Өзбекстанда кәсіпкерлікті дамыту стратегиялық міндетке айналған. Экономиканың өркендеуі, халықтың жұмыспен қамтылуы мен тұрмыс деңгейінің артуында бұл саланың орны ерекше. Сол себепті бизнес жүргізу ережелері жеңілдетіліп, мүмкіндіктер кеңейтіліп келеді. Сандық технологиялардың кеңінен таралуы да бұл үдерісті жеделдетуде.
Енді осыны жалғастыра отырып, ашық және қолайлы кәсіпкерлік ортасын қалыптастыру, элетронды төлемдердің мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр.
Осыған сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 2030 жыл 31 желтоқсанға дейін арнайы құқықтық режим енгізіледі. Мемлекеттік тіркеуден бастап есептілікті тапсыруға дейінгі негізгі қызметтердің барлығы біріктірілген интеграцияланған цифрлық платформаларда жүргізіледі. Бұл жүйе арқылы кәсіпті ресми тіркеу, банк шоттарын ашу және басқару, салықтарды есептеу және төлеу, есеп айырысу және фискалдық чектерді қалыптастыру мүмкін болады.
Цифрлық жүйеде ашылатын электронды әмиян кәсіпкерлерге табыс қабылдауға, қызметкерлер мен әріптестермен есеп айырысуға, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуге мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін банк шотын ашу ерікті болады.
2025 жыл 1 қарашадан бастап бұл үдерістерде «QR-код» және tap to pay технологиялары қолданылады. Құжаттарды қашықтан биометрия және «SMS-хабарлама» арқылы электронды кілтсіз бекіту мүмкіндігі енгізіледі. Бұл мәліметтер қағаз құжаттармен теңестіріледі. «Күнделікті төлем» тәртібі пилоттық негізде енгізіліп, қызметкерлерге төлемдерді электронды әмиян арқылы жүргізу мүмкіндігі беріледі.
2026 жыл 1 қаңтардан бастап, жылдық айналымы 1 миллиард сумға дейінгі жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін айналымнан алынатын салық мөлшерлемесі 1 пайыз болып белгіленеді.
Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың электронды төлемдерді қабылдайтын арнайы QR-коды болуы бөлшек сауда ережелерінің міндетті талабы етіп бекітіледі. Цифрлық платформадағы қаржы айналымы туралы деректер несие беру кезінде ескерілетін болады.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды қолдап, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қолайлы жағдай жасау шаралары туралы қаулыға қол қойды.











