Өзбекстан Республикасы Президентінің 2024 жыл 10 шілдедегі «Бюджет қаражаттарын пайдалануды қаржылық бақылауды күшейту жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, Есеп палатасының жұмыс тәсілі өзгеріп, оның өкілеттіктері кеңейтілді. Енді дәстүрлі тексерістер орнына қаржылық, сәйкестік, тиімділік және стратегиялық аудит жүйесі енгізілді.
Бұдан былай палата тек бақылаушы ғана емес, бюджеттік тәртіпті сақтауға көмектесетін серіктес орган ретінде де жұмыс істейді. Сондықтан негізгі назар қаржылық тәртіп бұзушылықтарының алдын алуға және олардың себептерін талдауға бағытталуда.
Мысалы, биылғы алғашқы алты айда жүргізілген аудит нәтижесінде 5,6 трлн сум тиімсіз бюджет шығындары қысқартылып, бюджетке қосымша 5 трлн сум түсім мүмкіндігі анықталған.
Өзбекстан экономикасы тұрақты өсіп келеді. Бұл өз кезегінде қаржылық бақылау көлемін және жұмыс ауқымын арттырады. Мұны тиімді қамту үшін цифрландыру жолы таңдалды. Осы мақсатта «Қашықтан аудит» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Қазіргі күнге дейін бұл жүйе арқылы 4 трлн сум көлеміндегі кемшіліктер жойылды.
Таныстырылымда енді жүйеге жасанды интеллект енгізу және кемшіліктерге себеп болып отырған факторларды жою міндеті жүктелді.
Өткен жылы 12 министрлікте қаржылық бақылау бойынша құрылған ситуациялық орталықтардың нәтижесі талдана отырып, бұл жүйені биыл тағы 10 министрлік пен ведомстволарға кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдарда ішкі аудит пен ішкі бақылау жүйелерін жетілдіру, Есеп палатасымен ақпарат алмасуды күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Президент Жарлығына сәйкес, мемлекеттік аудит халықаралық стандарттар деңгейіне көтеріліп жатыр. Есеп палатасының қызметкерлері бір жыл бойы халықаралық аудиторлармен бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Соның нәтижесінде сыртқы қарыз есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар халықаралық талаптарға сай аудиттен өтуде. Мұндай аудитті жобалардың бастапқы кезеңінен бастау қажеттігі атап өтілді.
Биыл 16 маусымда реформалар нәтижесін бағалау бойынша өткен видеоселектор жиынында Есеп палатасына «Халықтық бақылау» платформасын барлық өңірлерде іске қосу тапсырылған еді. Тұсаукесерде осы бағытта басталған жұмыстар мен қажетті шаралар туралы ақпарат берілді.
Аталған жүйе арқылы құрылыс, инфрақұрылым, коммуналдық қызмет, энергиямен жабдықтау, көлік, жол, экология сияқты салалардағы мәселелер туралы хабарлар қабылданады. Бұл мәселелерді шешу үшін порталға барлық министрліктер, ведомстволар және әкімдіктер қосылады.
Қазіргі кезде бұл бағдарламаны жасанды интеллект негізінде жетілдіру, тік бақылау жүйесін енгізу және колл-орталықтар құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысы жауапты басшыларға атқарушы тәртіпті нығайту, бюджет қаражатын мақсатты пайдалану және үнемділікті қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.