Мемлекет басшысы Ташкент қаласының республиканың экономикалық, әлеуметтік және мәдени орталығы ретіндегі рөлі одан әрі нығайғанын, бір сөзбен айтқанда, елордадағы экономикалық даму деңгейі айтарлықтай артқанын атап өтті.

Сонымен қатар, қай жерде өмір сапасы жақсарып, табыс артса, сол жерде «жеңіл жолмен ақша табуға» ұмтылған қылмыстық құрылымдар да белсенділігін күшейтетіні, қылмыстың жаңа әдістері мен тәсілдері ең алдымен осындай өңірлерде пайда болатыны айтылды.

Алайда құқық қорғау жүйесінің Ташкент қаласындағы өзгерістерге сай жұмыс істемей отырғаны көрсетілді. Ташкент қаласының құқық қорғау органдары республикаға үлгі бола алмай отырғаны, бұған қалада ресурста, күш-құрылымдардың да, ғылыми әлеуеттің де жеткілікті болуына қарамастан, әлі де ескі «қалыптан» шыға алмағаны қатаң сынға алынды.

Қандай да бір құқық бұзушылықтың алдын алуда негізгі буын – махаллада жүргізілетін алдын алу жұмыстары екені айтылды. Алайда Ташкент қаласында бұл бағыттағы қызметтің жүйелі түрде ұйымдастырылмауы салдарынан бірқатар мәселелер қордаланып қалғаны атап өтілді.

Республикадағы 208 ауданның ішінде «Чиланзар» ауданы отбасылық зорлық-зомбылық, тонау және бұзақылық бойынша, ал «Юнусабад» ауданы қарақшылық бойынша бірінші орында тұр. Сондай-ақ өткен жылы «Яшнабад» пен «Мирободта» кісі өлтіру, «Алмазарда» дене жарақатын салу, «Шайхантахурде» тонау оқиғалары ең көп тіркелген.

Осыған байланысты Ташкент қалалық ІІББ бастығы Р. Султанхужаевқа және Ташкент қаласының прокуроры міндетін атқарушы А.Урмоновқа «қатаң сөгіс» жарияланып, алты айлық сынақ мерзімі белгіленді.

Ірі базарлар мен халық көп жиналатын орындарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Ұлттық гвардия, ішкі істер және төтенше жағдайлар органдары арасындағы өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігі атап өтілді.

Ішкі істер министрінің ақпараттық технологияларға жауапты орынбасарының жүйені цифрландыру бағытындағы жұмысында әлі күнге дейін елеулі нәтиже байқалмай отырғаны сынға алынды. Министрлік жанындағы киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жұмысы баяу екені көрсетілді.

Мемлекет басшысы есірткі қылмысына және ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресте наркоканалдардың түпкі көзі мен демеушілеріне дейін жетуде жауапты тұлғаларда табандылық жеткіліксіз екенін сынға алды.

Шетелге барып, ұйымдасқан қылмыстық топтар құрған, сол жерде өз азаматтарымызды да тонаумен айналысып жүрген тұлғалардың әрекеттеріне тосқауыл қоюдағы селқостық та атап өтілді.

Жасырын экономикаға қарсы күрес және салықтық әкімшілендіру мәселелері бойынша елордадағы салық органдарының жұмысы мүлде қанағаттанарлықсыз деп бағаланды. Мемлекеттік салық комитетінде қосылған құн салығы бойынша жасанды түрде артық төлем қалыптастырып, оны бюджеттен заңсыз өтеу жағдайларының көбейгені айтылды.

Осы бағыттарға жауапты болған Комитет төрағасының бірінші орынбасары М.Мирзаев қызметінен босатылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Узбекнефтегаз» АҚ мен Мемлекеттік активтерді басқару агенттігінде миллиардтаған қаржы талан-тараж болған фактілері анықталғанын мәлімдеді.

Мысалы, Мемлекеттік активтерді басқару агенттігінің лауазымды тұлғалары нарықтық құны кемінде 250 миллиард сумды құрайтын жер учаскесін жабық аукционға шығарып, оны 120 миллиард сумға сатып жіберген. Осыған байланысты Агенттік директоры А.Ортиқов қызметінен босатылды.

Жуырда Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдарда комплаенс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі бақылау жүйесі енгізілді.

