Мемлекет басшысы Қашқадария облысындағы агротуризм кешенімен танысты

    Италия мен Францияның көрікті ландшафты баулары мен қырдағы жүзім алқаптары өз сұлулығы әлемге белгілі. Ондай әсемдікті көретін туристерде көп. Енді мұндай көріністерді Шахрисабзде де кездестіруге болады.

    Президент Шавкат Мирзиёев Қашқадария облысына жасаған сапары аясында Шахрисабз ауданында құрылған агротуризм кешенін барып көрді.

    Бұрын бұл аумақ құрғақ, пайдасыз тау бөктері саналатын. Енді тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, 520 гектарлық жерде жасыл белдеу қалыптастырылды. Беткей аймақтарда «терраса» әдісімен жүзім, шие және алма баулары отырғызылып, орман да өсірілуде. Мұнда Франциядан әкелінген жоғары сапалы көшеттер бейімделіп отырғызылған.

    – Шөл мен төбелерді игеруге күмәнданғандар осы бауға келіп көрсін, – деді Президент.

    Кешен жылына 7,5 мың тонна жеміс өндіруге қауқарлы, оның 5 миллион долларға дейінгі бөлігі экспортқа жөнелтіледі. Мұнда 100 тұрақты және 1000-нан астам маусымдық жұмыс орны ашылған. Франциялық мамандар көшеттердің дамуын бақылап, жастарға бағбандықтың қыр-сырын және нарық талаптарын үйретіп келеді.

    Кешен аумағында 120 орындық мейрамхана, 100 орындық қонақүй, агрологиялық және оқу орталығы, қайта өңдеу мен сақтау инфрақұрылымдары салынып жатыр.

    Сала мамандары мұндай бауларды кеңейту, басқа да таулы аудандарда осындай жобаларды іске асыру жоспарымен таныстырды. Президент бұл бағыттағы жұмыстар халықты табысты еңбекпен қамтудың тиімді жолы болатынын айтып, бауларды халыққа бөліп беру және суару мүмкіндігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.