Президент Жызақ облысындағы реформалардың барысымен танысты

    Саясат 7 Iyul 2025 1982

    Президент Шавкат Мирзиёев 7 шілде күні Жызақ облысында реформалардың барысы, жергілікті жұмыстар және халықты мазалап отырған мәселелердің шешілуі жөніндегі есеппен танысты.

    Өткен жылдың 31 желтоқсанында Жызақ облысын әлеуметтік-экономикалық жағынан жедел дамыту бойынша Президент қаулысы қабылданып, қажетті мәселелер шешілген еді. Атап айтқанда, 2025 жылы 2 миллиард доллар инвестиция тарту, 285 миллион долларлық экспортқа қол жеткізу, 168 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.

    Бұл міндеттер біртіндеп орындалып жатыр. Алты ай ішінде облыста өнеркәсіп, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығында 200 жоба іске қосылып, 662 миллион доллар инвестиция келді.

    Алайда «Достық», «Зафарабад», «Пахтакор» және «Мырзашөл» аудандары бұл жағынан артта қалып отыр. Сондықтан жаңа жобаларды осы аудандарға көбірек орналастырып, жұмыс орындарын ашу қажет.

    Соңғы уақытта облыста 250 миллион долларлық ірі туризм кешендері іске қосылып, бір жыл ішінде туристер саны екі есеге артты. Бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүмкіндік бар.

    Тағы бір үлкен мүмкіндік – жер. Жызақта 1,3 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері болса да, оның тек 40 пайызына ғана егін егіліп отыр. Бір гектардан түсетін табыс басқа аймақтарға қарағанда төмен. Шын мәнінде, жерді дұрыс пайдалану арқылы азық-түлік пен мал азығын көбейтуге болады.

    Президент бастамасымен Жызақта да сала мамандары, кәсіпкерлер және шетелдік сарапшылардан тұратын «Реформалар штабы» құрылды.

    Жиында осы штаб дайындаған жаңа жобалар таныстырылды. Жалпы құны 520 миллион доллар болатын 200 жоба жасалған. Бұл жобалар арқылы 12 мың жұмыс орны ашылады, бюджетке қосымша 120 миллиард сум түседі, 100 миллион доллар экспорт көлемі пайда болады.

    Президент бұл жобалардың экономикалық негізіне және нарық сұранысына назар аударды. Әкімдер мен штаб бірлесіп жұмыс істеп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және қызмет көрсету салаларында үлкен өрлеу жасау керек екені сөз болды. Сонда Жызақ облысы инвестиция, жұмыс орны, халық табысы мен экспорт көлемі жағынан тез дамып жатқан аймаққа айналатыны айтылды.