Мемлекет басшысы Жызақ облыстық кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты

    2 желтоқсан күні Халық депутаттары Жызақ облыстық кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтті. Оған Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

    – Облысты қандай қиын кезеңдерден алып шыққанымызды, Жызақтың әрбір ауданында жүзеге асып жатқан ірі өзгерістерді, халықтың шынайы қуанышын көрген сайын ерекше серпіліп, үлкен мақтаныш сезінемін, – деді Мемлекет басшысы сөзінің басында.

    Өткен кезеңде Жызақ облысы республикадағы өнеркәсібі ең жылдам өсіп жатқан өңірге айналды. Сегіз жылда жалпы 6,5 миллиард долларлық инвестициялық жобалар іске қосылды, оның 45 пайызы өнеркәсіп үлесіне тиесілі. Облыста жылына 175 мың автокөлік өндіруге мүмкіндік беретін қуаттар жолға қойылды.

    Қысқа мерзім ішінде «Зомин», «Фориш», «Арнасай» аудандары және Жызақ қаласында 2 миллиард долларлық 500-ден астам туризм және қызмет көрсету нысандары іске қосылды. «Арнасай» мен «Зомин» ауданында 300 миллион доллар негізінде жыл он екі ай жұмыс істейтін курорттық аймақтар құрылып, оларға әуежайлар салынуының натижесінде Жызақ тартымды туристік бағыттардың біріне айналды.

    Сегіз жыл бұрын облыстағы жұмыс орындарының 42 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі болса, бүгінде 310 мыңға жуық тұрғын өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларындағы жоғары табысты жұмыс орындарымен қамтылған.

    Бұрын мақта өсіруге бейімделген өңірдің ауыл шаруашылығы да түбегейлі әртараптандырылды. «Бахмал», «Ғаллаорол», «Зомин», «Янгиабад», «Фориш» аудандары бау-бақшаға маманданып, 28 мың гектар жаңа бақ пен жүзім баулары пайда болды. «Мырзашөл», «Достық», «Зафарабад», «Зарбдор», «Пахтакор», «Арнасай» аудандарының шөлейт аумақтарында да 12 мың гектар жерге бақ және көкөніс плантациялары жасалды.

    Жалпы, сегіз жыл ішінде Жызақта өнеркәсіп көлемі 2,5 триллионнан 25 триллион сумға, қызмет көрсету саласы 2,5 триллионнан 20 триллионға, ауыл шаруашылығы 9 триллионнан 30 триллион сумға дейін өскені атап өтілді.

    – Әрине, бұл – үлкен реформаларымыздың бастауы ғана. Жызақ облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында әлі атқаратын жұмыстар көп, – деді Президент.

    Сессияда ұйымдастырушылық мәселе қаралды.

    Мемлекет басшысы Жызақ облысы әкімі лауазымына осы уақытқа дейін әкім міндетін атқарып келген Ұлықбек Мустафоевтің кандидатурасын ұсынды. Дауыс беру нәтижесінде Ұлықбек Мустафоев Жызақ облысының әкімі болып бекітілді.

    Президент аймақтың өндіріс, инвестиция, туризм, ауыл шаруашылығы, құрылыс және инфрақұрылым салаларын дамыту бойынша жаңа бастамаларды ұсынды.

    Жызақтың республикадағы автомобил жасау өнеркәсібіндегі үлесі 25 пайызға жеткен. Келесі мақсат – зауыттар айналасындағы қосалқы салаларды дамыту, жергілікті өндіріс деңгейін арттыру және өнімнің өзіндік құнын төмендету екені атап өтілді.

    Кәсіпкерлерге қолайлы шарттарда дайын өндірістік ғимараттар ұсыну, сондай-ақ қосалқы бөлшектерді валидациядан өткізу шығындарының 50 пайызын қаптап беру тапсырмасы белгіленді.

