Президент «IT-Park» жобасының екінші кезеңін бастап берді

    Президент Шавкат Мирзиёев 21 қазан күні Ташкент қаласының М.Ұлықбек ауданында орналасқан IT-паркке барып, жобаның екінші кезеңінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

    Екі жыл бұрын 200 миллион доллар инвестиция есебінен жобаның алғашқы кезеңі орындалған еді. Төрт гектарға жуық аумақта биіктігі 20–25 қабаттан тұратын алты кеңсе ғимараты мен заманауи конгресс-холл салынды.

    Мұнда мамандарға барлық жағдай жасалған, перспективалы стартап-жобаларды қолдау мақсатында инкубация және акселерация бағдарламалары іске қосылған. Ақпараттық технологиялар, финтех, логистика, электрондық сауда, онлайн-білім, биотехнология және өзге де бағыттардағы жобалар табысты жүзеге асып отыр.

    Қазіргі таңда «IT-Park» резиденттерінің саны 3200 компанияға жетіп, онда 14 мыңнан астам маман еңбек етуде. Өткен жылы резиденттер 1,6 миллиард доллар көлемінде қызмет көрсеткен болса, биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,5 миллиард долларға дейін өседі деп күтілуде.

    Экспорт көлемі алғаш рет 1 миллиард доллар межесінен асуы жоспарланған.

    «Өзбекстан – 2030» стратегиясына сай, 300 мыңнан астам жасты ақпараттық технологиялар саласында жоғары табысты жұмыс орындарымен қамту көзделген. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, тек жасанды интеллект бағытының өзінде Өзбекстанның әлеуеті 10 миллиард долларға тең.

    – Сенімім кәміл, бүгін іргетасы қаланған бұл ірі кешен алға қойған биік мақсаттарға жетуде, сондай-ақ инвесторлар мен Өзбекстан арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

    Жобаға сәйкес, «IT-Park» аумағы 1,5 есеге кеңейтіледі. Мұнда Сауд Арабиясының «Data Volt» компаниясымен бірлесіп, қуаты 12 мегаватт болатын, құны 150 миллион долларлық деректер орталығы салынады. Келесі кезеңдерде инвестиция көлемі 3 миллиард долларға дейін ұлғайып, қуаттылығы 500 мегаваттқа жетпек.

    Сондай-ақ бұл аумақта барлығы алты ғимарат – Жасанды интеллект орталығы, Ғарыш және болашақ технологиялар орталықтары, екі 20 қабатты кеңсе ғимараты, сондай-ақ сервис және сауда орталықтары бой көтереді.

    Бір сөзбен айтқанда, бұл кешен ең заманауи технологиялар мен инновацияларға негізделген «Жасанды интеллект хабы» болмақ.

    Президент Шавкат Мирзиёев капсула қойып, «IT-Park» жобасының екінші кезеңінің құрылысын ресми түрде бастап берді.