Қысқа мерзім ішінде бюджетке түсетін қаржы талан-тараж болып, қаржылық кемшіліктер бойынша 53 триллион сум, ал сыртқы сауда операциялары бойынша 8 миллиард АҚШ долларынан астам берешек анықталғаны аса өкінішті жағдай екені атап өтілді. Сыбайлас жемқорлық схемалары салдарынан 4,2 триллион сум көлемінде залал келтіріліп, оның 1,3 триллион сумы өндірілді, 55 адам қамауға алынды.

Мәселен, Ішкі істер министрлігі жүйесінде мемлекеттік сатып алулар барысында 186 миллиард сум көлеміндегі бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталып, министрдің орынбасары Б.Абдуллаев пен департамент басшысы Р.Турсуновқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда қауіпсіздікке жауапты тұлғалардың қызметін де сыни тұрғыда қайта қарау уақыты келгені сөз болды.

Жауапты ведомстволардың ұйымдасқан қылмысқа, есірткі қылмыстарына, киберқылмысқа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресте тізгінді өз қолына алуы тиіс екені көрсетілді.

Аталған төрт бағыт бойынша мүлде жаңа жүйе қалыптастырылып, бұл процесс алдымен Ташкент қаласында басталатын болады. Атап айтқанда, қауіпсіз орта қалыптастырудың «елордалы үлгісі» енгізіледі.

Президент жаңа жүйені Чиланзар ауданында жүзеге асырылатын тәжірибе арқылы түсіндіріп берді.

Ауданда қоғамдық қауіпсіздік күштері мен күштік-құрылымдарды басқару жаңаша ұйымдастырылады. Патрул-пост, жол-патрул, күзет және профилактика қызметтері тәулік бойы үш ауысымдық жұмыс режиміне көшеді. Құқық бұзушылық туралы хабар түскен сәттен бастап, патрул топтарының оқиға орнына 5 минут ішінде жетуін қамтамасыз ететін жүйе енгізіледі.

Аудандағы бес ішкі істер бөлімшесі басшыларының орынбасарлары түнгі қызметті тікелей махаллаларда ұйымдастырады. Түнгі уақытта олар басшысына берілген барлық өкілеттікке ие болып, дербес шешім қабылдайды және толық жауапкершілікті өз мойнына алады.

Ішкі істер органдары мен Ұлттық гвардия қызметкерлеріне түнгі қызметтің әр сағаты үшін базалық есептік шаманың 5 пайызы мөлшерінде өтемақы төлеу қарастырылады.

Озық тәжірибе негізінде адам көп шоғырланатын орындарда дрондар арқылы патрулдік бақылау енгізіледі.

«Чиланзар» ауданының ішкі істер қызметкерлері қызмет саласы мен аумағына қарамастан азаматтардың өтініштерін қабылдайды. Көшеде форма киген қызметкерге жасалған өтініш «102» нөміріне хабарласумен теңестіріледі.

Аудандағы барлық 55 махаллада профилактика инспекторларының қызметтік кабинеттерінің есіктері жедел байланыс орнатуға арналған арнайы байланыс түймесімен жабдықталады. Яғни, профилактика инспекторы қай жерде болмасын, тұрғындар онымен ұялы телефоны және планшеті арқылы тәулік бойы тікелей байланыса алады.

Мемлекет басшысы есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесіне ерекше тоқталды.

Атап айтқанда, синтетикалық есірткінің 95 пайызы интернет арқылы таратылып, төлемдер криптовалюта арқылы орындалатыны, сондай-ақ ел ішінде нарколабораториялар ашылып жатқаны айтылды.

Сонымен қатар, заңнамада мемлекеттік органдардың бұл саладағы нақты міндеттері айқын көрсетілмегені сынға алынды. Есірткі және атыс қаруын бақылау агенттігінің қызметі тек талдау мен халықаралық ынтымақтастықпен шектеліп қалғаны сөз болды. Енді агенттіктің жауапкершілігі күшейтіліп, оған тиісті ведомстволардың жұмысын үйлестіру, бақылау және бағалау өкілеттіктері беріледі.

Жауапты тұлғаларға трансшекаралық және виртуалды кеңістікте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің біртұтас жүйесін жолға қою тапсырылды. Ішкі істер министрлігінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы арнайы қызмет құрылатын болды.

