Өзбекстан экономикасы жаһандық экономиканың ажырамас бір бөлігі. Сыртқы саясаттың парасатты жүргізілуі мен қолайлы инвестициялық ортаның нәтижесінде өзбекстандық кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтар ашылып, өндірілетін өнім түрлері артуда.
Гарвард университетінің сараптамасына сәйкес, соңғы бес жылда «экономикалық күрделілік индексі» бойынша Өзбекстан 25 сатыға жоғарылаған. Елде өндірілетін 162 түрлі ұлттық өнім «әлемдік нарықта бәсекелік артықшылыққа ие» деп танылған.
Осы нәтижелердің арқасында соңғы жылдары ел экспорты 2,2 есеге артты. Сыртқы сауда айналымы ішкі жалпы өнімнің 57 пайызына жетті. Бұл ел экономикасының сыртқы нарықтарға қаншалықты тәуелді екенін көрсетеді.
Алайда қазіргі әлем бұрынғыдай емес. Өзгермелі геосаяси қатынастар, түрлі тарифтер мен шектеулер өзге елдерге де тізбекті түрде әсер етіп, жаһандық экономиканың баяулауына және халықаралық сауда көлемінің қысқаруына алып келуде.
Мысалы, соңғы үш-төрт күн ішінде халықаралық қаржы нарықтарында 10 триллион доллар жоғалды. Жоғары тарифтердің салдарынан әлемдік сауда көлемі 3,5 триллион долларға қысқарып, әлемдегі инфляция деңгейі 7,5–8 пайызға дейін өсуі мүмкін деген болжам бар.
Ең үлкен қауіп — пандемия кезіндегідей жаһандық жеткізу және құн тізбектерінің үзілуі. Бұл жағдай әсіресе экспорттың үлкен үлесін иеленетін тоқыма, электр техникасы, автокөлік өндірісі, азық-түлік өнеркәсібі сияқты жетекші салаларға ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Соның салдарынан бәсекелестік күшейіп, өте қатал сипат алуы ықтимал.
Президент осындай жағдайда тек өз күшіміз бен ішкі әлеуетімізге сүйеніп, батыл қадам жасау қажеттігін ерекше атап өтті. Әрбір министрлік, салалық және аймақтық басшылар нақты жоспар құрып, өндіріс пен экспортпен тікелей айналысуы тиіс екені көрсетілді.
Мемлекет тарапынан бұл үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және практикалық шаралар қабылданады. Жақында 3 мыңнан астам кәсіпкермен кездесіп, олардың мәселелері зерделенген. Ең көп мәселе стандарттау және сертификаттау жүйесіне байланысты болып шыққан.
Қазіргі таңда елдегі 25 мыңнан астам стандарт пен 41 техникалық регламент халықаралық нарық талаптарына сай келмейді. Ескірген талаптар мен бюрократиялық рәсімдер кәсіпкерлердің «қолын байлап», жемқорлыққа жол ашып отыр. Бір өнімге қайта-қайта сертификат алу қажеттілігі әлі жойылмағандықтан, халық сарсаңға түсуде.
Инвесторлар еліміздегі көптеген зертханалар талаптарға сай келмейтінін, дамыған елдердің стандарттары мойындалмайтынын айтып отыр. Немесе керісінше, біздің зертханалар берген қорытындылар шетелдерде жарамсыз деп танылады. Соның салдарынан экспорттаушылар сертификат алу үшін шетелге үлгілер жіберуге мәжбүр.
Қазіргі жүйеде сертификат беретін мекемелер нарықты да өздері қадағалайды. Бұл мүдде қайшылығына әкеліп соғуда.
Жиында осындай мәселелер мен кәсіпкерлердің ұсыныстары негізінде кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, сауда және өнеркәсіп саясатының тиімділігін арттыру жөнінде Президент Жарлығына қол қойғаны жарияланды.
Аталған жарлықта техникалық реттеу, санитарлық-эпидемиологиялық, ветеринарлық және карантин қызметтерінің өнімге қорытынды беру өкілеттіктері нақты белгіленді. Қайталанатын және қабаттасқан рәсімдер кезең-кезеңімен жойылады.
Мысалы, енді азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау тек Санитарлық-эпидемиологиялық тыныштық және қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің құзырында болады. Азық-түлікке қатысты техникалық регламенттер мен стандарттардың міндеттілігі жойылады. Негізгі азық-түлік өнімдері бойынша санитарлық нормалар халықаралық стандарттар жүйесіне — «Кодекс Алиментариусқа» сәйкестендіріледі. Сондай-ақ, қауіптілігі жоғары 7 тауар тобына кіретін өнімдерді мемлекеттік тіркеу рәсімі жойылады.
Сертификат алу міндетті болатын тауарлар тізімі қысқартылып, өнімнің сәйкестігін декларациялау тәртібі енгізіледі. Құрал-жабдық, шикізат, арнайы техника мен көлік импорты кезінде еліміз мойындайтын шетелдік сапа және бақылау жүйелерінің критерийлері жасалады. Бұл тауарлар үшін ұлттық сертификат талап етілмейді.
Осы рәсімдерді қамтитын «Нарықты бақылау туралы» заңды қабылдау қажеттігі айтылды.
Стандарттау, санитарлық-эпидемиологиялық және карантин салаларында кадрлар даярлау сапасын арттыру керек екені атап өтілді.
Жиында жергілікті кәсіпорындарға жол ашып, өндіріс пен экспортты ұлғайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Жоғарыда аталған Жарлыққа сәйкес, енді сырттан әкелінетін тауарлардың кедендік құнын анықтау тәртібі толығымен халықаралық талаптарға сәйкестендіріледі.
Бұған дейін қымбат және сұранысы жоғары нарықтарда өтімді кейбір тауарларды экспорттауға шектеу қойылған болатын. Енді 1 шілдеден бастап бірде-бір тауарға экспорттық шектеу болмайды. Тек 86 тауар тобына жататын шикізат пен әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қатысты экспорттық баж салығы енгізіледі.
Соңғы жылдары жергілікті өнеркәсіпте кондитерлік өнімдер мен салқын сусындардың үлесі артып келеді. Бұл салаларды қолдау да маңызды. Осыған байланысты қантқа салынатын акциз алынып тасталады. Сондай-ақ құрғақ сүт импортына қойылған шектеулер де жойылады.
Нәтижесінде шамамен 40 мың адам жұмыс істейтін кондитерлік және салқын сусын өндіруші кәсіпорындардың жылдық айналымы кемінде 50 трлн сумға жетеді деп күтілуде.
Аймақтарда жергілікті кеңестер жер салығы мен жалдау төлемдеріне 2 есеге дейін арттыратын коэффициент белгілеп келді. Алайда мұндай шешімдер кәсіпкерлікке қалай әсер ететінін саралап, кәсіпкерлердің мүмкіндігін ескеру қажеттігі атап өтілді.
Керісінше, олардың жүктемесін азайтып, жұмысын кеңейтуге жағдай жасалса, табыс көбейеді. Енді кәсіпкерлерге бұл салықтарды жылына екі бөлікпен төлеуге рұқсат беріледі.
Салаға жауапты тұлғаларға ғалымдар мен кәсіпкерлерді тарта отырып, салық және кеден саясатын, сондай-ақ әкімшілік тәртіпті жаңа деңгейге көтеру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Премьер-министр, оның орынбасарлары, министрлер мен әкімдер өндірісші және экспорттаушылармен үнемі байланыста болып, ешбір өтініш назардан тыс қалмай, жедел шешілуі тиіс екені айтылды.