Халықаралық сарапшылардың қорытындыларына сәйкес, Өзбекстан энергияны ең көп тұтынатын елдердің қатарына жатады. Атап айтқанда, республикада ғимараттардың кейінгі энергия тұтынуындағы үлесі шамамен 50 пайызды құрайды, ал бір шаршы метрге шаққандағы энергия шығыны Еуропа елдерімен салыстырғанда бірнеше есе жоғары.
Осыған байланысты өткен жылы энергия тиімділігі саласындағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында арнайы агенттік құрылды. Аталған құрылымға 2030 жылға дейін экономикадағы энергия шығынын кемінде 20 пайызға, ал мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандарда энергия тұтынуды 15 пайызға қысқарту міндеті жүктелген.
Таныстырылым барысында агенттіктің 2026 жылға арналған қызмет жоспарлары қаралды.
Республикадағы ғимараттардың басым бөлігі өткен ғасырдың 60–70-жылдары салынғандықтан, оларда энергия тұтыну деңгейі әлі де жоғары болып отыр. Осы себепті әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді энергия тиімді нысандарға айналдыру бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланған. Биыл осы мақсатқа 150 миллиард сум көлемінде субсидия мен өтемақы қаражаттары бағытталады.
Ел аумадағы шамамен 30 мың әлеуметтік нысанның энергия тиімділігін арттыруда халықаралық қаржы институттарының қатысуын және жеке сектор инвестицияларын кеңінен тарту қажеттігі ерекше атап өтілді.
Биылғы жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында 770 әлеуметтік нысан энергия тиімділігі стандарттары негізінде жаңғыртылады. Оған халықаралық қаржы институттарынан 264 миллион доллар қаражат тарту көзделген.
Сонымен қатар энергия үнемдеу арқылы табыс табу тетіктері, атап айтқанда энергия сервистік компаниялар (ESCO) қызметін дамыту және осы нарықты қалыптастыру мәселелері де қаралды.
Ғимараттарды энергия аудитінен өткізу, энергия тиімділігі стандарттарына сәйкес жобалау және модельдеу барысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану жоспарлары туралы ақпарат берілді.
Өнеркәсіп саласында да энергия үнемдеуді арттыру бойынша нақты жоспарлар белгіленді. Атап айтқанда, осы жылы 142 тоқыма кәсіпорнына күн панельдерін орнату арқылы 722 миллион киловатт-сағат электр энергиясын үнемдеу және кәсіпорындардың 693 миллиард сум қаражатын үнемдеу көзделіп отыр. Сондай-ақ ауыз су жеткізу жүйесінде 300 сорғыны жаңарту жоспарланған.
Орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіндегі өзекті мәселелерге де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда жылу қазандықтары мен желілерінің бір бөлігінің тозуына байланысты энергия шығындары жоғары деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты биыл жылу қазандықтары мен жүйелерін жаңғырту, оларды «жабық жүйеге» көшіру аясында 400 жеке жылу пунктін орнату және кемінде 100 километр жылу желілерін жаңалау жоспарланған.
Жауапты тұлғаларға ғимараттарды салу, жөндеу және қайта жаңғырту кезінде энергия тиімділігі стандарттары мен тиімді талаптарды әзірлеу тапсырылды.
Таныстырылым барысында электр энергиясы саласына бәсекелі нарықтық механизмдерді енгізу бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да талқыланды.
Атап айтқанда, төмен кернеулі электр желілерін жеке секторға беру жұмыстары Самарқанд облысынан басталып, келесі кезеңде Әндіжан, Жызақ, Наманган, Сырдария, Ташкент облысы және Ташкент қаласына кеңейтілуі жоспарланған. Бұл желілерді жаңғыртуға инвестиция тарту арқылы шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Электр энергиясының көтерме нарығын қалыптастыру жұмыстарының барысы жөнінде де ақпарат берілді.
Бүгінгі күнге дейін жылына 10 миллион киловатт-сағаттан астам электр энергиясын тұтынатын көтерме тұтынушылардың тізімі жасақталған. Осы кәсіпорындар үшін электр энергиясын көтерме нарықта «сағат сайын» қалыптасатын бағалар бойынша тікелей келісімшарттар арқылы сатып алу жүйесін енгізу ұсынылды.
Қазіргі уақытта энергетика және коммуналдық салалар бойынша жеке регуляторлар құру жұмыстары жүргізілуде. Шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, бұл бағытта бірыңғай регулятор құру ұсынысы айтылды.
Мемлекет басшысы аталған ұсыныстарды қолдап, энергия тиімділігін арттыру, ресурстарды ұтымды пайдалану және энергетика нарығында бәсекелі орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті әрі жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Прокуратура мен ішкі істер органдарына талқыланған салаларда заң талаптарының қатаң сақталуын және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ белгіленген іс-шаралардың мүлтіксіз орындалуын қадағалау мақсатында жергілікті әкімдіктермен тығыз жұмыс жүргізу міндеті жүктелді.