады.
Нәтижесінде елдің жалпы ішкі өніміндегі цифрлық экономиканың үлесі екі есеге өсті. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бағытында шамамен 2 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды.
Өзбекстанда IT қызметтерінің экспорты кейінгі жылдармен салыстырғанда 4,5 есеге артып, 1 миллиард долларға жуықтағаны да осы саладағы реформалардың нақты нәтижесі екенін көрсетеді.
Сондай-ақ таяуда алғаш рет ағылшын құқығына негізделген арнайы режимде жұмыс істейтін Халықаралық цифрлық технологиялар орталығы құрылды.
АT саласы бойынша білім беретін жоғары оқу орындарының саны 3 есеге өсіп, 145-ке жетті, ал студенттер саны 80 мыңға артты.
Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлесіп 2019 жылы басталған «Бір миллион бағдарламашы» жобасы аясында екі миллионнан астам жастар білімін және дағдыларын жетілдірді. «Эл-юрт умиди» қоры арқылы осы бағытта 100-ге жуық жас әлемнің ең беделді университеттерінде білім алып жатыр.
– Біз сенеміз: олар ертең Отанымызға оралып, жасанды интеллекттің ең соңғы жетістіктерін білім беру жүйесіне, экономикаға және мемлекеттік басқаруға енгізуде жетекші күшке айналады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізу, мұғалімдерді қайта даярлау, мектептер мен жоғары оқу орындарында сала бойынша сауаттылықты арттыру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.
Жасанды интеллект технологиялары салалар тиімділігіне, әсіресе тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға жаңа серпін және мазмұн беруде.
Атап айтқанда, цифрлық диагностика жүйелерінің енгізілуі нәтижесінде 50 мыңнан астам науқасқа жасанды интеллект көмегімен дәл диагноз қойылды. Бұл дәрігерлердің жүктемесін едәуір азайтып, медициналық қызмет көрсету уақытын 5–7 есеге қысқартты.
Тағы бір мысал. Қарақалпақстанда өткен жалпыұлттық «Денсаулық марафоны» аясында 45–65 жас аралығындағы әйелдерге шамамен 4 мың маммография тексеруі жүргізілді.
Алғашқы тексеру бейнелері 70 пайызы отандық мамандар әзірлеген жасанды интеллект платформасы арқылы талданып, олардың 98 пайызы дәрігерлер тарапынан расталды. Диагноз қою уақыты бірнеше күннен екі сағатқа дейін қысқарды.
АT саласындағы инновациялық экожүйе де айтарлықтай ілгеріледі. Соңғы жылдары стартаптар саны он есеге өсіп, жалпы алғанда 300 миллион доллар инвестиция тартылды.
Форумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы халықаралық ұйымдарды және әлемнің жетекші компанияларын елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.
Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, алдағы бес жылда жасанды интеллект технологиялары Өзбекстан экономикасында кемінде 10 млрд доллар көлемінде қосымша құн қалыптастыруы мүмкін.
Мұндай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық қажетті негіз бен мүмкіндік бар екені атап өтілді. 2030 жылға қарай тек АT қызметтері экспортының өзін 5 млрд долларға жеткізу, салада білім алатын миллиондаған жасқа жоғары табысты жұмыс орындарын қалыптастыру сынды ауқымды міндеттер айқындалған.
Елімізде жасанды интеллект экожүйесін барлық бағыттарда енгізу мақсатын көздей отырып, келесі жылы АҚШ-тың «Nvidia» компаниясымен бірлескен ірі суперкомпьютерлік кластер іске қосылады.
– Басты мақсатымыз – Өзбекстанды заманауи технологияларды тек тұтынушы ғана емес, оларды жасайтын, экспорттайтын және жаһандық деңгейде бәсекелесе алатын елге айналдыру. Ұлттық өнімдерімізді халықаралық нарыққа шығаруға қолдау көрсету үшін АҚШ-тың Кремний алқабында Ұлттық трансфер кеңсесін ашып, жастарымыз бен стартап негізін қалаушыларын жетекші компаниялар мен инвесторлармен тікелей байланыстыруға жол ашамыз, – деді Президент.
Ендігі жерде жастарымыз мектептен тыс уақытта да жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын үйренетін болады. Ол үшін еліміздің барлық өңірлеріндегі «Болашақ орталықтарында» арнайы жасанды интеллект оқу бағдарламасы енгізіледі.
Мектептер арасында жыл сайын жасанды интеллект бағытындағы үздік стартап идеялары бойынша республикалық байқау өткізу жүйесі жолға қойылады.
Республиканың 14 өңіріндегі жеңімпаз мектептерде ең заманауи жасанды интеллект зертханалары ашылып, жобаларды коммерцияландыру үшін жетекші компаниялармен ынтымақтастық орнатылады.
Саланы дамытатын дарынды жас мамандарды анықтап, оларды қосымша қолдау мақсатында «Жасанды интеллект бойынша Президент байқауы» ұйымдастырылады.
Әр жылы шалғай ауданнан бастап республикалық деңгейге дейін 100 ең дарынды жас іріктелетін болады. Олар АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропаның озық технологиялық компанияларында тағылымдамадан өтеді. Кейін бұл тәжірибе жоғары оқу орындары үшін де енгізіледі.
Аталған мақсаттарды жүзеге асыруға 100 миллион доллар бөлініп, бұл қаражат ауқымды жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ететіні айтылды.
– Бүгін біз Біріккен Араб Әмірліктерімен бірлескен «Бір миллион бағдарламашы» жобасының заңды жалғасы ретінде «5 миллион жасанды интеллект көшбасшылары» жобасын бастаймыз. Бұл – қарапайым бағдарлама емес, жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер әлемі, – деді Мемлекет басшысы.
Жоба аясында 2030 жылға қарай 4 млн 750 мың мектеп оқушысы мен студент, 150 мың мұғалім және 100 мың мемлекеттік қызметкер жасанды интеллект бойынша оқытылатын болады. Жасанды интеллект мектеп, кәсіптік және жоғары білім жүйелеріне толық енгізіледі.
– «5 миллион жасанды интеллект көшбасшылары» бағдарламасы алдағы кезеңде экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып, еліміздің қарқынды дамуына серпін беретініне сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қатарға күн сайын қосылып келе жатқан білімді әрі батыл жастар – Жаңа Өзбекстанның алтын ұрпағы, мақтанышы. Жуырда интеллектуалдық әлеуеті жоғары ұландарымыздың бірі – Жавохир Синдоров Үндістанда өткен шахматтан Әлем кубогында топ жарып, өзбек жастарының дарындылығын тағы да күллі әлемге айқын көрсетті.
Жуырда Мемлекет басшысының жарлығымен Жавохир Синдоровқа «Өзбекстан Республикасының еңбегі сіңген спортшысы» құрметті атағы берілген болатын.
Форум барысында Президентіміз осы жоғары марапатты Жавохир Синдоровқа салтанатты түрде табыстады.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектті кеңінен насихаттау, елге үздік мамандар мен сарапшыларды тарту, талантты жастардың салаға қызығушылығын арттыру мақсатында жыл сайын қараша айын «Жастар үшін жасанды интеллект айы» деп жариялап, оның аясында «Жібек жолы жасанды интеллект форумы» өткізіліп тұруын ұсынды.
Шара соңында Өзбекстанда «Бес миллион жасанды интеллект көшбасшылары» жобасының ресми түрде басталғаны жарияланды.