Өткен жылы Ташкент қаласында ұсталған ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамында 259 «ауыр» санаттағы жастар мен спортшылардың болғаны аса алаңдатарлық жағдай екені атап өтілді.

Көптеген спортшылардың көше бұзақылығына бет бұрып бара жатқаны, өңірлерде ақша үшін жасырын жекпе-жектерді ұйымдастыру деректерінің көбейгені айтылды. Осыған байланысты жауапты органдарға бақылауды күшейту, сондай-ақ жауынгерлік спорт түрлерімен айналысатын жастарды кәсіпке оқытып, қабілетіне сай жұмыспен қамтудың жүйесін қалыптастыру тапсырылды.

Бүгінде әртүрлі радикалды және экстремистік идеялар ақпараттық технологиялар арқылы жастардың санасын улауға тырысып жатқаны, бұл мәселені тек жазалау мен тыйым салу арқылы шешу мүмкін еместігі айтылды.

Енді бұдан былай елорданың әр ауданында «Қайтару топтарының» қызметі тұрақты негізде ұйымдастырылады.

Киберқылмыстардың саны күн санап артып, олардың түрлері 18-ден 62-ге дейін көбейді. Әсіресе, жеке деректерді ұрлау, жасанды интеллект арқылы дауыс пен бет-бейненi қолдан жасау, зиянды файлдарды тарату әрекеттері күшейіп отыр. Ұрланған қаражаттар криптовалюта түрінде шетелге шығарылуда.

Осы қылмыстарды жедел әшкерелеу және тоқтату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері кибертехнологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін жетік меңгеруі қажет екені атап өтілді.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінде киберқылмысқа қарсы күрес жөнінде дербес департамент құрылады, оның жұмысына министрдің өзі тікелей жауапты болады. Сондай-ақ Әділет министрлігінде киберқылмыс және цифрлық құқық мәселелері бойынша жеке басқарма ашылады.

Кадрлар тұрақсыздығын жою, білікті әрі адал мамандарды ынталандыру мәселесі тұрақты бақылауда болуы тиіс екені атап өтілді.

Осы себепті профилактика инспекторларын жан-жақты қолдау және олардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған бірқатар жаңашылдықтар жарияланды.

 

Атап айтқанда, биыл 1 шілдеден бастап елордадағы профилактика қызметкерлеріне осы саладағы көпжылдық еңбек өтілі үшін ай сайын 5 миллион сумға дейін үстеме ақы төленеді. 1 ақпаннан бастап заң жоғары оқу орнын тәмамдап, ішкі істер органдарына қызметке қабылданған азаматтардың университетте оқыған кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. Облыстардан келіп, елордадағы ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген қызметкерлердің тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы өтемақысы 1,8 миллион сумнан 3,1 миллион сумға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, ішкі істер қызметкерлері үшін салынатын тұрғын үйлердің 30 пайызы тек профилактика инспекторларына бөлінеді.

Жауапты тұлғаларға халықпен тікелей жұмыс істейтін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және қылмысқа қарсы күрес жүргізетін ішкі істер органдарының құрылымдарын жаңа жүйеге көшіру жөнінде жарлық жобасын енгізу тапсырылды.

Аталған бөлімшелер үшін қызмет өткеру тәртібі, қарым-қатынас мәдениеті, жедел әрекет ету, күш пен қаруды қолдану бойынша бірыңғай стандарттар енгізіліп, олардың сервистік құрылымдарға айналуы көзделді.

Әділет жүйесін де күшейту қажеттігі атап өтілді. Осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде Әділет министрлігі тарапынан құқық қорғау органдарының қызметіне «құқықтық аудит» жүргізу жүйесі енгізіледі. Сонымен бірге «Құқық қорғау қызметі туралы» заң жобасы әзірленіп, онда әділет органдарының нақты рөлі, жаңа міндеттері мен өкілеттіктері айқындалады.

Мемлекет басшысы талқыланған өзге салаларда да қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, жаңа нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау қажеттігін атап өтті.

Қызметінде елеулі кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғаларға тиісті жауапкершілік шаралары қабылданып, оларға қатысты заң үстемдігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Жиын барысында құқық қорғау органдары басшыларының баяндамалары тыңдалды.