«Хисорак» су қоймасы 1987 жылы салынған, ал 2004 жылы толықтай қайта жөндеуден өткен. Бұл жерде 2011 жылы іске қосылған қуаттылығы 45 МВт болатын негізгі «Хисорак» су электр станциясы да бар. Ол жылына 80 миллион киловатт/сағат электр энергиясын өндіреді. Бұл орташа есеппен алғанда 33 мың отбасының жылдық қажеттілігін жабуға жеткілікті.
Елімізде экологиялық тұрғыдан таза, арзан және жаңғыртылатын энергия көздерін көбейтуге, қолданыстағы қуаттарды арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. «Узбекгидроэнерго» акционерлік қоғамы тарапынан шағын және микро ГЭС-тер салынып, пайдалануға берілуде.
Шахрисабз ауданында іске қосылған қуаттылығы 3,5 МВт болатын және жылына орта есеппен 17,5 миллион киловатт/сағат электр энергиясын өндіретін «Хисорак» шағын су электр станциясы — сол жобалардың бірі. Оның құрылысы толықтай жергілікті өндіріс есебінен жүзеге асқан. Жобаның жалпы құны 1,5 миллион долларды құрайды. ГЭС жұмысы нәтижесінде жыл сайын 5 миллион текше метр табиғи газ үнемделеді. Мұнда өндірілетін энергия 7 300 үй шаруашылығын электрмен қамтамасыз етуге жетеді.
Мемлекет басшысына өзен суынан энергия өндіруге қатысты алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берілді.
Маңызды жобалардың бірі – алдағы екі жылда жалпы қуаты 12 МВт болатын 416 дана кинетикалық турбинамен жабдықталған микро ГЭС-тер салу жоспары. Бұл станциялар арықтар мен каналдардағы су ағынынан тиімді түрде энергия өндіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде Қашқадария облысында жалпы қуаты 49 МВт болатын 3 су электр станциясы жұмыс істеп тұр. Алдағы жобалар нәтижесінде бұл көрсеткіш едәуір артады деп күтілуде. Гидроэнергетика есебінен өңірдегі халықтың электр энергиясына деген сұранысының 15 пайызын жабу көзделіп отыр.
Соңғы сегіз жыл ішінде елімізде электр энергиясы өндірісі 38 пайызға өсіп, 81,5 миллиард кВт/сағатқа жетті. Биыл республика бойынша жалпы қуаты 24,7 МВт болатын 5 жаңа шағын ГЭС іске қосу жоспарланған.