28 тамыз күні Шаһидтер саябағына мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, дін ғалымдары, қариялар мен зиялы қауым жиналды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу рәсіміне Президент Шавкат Мирзиёев қатысты.
Отан үшін жанын қиған азаматтардың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Жиналғандарға дастархан жайылды.
Саябақтағы символдық қабір басында да Құран бағышталды. Осы жерде мемлекет басшысы дін ғалымдары және зиялы қауым өкілдерімен тарихи жадты сақтау, қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін қайта қалпына келтіру және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мәселелері жөнінде әңгімелесті.
Мемлекет басшысы елге адал қызмет еткен ата-бабаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, олардың батылдығы халқымыз үшін әрдайым рухани күштің қайнар көзі болып қала беретінін атап өтті.
– Барлық реформаларымыздың өзегінде тұрған «Адам қадірі үшін!» деген ізгі идея ержүрек ата-бабаларымыздың рухын шат ету, олардың арман-тілектерін жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарымызды одан әрі күшейтуді талап етеді. Осы аяулы жандардың есімі қаншалықты ардақталса, бүгінгі бейбіт өміріміз бен ұлттық тәуелсіздігіміздің қадірі де соншалықты арта түседі, – деді Президент.
Кейінгі жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін мәңгі есте қалдыру және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шаһидтерді еске алу саябағындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейі толық реконструкцияланып, экспозициясы байытылды және заманауи технологиялармен жабдықталды. Цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект көмегімен көрмелердің мазмұны мен әсерлілігі арттырылды.
Қарақалпақстан Республикасы мен барлық облыстарда құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандары музейлері де заман талабына сай жабдықталды. Олардың қорлары әлемнің түрлі елдерінен әкелінген бірегей құжаттар мен фотосуреттер арқылы толықтырылып келеді.
2021-2025 жылдары Өзбекстан Республикасының Жоғарғы соты саяси қуғын-сүргін құрбаны болған 1 200-ден астам отандасымызды ақтады. Биыл бұрынғы тоталитарлық жүйе кезінде жазықсыз айыпталып, түрлі мерзімге сотталған немесе өлім жазасына кесілген тағы 161 отандасымыздың аты ақталды.
Соңғы бес жылда жәдид бабаларымыздың мұрасын зерттеуге арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Тоталитарлық жүйе кезінде жазықсыз құрбан болған отандастарымыздың есімдері анықталып, олардың қызметі, ғылыми және шығармашылық мұрасы зерттелуде. Жүздеген, мыңдаған ардақты азаматтарымыз туралы мәліметтер кітаптар, баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халқымызға жеткізілуде.
Кездесуде өткен ғасырдың 80-жылдарында да мыңдаған отандасымыз «мақта ісі», «өзбек ісі» деген жалған айыптармен саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны атап өтілді. 1983-1990 жылдары 40 мың өзбекстандық тергеуге алынып, 5 мыңы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бүгінде бұл бағытта да тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мұндай игі істерді жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы әлемде қарулы қақтығыстар мен саяси қарама-қайшылықтардың күшейіп, олардың бізге жақын өңірлерге де таралып жатқаны алаңдатарлық жағдай екенін атап өтті. Бұл еліміздегі бейбітшілікті бағалауды, одан әрі ұйымшыл әрі ынтымақты өмір сүруді талап етеді.
– Біздің жолымыз – бейбітшілік, достық және ынтымақтастық жолы. Өзбекстан бұл жолдан ешқашан кері қайтпайды, – деді Президент.
Бүгінде отандастарымыз әлемнің кез келген еліне еркін барып-қайтып жүр, ал Өзбекстан барлық мемлекеттермен теңдік негізінде ынтымақтастық орнатуда. Бұл – отаршылдық бұғаулар мен «мақта құлдығынан» толық азат болғанымыздың нақты көрінісі.
Өмір мен болашақты білім және ағарту негізінде құру, алыс-жақын елдермен достық қарым-қатынас орнату – Жаңа Өзбекстанның дамуының маңызды шарты екені атап өтілді. Ұлы жәдид бабаларымыздың ұлтты оянуға, білім мен ағартуға шақыруы бекер емес. Олардың күрес пен ағартушылық мектебі бүгін де аса өзекті мәнге ие.
Сондықтан жастардың сапалы білім алуына, отансүйгіш азамат болып қалыптасуына айрықша көңіл бөлінуде. Кейінгі он жылда жоғары оқу орындарының саны 77-ден 205-ке дейін жеткізіліп, қабылдау квоталары тұрақты түрде ұлғайтылды. Әлемдегі ТОП-100 университеттің қатарына кіретін жоғары оқу орындарында 3 500-ден астам өзбекстандық жастар білім алып жатыр. Мектеп және мектепке дейінгі білім беру жүйелерінде де маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда.
– Жастарды ұлттық мақтаныш рухында тәрбиелеуге ерекше мән беруіміз керек. Ұлттық мақтаныш – адамның жанын, жүрегін, бүкіл болмысын күш-қуатқа толтыратын қуатты күш. Ұлттық мақтанышы бар адам ешқашан жеңілмейді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Ташкент қаласында Ислам өркениеті орталығы бой көтерді, Самарқандтағы Имам Бұхари кешені толықтай қайта жаңғыртылды, Марғиланда Бұрһаниддин Марғинони атындағы орталық іске қосылды. Мұның бәрі Жаңа Өзбекстанның даму жолы – бейбітшілік, достық пен жасампаздық, білім мен ағарту жолы екенін айғақтайды.
Соңғы он жылда діни-ағартушылық салада жүзеге асырылған реформалардың арқасында 100 мыңнан астам отандасымыз қажылық жасау мүмкіндігіне ие болды. Мемлекет басшысы діни қауым өкілдері қоғамда өзара мейірім мен ізгілік ахуалын нығайтуға, жастарға дұрыс тәрбие беру үдерістеріне бұдан да белсенді қатысатынына сенім білдірді.
– Бүгін осындай қасиетті жерде тұрып, бейбіт әрі тыныш өміріміз, қол жеткізіп жатқан жетістіктеріміз үшін Жаратқанға шексіз шүкіршілік айтамыз. Осындай азат та бақуатты күндерді армандап, арман-өкінішпен өмірден өткен қаһарман ата-бабаларымыз бен батыл әжелеріміздің рухы шат болсын! Еліміз бейбітшілік, даму және әл-ауқат мекені ретінде одан әрі гүлдене берсін! Алла Тағаланың өзі Отанымызды өз панасында сақтасын! – деді Президент.
Дін ғұламалары қуғын-сүргін құрбандары мен Отан азаттығы жолында жанын қиған ата-бабаларымыздың рухына Құран бағыштап, еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықтың, ырыс-береке мен тұрақтылықтың баянды болуын тіледі.