Өзбекстанның белсенді сыртқы саясаты мен қолайлы іскерлік ахуалы нәтижесінде инвестициялар көлемі тұрақты өсіп келеді. Атап айтқанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында 8 миллиард 700 миллион доллардан астам шетелдік инвестиция игеріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға артты.
Бұл қаражаттар есебінен энергетика, металлургия, химия, фармацевтика, көлік, ауыл және су шаруашылығы, коммуналдық және әлеуметтік салаларда көптеген маңызды жобалар іске асырылуда. Бұл ретте қосылған құн мен жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аударылып жатыр.
Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 18 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция игеріледі деп күтілуде.
Жалпы алғанда, 2025 жылы 42 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылып, 81 ірі жоба мен 8 мыңнан астам орта және шағын жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған.
Жауапты тұлғаларға әрбір жоба бойынша нақты жоспар жасап, барлық министрліктер, әкімдіктер мен салалық басшыларды тарта отырып, тиісті мәселелерді уақтылы шешіп отыру жөнінде тапсырмалар берілді.
Бүгінде әлемде орын алып жатқан экономикалық тұрақсыздық жағдайында әрбір инвестормен тығыз жұмыс істеп, шетелдік капиталдың тиімділігін арттыру қажеттігі атап өтілді. Ең бастысы – жаңа инвестициялық жобаларды мүмкіндігінше жылдам іске қосып, өнеркәсіп салаларын дамыту мен әртараптандыру және жоғары табысты жұмыс орындарын құру маңызды екені атап көрсетілді.