    Облыста жылына 1 мың тонна вольфрам өндіру жобасы жүзеге асырылып отыр. «Ғаллаорол» және «Нурабада» іске қосылатын жаңа жобалар нәтижесінде Өзбекстанның вольфрам өндіру бойынша жетекші елдердің біріне айналатыны айтылды.

    Тиісті басшыларға «Ғаллаорол» ауданындағы алтын қоры бар перспективалы аумаққа инвестор тарту, «Фориш» ауданындағы қорғасын-мырыш кенішінде геологиялық барлау жұмыстарын аяқтау, «Арнасай» ауданында уран қоры анықталған кеннің техникалық-экономикалық негіздемесін түгету тапсырылды.

    «Жызақ» еркін экономикалық аймағындағы 510 миллион долларлық 30 жоба есебінен 10 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Мұнда тағы 540 миллион долларлық жобалар жедел жүргізіліп жатыр.

    Кәсіпкерлер жаңа жобалар үшін өнеркәсіп аймағын жеткілікті көлемде электр энергиясымен қамту және су тазарту құрылыстарын салуды сұрап отыр.

    Энергетика министрлігіне мұнда 40 шақырым жоғары кернеулі желі тарту және қуаты 40 мегаватттық қосалқы станция салу тапсырылды. 2026 жылғы өнеркәсіп аймақтарының инфрақұрылымын дамыту бағдарламасында «Жызақ» еркін экономикалық аумағында су тазарту нысанын салуға 100 миллиард сум қарастырылатыны айтылды.

    Өнеркәсіптің энергиямен қамтамасыз етілуін арттыру үшін биыл 200 мегаватт, келесі жылы 300 мегаватт қосымша қуат іске қосылады. Бұған қоса, қуаты 30 мегаватт болатын 150 кіші және шағын-ГЭС пайдалануға беріледі.

    Облыста инфрақұрылымды жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту үшін келер жылы шамамен 10 триллион сум ресурс бөлінетіні хабарланды.

    «Бахмал» мен «Зомин» аудандарындағы таулы аймақтарды біртұтас туристік шеңберге біріктіру арқылы жүздеген сервистік нысандарды іске қосып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға және туризм саласындағы экспортты бірнеше есе арттыруға мүмкіндік бар екені айтылды.

    Тиісті басшыларға келесі жылы «Зомин – Бахмал – Ғаллаорол» жолының 158 шақырымын жөндеуді бастау тапсырылды. «Бахмал» ауданында 39 гектар жерде 40 миллион долларлық инвестиция есебінен туризм кластерін құру бастамасы құпталды. Сондай-ақ Бахмалға «туризм ауданы» мәртебесін беру бекітілді.

    «Арнасай» әуежайында ірі ұшақтарды қабылдай алу мүмкіндігін жасау қажет екені айтылды. Бұдан бөлек, «Айдар–Арнасай» көліне дейін теміржол тартылады.

    Президент ауыл шаруашылығына да ерекше назар аударды.

    Облыстағы 900 мың гектар құнарлы және жайылым жерлердің 110 мың гектары пайдаланылмай жатқаны, оларға мал азығы, майлы дақылдар егіп, өнеркәсіптік бақ салу арқылы кемінде 20 мың адамды жұмыспен қамтуға болатыны атап өтілді.

    Сонымен қатар, облыстағы көптеген мал өсірушілер мен фермерлер жем-шөп пен бақша өнімдерін өсіруде пайдаланатын су сорғысы энергиясына берілетін субсидияны әр айдың басында төлеуді сұраған. Тиісті органдарға бүкіл республика бойынша бұл субсидияларды айдың басында беретін тұрақты жүйе қалыптастыру маңызды екені көрсетілді.

    Картоп шаруашылығын дамыту бойынша Жызақ облысы үлгі болуы қажеттігі айтылды. 2026 жылдан бастап картоп өсірушілерді қолдаудың жаңа тетіктері енгізілетіні белгілі болды.

