Елді абаттандыру мен халық денсаулығында маңызды орын алатын бұл салаға заманауи тәсілдер енгізіліп жатыр. Кейінгі үш жылда барлық көздерден 2 трлн сумаға жуық қаржы бағытталды. Өткен жылы Қалдықтарды басқару және циркулярлық экономиканы дамыту агенттігі құрылды.
Қалдықтарды жинау кәсіпорындарына 1200 жаңа техника берілді, махаллаларда қалдық алаңдары салынды. Жинау мен тасымалдау жүйесі жақсарғанының нәтижесінде бұл сала қайталама шикізат көзіне айналды.
Бұрын мемлекет монополиясында болған бұл салада кәсіпкерлікке жол ашылып, қолайлы бизнес ортасы құрылды. Мысалы, санитарлық тазалау және қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындары үшін пайда салығы мен әлеуметтік салық мөлшерлемесі 1 пайыз болып белгіленді. Шетелден әкелінетін техника мен жабдықтар кеден бажынан босатылды. Соның арқасында 200-ге жуық санитарлық тазалау және 290 қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорны ашылды.
Таныстырылымда жауапты басшылар саладағы жобалардың барысы және алдағы жоспарлар жөнінде ақпарат берді.
Жыл сайын елімізде 14 млн тонна тұрмыстық қалдық пайда болатыны, бірақ қайта өңдеу деңгейінің төмен екені айтылды. Соңғы жылдардағы жобалар нәтижесінде бұл көрсеткіш 5 пайызға жетті.
Қалдықтарды жағу арқылы энергия өндіру жобалары қолдау тауып отыр. Қытайлық инвесторлар алты облыста осындай зауыттар салып жатыр. Мемлекет қалдықтарды утильдеуге төлем жасап қана қоймай, өндірілген энергияны сатып алу міндетін де өзіне алады.
Жақында Ташкент қаласында медициналық қалдықтарды жағып, жылу өндіретін екі кәсіпорын іске қосылды. Бұдан бөлек, Самарқандта - 2, басқа өңірлерде бір-бірден зауыт салу жоспарланған.
Тұрмыстық қалдықтардың төрттен бірі қағаз, пластик, резеңке, шыны, тоқыма қалдықтарынан тұрады. Оларды қайта өңдеу арқылы 1 трлн сумдық өнім алуға болатыны айтылды. Сонымен қатар, қайта өңделмейтін құрылыс, химия, электроника, техника және өнеркәсіп майлары бойынша да үлкен қор бар екені көрсетілді.
Қалдықтарды алып кету қызметінің халықты қанағаттандырарлық деңгейде болуы керектігі атап өтілді. Осыған байланысты махаллаларға қалдық техникасының келу уақытын және қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігін жасау тапсырылды.
Әлеуметтік мекемелер мен махаллаларды қалдық контейнерлерімен толық қамтамасыз ету үшін екі жылдық бағдарлама әзірленеді. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті балабақша мен мектептен бастап қалыптастырудың маңыздылығы айтылды.