Қазіргі уақытта инвестицияны қай салаға бағыттау керек деген мәселе – бір жағынан көбірек пайда алу үшін, екінші жағынан – Өзбекстанның дамуындағы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін өзекті мәселе болып отыр.
Әлеуеті тартымды болу үшін өнеркәсіп салалары қолайлы бизнес пен инвестициялық ортаға ие болудан тыс, белгілі бір салыстырмалы артықшылықтарға ие болуы қажет. Болжамдау және макроэкономикалық зерттеулер институтының мамандары жүргізген зерттеуде екі өнеркәсіптік топ анықталды.
Бірінші топ – халықаралық саудада салыстырмалы артықшылығы бар және инвестициядан бірден пайда ала алатын салалардың жиынтығы. Бұл тоқымашылық өнеркәсібі, киім-кешек, тамақ өнімдері, электр жабдықтарын өндіру. Бұл салалардың салыстырмалы артықшылықтарын анықтайтын негізгі факторларға еңбек шығындары, әлеуетті базарлар және қолда бар шикізат саналады.
Екінші топ — даму әлеуетіне ие болған, бірақ белгілі бір жағдайларда инвестициядан табыс алатын салаларды білдіреді. Оның ішінде химия өнеркәсібі, қара металлургия, құрылыс материалдары өндірісі бар. Бұл секторлардың қазіргі артықшылығы энергияның салыстырмалы түрде төмен құнына байланысты.
Ырықтандыру жағдайында технологиялық саясат жетілдіріліп, өнім бірлігіне ресурс шығынын айтарлықтай дәрежеде азайту шартымен бұл салаларға қойылған инвестициялар табыс әкеледі.
Салалардың салыстырмалы артықшылықтарын бағалау ішкі және әлемдік бағалар бойынша есептелген жалпы өнімдегі қосылған құн үлесінің қатынастарын пайдалана отырып жүргізілді. Есеп-қисаптар үшін әрбір қарастырылатын сала үшін негізгі өнімдер таңдалды.