Өзбекстанда халықтың емін-еркін лайықты өмір сүру жағдайын жасау, заманауи әрі жайлы тұрғын үй кешендерін салу жұмыстары жүйелі түрде кеңейіп келеді. Президенттің 2021 жылғы 12 қазандағы Жарлығына сәйкес «Жаңа Өзбекстан» тұрғын үй кешендерін салу және өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі шаралар дәйекті түрде жалғасын табуда.
Заманауи қала құрылысы талаптары негізінде бой көтеріп жатқан осындай жобалардың бірі Сұрхандария облысының «Жарқурғон» ауданында жүзеге асуда.
Мұндағы шөлейт аумақты игеру жұмысына орай салынып жатқан массивтің 50 гектар аумағында 116 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі уақытқа дейін емхана, 180 орындық балабақша, 330 орындық мектеп және махалла ғимараты пайдалануға беріліп, 68 үйдегі 1,5 мың пәтерге тұрғындар қоныстанды.
Сонымен қатар бұл ортада ақпараттық технологиялар және ағылшын тілі оқу орталығы жұмысын бастаған, 7 шағын орталық пен 5 сауда және тұрмыстық қызмет көрсету нысаны бой көтерген. Ауызсу және жылу желілері тартылып, шамамен 3 шақырым газ құбыры жүргізілген, 250 киловаттық трансформатор орнатылған. 4,5 гектар жерге сәндік және жеміс ағаштары отырғызылып, ал шөлейт аймақтағы 300 гектар аумаққа сексеуіл егілген.
Алдағы уақытта мұнда тағы 50-ге жуық үй салу көзделіп отыр. Атап айтқанда, биыл тағы 14 көпқабатты тұрғын үй (280 пәтер), жаңа жолдар, көгалдандыру жұмыстары және демалыс саябағы салынбақ.
Сапар барысында Мемлекет басшысы тұрғын үй кешені аумағында қызмет көрсететін «Жаңа жастар» басқарушы сервис компаниясының жұмысымен танысты. Компания аудандағы 161 көпқабатты үйге қызмет көрсетеді, оның 54-і осы массив аумағында орналасқан. Көпқабатты үйлердің шатырларына қуаттылығы 5–15 киловатт болатын күн панельдері орнатылған.
Инклюзивті білім беру – әрбір баланың, оның физикалық немесе зияткерлік әлеуетіне қарамай-ақ, мектепке барып, сапалы білім алуын қамтамасыз етуді көздейді.
Мемлекет басшысы массивтегі №66 мектепте жасалған жағдаймен, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мүмкіндіктермен танысты.
Қазіргі таңда мектепте 500-ден астам оқушы білім алуда. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды заманауи стандарттар негізінде оқыту үшін арнайы тәсілдер енгізілген. Оларға 50-ге жуық арнайы маман мен педагог қызмет көрсетеді. Мектеп ауласы, дәліздер, оқу кабинеттері, асхана, спорт залы және ем-шара бөлмесі қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысы мектептегі жағдайлармен танысу барысында жасанды интеллект пен цифрландыру бағыттарының бүгінгі жастар өмірі мен болашағы үшін қаншалықты маңызды екеніне назар аударды.
– Жасанды интеллектке қатысты оқу бағдарламаларын мектептерге жайжан-жай енгізіп отырған жоқпыз. Біз оқушылардың жоғары оқу орындарына, еңбек нарығына, болашақ мамандықтарға дайын болып баруын қалаймыз, – деді Президент.
Одан кейін Мемлекет басшысы тұрғын үй кешеніндегі шет тілдері және ақпараттық технологиялар оқу орталығын аралады.
Бұл орталық 6,5 миллиард сум қаржыға салынған. 400 орындық бұл кешенде жылына 2 мыңнан астам жастарға білім алып, жобалармен айналысуға мүмкіндік жасалған. Мұнда 200-ге жуық оқушы компьютерлік сауаттылық пен «front-end» бағыттарын сәтті аяқтап, сертификат алған. Сондай-ақ 150-ге жуық тыңдаушы IELTS емтиханында B2 және одан жоғары нәтиже көрсеткен. Қазіргі уақытта орталықта 20-ға жуық маман жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы жастарды ғылым-білімге бағыттауда, соның ішінде шетел тілдерін үйретуде мұндай орталықтардың маңызына ерекше тоқталды.
– Бүгінгі таңда осындай орталықтардың болашаққа деген ұмтылысын қолдауымыз керек, қажет болса, олардың күш-жігерін біріктіріп, шетелдік серіктестермен байланыстыруымыз өте маңызды. Сонда ғана ата-аналар балаларын сенімді түрде осындай орталықтарда оқытатын болады, – деді Президент.
Көктем жақындаған сайын өңірлерде көктемгі мерекелік серуендер ұйымдастыру дәстүрге айналған. Мемлекет басшысы тұрғын үй кешеніндегі сумалак мерекесіне қатысып, халықпен бірге қуанышты көңіл күйде, осында өмір сүріп жатқан тұрғындардың ой-пікірлерін тыңдады.
– Бүгінде әлемдік қауымдастық Өзбекстанға құрметпен қарап отыр. Халқымыз үшін жасалып жатқан жағдайларды көріп, реформалардың жемісті нәтижесіне көз жеткізіп келеді. «Жаңа Өзбекстан» массивтері де азаматтарымыздың бақуатты өмір сүріп, жайлы үйлерде тұруы үшін салынып жатыр. Мен әрдайым «білім, білім» деп босқа айтып жүрген жоқпын. Білімді болсақ осындай жасампаз еңбегіміз арқылы еліміздің абыройын одан әрі асқақтатып, әлемде лайықты орын алатын боламыз. Сұрхандария халқы еңбекқор, жомарт, мұнда біздер әлі бірталай жаңалықтарды жүзеге асыратын боламыз, – деді Президент.