    Жаңа механизм бойынша минералды тыңайтқыш, техника, жанармай және басқа да шығындарға жылдық 12 пайыздық несие беріледі, оның 6 айлық жеңілдік мерзімі қарастырылған. Несие сомасының 50 пайызға дейінгі бөлігі кепілдікпен қамтамасыз етіледі, ал суару сорғылары мен күн панельдерін орнату шығынының жартысы мемлекет есебінен өтеледі.

    Келесі жылдан бастап суару сорғыларының электр шығынының 50 пайызы субсидия ретінде қайтарылатын болады. Сонымен қатар, шетелден әкелінетін картоп егу және жинау техникалары кедендік баждан босатылады.

    Суперэлита және элита тұқымдары фермерлерге жеткенге дейін тоңазытқыш қоймаларда сақтау шығынының 50 пайызын өтеу механизмі де енгізіледі.

    Бұдан бөлек, Бахмалдағы бау-бақша шаруашылықтары үшін бірқатар жаңалықтар белгілі болды. Атап айтқанда, интенсивті бау ұйымдастыруға 7 жыл мерзімге 3 жылдық жеңілдік кезеңімен 14 пайыздық несие беріледі. Жеміс түріне қарай шпалерлер үшін 20 мыңнан 70 мың сумға дейін субсидия бөлінеді.

    Сондай-ақ тоңазытқыш қоймалары бар кәсіпорындарға несиенің негізгі мөлшерлемеден жоғары 8 пайызына дейінгі бөлігін өтеу қарастырылған. Жеміс-көкөніс экспорттаушылар мен бағбандарға қаптама шығынының 50 пайызын өтеу үшін субсидия төленеді.

    Жалпы, келесі жылы Бахмалда бағбандық бойынша тәжірибе мектебі құрылып, бұл жеңілдіктердің барлығы республика көлемінде енгізіледі.

    АҚШ-тық серіктестермен бірге «Зомин» ауданында құс шаруашылығы бойынша ірі асылдандыру кешені құрылуда. Бұл кластерде жылына 100 мың бас алғашқы аналық тауық және 9 миллион инкубациялық жұмыртқа өндіру жолға қойылады. Бұл бірегей жоба құс шаруашылығын елде жаңа деңгейге көтеруге қызмет етеді.

    Құрылыс және инфрақұрылым мәселелері де талқыланып, онда әлеуметтік қызметтерді, еңбек нарығын және инфрақұрылымды орталықтан шалғай орналасқан махалла тұрғындарына жақындату қажеттігі айтылды.

    Ұлттық урбанизация комитеті мен облыс әкімдігіне Еуропадан мамандар тарта отырып, Жызақ қаласы мен Шараф Рашидов ауданын бірыңғай агломерация ретінде дамыту жөнінде мастер-жоспар әзірлеу тапсырылды.

    Облыс халқының сұранысы ескеріліп, Жызақ қаласындағы көлік кептелісін азайту үшін ұзындығы 10 шақырым болатын айналма жол салынатын болды. Сондай-ақ «Даштабад» кенті мен «Ховос» ауданы арасындағы теміржол үстінен жаңа көпір құрылысы басталды.

    – Бүгін біз облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытындағы жаңа міндеттерді айқындап, өзекті мәселелерді жан-жақты талқыладық. Біздің барлық күш-жігеріміз бен қабылданған шешімдердің басты мақсаты – осы өңірде өмір сүріп, еңбек ететін халықтың ризашылығын қамтамасыз ету және облысты жан-жақты дамыған, өркендеген аймаққа айналдыру, – деді Мемлекет басшысы сөзінің соңында.

    Сессия барысында облыс және аудан әкімдерінің баяндамасы, белсенділердің пікірлері тыңдалды.

    No date selected
    December 2025
    1
    2
    3
    4
    5
    6
    7
    8
    9
    10
    11
    12
    13
    14
    15
    16
    17
    18
    19
    20
    21
    22
    23
    24
    25
    26
    27
    28
    29
    30
    31
    Use cursor keys to navigate calendar dates