Бұл туралы 26 ақпан, бейсенбі күні кешке Вашингтон мен Тегеран делегациялары арасындағы келіссөздерге делдалдық жасап отырған Оман өкілдері мәлімдеді.

«Біз күнді АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде елеулі ілгерілеушілікке қол жеткізіп аяқтадық», – деді Оманның сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди. Сондай-ақ ол келесі аптада Венада «техникалық деңгейдегі» келіссөздердің жаңа кезеңі өтетінін айтты.

АҚШ делегациясы құрамынан Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен АҚШ президентінің күйеу баласы Жаред Кушнер орын алған. Кездесуде Иран атынан елдің сыртқы істер министрі Аббас Арагчи өкіл болды.

Axios басылымының хабарлауынша, тараптар 26 ақпан күні таңертең және кешке екі сессияда келіссөздер жүргізген. Басылым дерегіне сәйкес, таңғы кездесуден кейін америкалық делегацияның «көңілі қалған», алайда Уиткофф пен Кушнер кешкі сессияны «оң» деп бағалаған.

Иран ядролық нысандарды демонтаж жасаудан бас тартуда

Қатардың «Әл-Жазира» телекомпаниясының мәліметінше, таңғы кездесуде Иран АҚШ-қа ядролық келісім жобасын ұсынған. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Тегеран тек уранды байытуды уақытша тоқтатуға дайын екенін, алайда ядролық нысандарын демонтаждаудан бас тартатынын мәлімдеген. Иран билігі уран қорын төмен деңгейге дейін қысқартуға және МАГАТЭ өкілдеріне ядролық нысандарға кіруге рұқсат беруге дайын.

CNN тілшісі Иран делегациясына жақын дереккөздерге сүйене отырып, Иран тек барлық АҚШ санкциялары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары жойылған жағдайда ғана АҚШ-пен келісімге келуге дайын екенін хабарлады. Бұған дейін елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Мажид Тахт-Раванчи де осындай мәлімдеме жасаған еді, деп жазады dw.com.