Кейінгі жылдары бұл өңірде инфрақұрылым қарқынды дамып, жылдың төрт мезгілінде де қызықты саяхат жасауға қолайлы жағдайлар жасалды. «Амирсай», «Шынаркент», «Шарбақ қақпасы» секілді ірі кешендер, заманауи қонақ үйлер, демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары іске қосылды.
Енді осы қатарға «Шамган» халықаралық жалпымаусымдық курорты қосылмақ. Францияның «MND» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бұл жоба үшін 1 мың 278 гектар жер бөлінген.
Жоба аясында қонақ үйлер мен теңіз деңгейінен 3 мың 300 метр биіктікке дейін созылатын аспалы жол салу жоспарланған. Бұл толық маусымдық туризмді қамтамасыз етеді. Қыста шаңғы мен сноубордқа, өзге мезгілдерде тауда серуендеуге және түрлі ойын-сауық демалысына мүмкіндік туады.
Мемлекет басшысы мұндағы қонақ үй, мейрамхана және сауда кешендерін аралап көрді.
Атап айтқанда, 6 қабатты заманауи қонақүй 320 туристі қабылдай алады. Мұнда жылына орта есеппен 45 мың қонаққа қызмет көрсетіледі деп жоспарланған. Ең бастысы, мұнда «Wyndham» брендімен бірлескен кәсіби басқару жолға қойылуда. Бұл тек қызмет сапасын арттырып қана қоймай, еліміздің туризм саласының халықаралық беделін көтеруде де маңызды қадам саналады. Қонақ үйді қараша айында іске қосу көзделген.
Өңірдегі тағы бір жоба аясында 7 және 5 қабатты апарт-отельдер, 7 қабатты қонақ үй және 2 қабатты мейрамхана салынды. Бұл нысандарда да қызмет сапасы халықаралық стандарттарға сай жолға қойылады. Жылына орта есеппен 54 мыңнан астам туристі қабылдау жоспарланған. Кешенде 100-ден астам адам жұмыс істейтін болады.
Қазіргі таңда 6 шале құрылысы жалғасуда.
Мемлекет басшысы жаңа кешендер салу мен қызмет көрсетуде озық тәжірибелерді қолдану, қызметкерлердің біліктілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Өңірдің мүмкіндіктерін туризм платформаларында кеңінен таныстырып, отандық және шетелдік туристерді белсенді тарту жөнінде тапсырмалар берілді.
Мұнда 300 автокөлікке арналған тұрақ та бар. Оның бірінші қабатында мейрамхана, балалар алаңы және сауда кешені ұйымдастырылған. Бұл туристерге тек жайлылық қана емес, қосымша қызметтердің барлығын бір жерден ұсыну мүмкіндігін береді.
Жалпы, «Шамган» жалпымаусымдық курортының арқасында қызмет көрсету саласында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халық үшін тұрақты табыс көзі қалыптасады. Туристерге заманауи қызмет түрлері ұсынылып, елімізге келушілер саны айтарлықтай артады.
Бостандықта туризм басқа салалармен үйлесімді дамып, бүкіл өңірдің экономикалық бейнесін өзгертуде. Сауда мен қызмет түрлері, көлік қозғалысы көбейіп келеді. Сол себепті жалпымаусымдық курорт жобасы аясында автожолда туннель де салынды.
Бұл нысан құрамына ұзындығы 1450 метр болатын негізгі жол бөлігі, 2 көпір және жаяу жүргіншілер өткелдері кіреді. Ол өңірдегі тау курорттарына апаратын басты жолды қысқартып, көлік қозғалысын жеңілдетеді және қауіпсіздігін арттырады. Туннель арқылы сағатына 500-ден астам көлік қауіпсіз әрі ыңғайлы жүре алады.
Жолдардың қолайлылығы өңірдің туризм әлеуетін толық іске қосудың және экономиканы дамытудың маңызды факторы екені атап өтілді. Сонымен қатар табиғатты таза сақтау, демалушылардың экологиялық мәдениетін арттырудың маңызына да назар аударылды.
Мұндай жобалар туристерге қолайлылық жасаумен қатар, еліміздің инвестициялық және мәдени тартымдылығын арттырады. Бүгінде Бостандық табиғи сұлулығымен, заманауи кешендері және жоғары қызмет мәдениетімен осындай ірі орталыққа айналып келеді.












