Президент Жызақтағы инженерлік мектептің жұмысы және оқу үдерісімен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев Жызақ политехника институты жанынан құрылған Автомобиль жасау инженерия мектебінің қызметімен танысты.

    Мұнда «BYD Uzbekistan Factory» және «ADM Jizzakh» кәсіпорындарымен білікті мамандар даярлау және оларды жұмысқа орналастыру бойынша тығыз әріптестік жолға қойылған.

    Инженерлік мектепте көлік саласына бейімделген төрт білім беру бағыты бойынша оқу бағдарламалары жаңа көзқарас негізінде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, екінші курсты жоғары көрсеткішпен аяқтаған студенттер BYD зауытының талаптарына сай әзірленген заманауи оқу платформаларында екі жылдық дуалды білім алады. Студенттер зауытпен тікелей әріптестікте практикадан өтіп отырады, бұл оларға арнайы жұмысқа жолдама сертификатын алуға мүмкіндік береді.

    Қысқа мерзімді даярлық курстарында автомобиль зауытына жұмысқа қабылданатын үміткерлер, зауыт қызметкерлері және жұмыссыз жастар өздеріне қызықты мамандықтарды меңгереді. Бұл жерде BYD автокөлік өндірісінің шағын конвейері де құрылған. Өндіріс цехында дәнекерлеу, бояу, құрастыру және сапаны бақылау бөлімдері жұмыс істейді.

    Электромобиль және зарядтау станциясының құрылымы, электромобильдерге қызмет көрсету, индустриялық және бағдарламалық инженерия, өзіндік құнды есептеу және реверстік инжиниринг бағыттарына арналған арнайы бөлмелер ашылған.

    Әлемдік автокөлік өнеркәсібінде бір ереже бар: бәсекелесін талдай алмаған компания дамымайды.

    Жызақтағы бұл инженерлік мектепте алғаш рет өнімді техникалық-аналитикалық салыстыру, шығындарды модельдеу (cost modeling), өндірісті оңтайландыру, процестерді жаһандық стандарттармен салыстыру сияқты дағдылар да үйретіліп жатыр.

    Инженерлік мектеп тек студенттер үшін ғана емес, салада жұмыс істегісі келетін жастар мен мамандар үшін де ашық. Мұнда біліктілікті арттыру бағдарламалары, бастапқы кәсіби дайындық курстары және кәсіпкерлерге арналған практикалық оқу модульдері ұйымдастырылған. Оларға жетекші мамандар мен өндіріс кәсіпорындарының тәжірибелі инженерлері белсенді қатысады.

    Мектептің басты мақсаты – студентті жұмысқа барғанға дейін нақты өндіріс ортасына бейімдеу. Нәтижесінде түлектер нарық талаптарына толық жауап беретін, білікті әрі бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасады.

    Мемлекет басшысы мектептегі оқу барысын көріп, шағын конвейерде жұмыс істеп жатқан студенттермен сқхбаттатсты.

    Президент осы жерде республика және облыс басшыларымен де пікір алмасты.

    Кейінгі жылдары Жызақта өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салаларда жақсы нәтижелерге қол жеткізіліп жатқаны айтылды. Алайда әлі де пайдаланылмаған мүмкіндіктер көп екені атап өтілді.

    – Жызаққа келіп, жаңа даму бағыттарын айқындауды мақсат еттік. Ең бастысы – халыққа, әсіресе жастарға қолайлы жағдай жасау, жоғары табысты жұмыс орындарын көбейту, – деді Мемлекет басшысы.