Өзбекстанда ірі өндіріс ошақтарын «жасыл» энергиямен қамтамасыз ету шаралары талқыланды

    Саясат 23 Iyun 2025 1978

    Президент Шавкат Мирзиёев 23 маусым күні ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге арналған шаралар бойынша тұсаукесермен танысты.

    Өзбекстан экономикасын тұрақты қуат көздерімен қамтамасыз ету мақсатында баламалы энергетика қарқынды дамып келеді. Қысқа уақыт ішінде бұл салаға шамамен 6 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Жыл сайын өндірілетін электр энергиясының көлемі бұрынғы 59 миллиардтан қазіргі кезде 82 миллиард киловатт-сағатқа жетті.

    2030 жылға қарай республика халқы 41 миллионнан асып, экономика көлемі 200 миллиард доллардан асады деп күтілуде. Бұл, әрине, электр энергиясына деген қосымша сұраныс туғызады. Сондықтан қайта жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану шаралары қолға алынып жатыр.

    Таныстырылым барысында биыл жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жақын болашақтағы жоспарлар туралы ақпарат берілді. Олардың басты мақсаты – электр энергиясын өндіру, жаңғырту және тиімділігін арттыру.

    Атап айтқанда, жыл соңына дейін 12 күн және 4 жел электр станциясы, сондай-ақ 12 энергия сақтау жүйесі іске қосылады. Бұл жобаларға салынған инвестиция көлемі 5 миллиард доллардан асып, олардың жалпы қуаты шамамен 9 миллиард киловатт-сағат болады. Сонымен қатар, биыл жалпы құны 7 миллиард 200 миллион доллар болатын тағы 11 жобаның құрылысы басталады.

    Электр энергиясын тек өндіру ғана емес, оны үнемдеу де өте маңызды. Президент тарапынан энергия шығынын азайту, әсіресе ірі өндіріс орындарында үнемді құрылғылар орнату тапсырылған.

    Еліміздегі жалпы электр тұтынудың үштен бірі 18 салаға тиесілі. Мысалы, су шаруашылығындағы сорғылар жылына 6,5 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын тұтынады.

    Сол себепті 12 ірі сорғы қондырғысы жаңартылып, әрқайсысына 75-100 мегаваттық күн электр станциясы және 50 мегаваттық сақтау құрылғысы орнатылады. Соның нәтижесінде сорғылардың электр тұтынуы жылына 2 миллиард киловатт-сағатқа азайып, 4,5 миллиардқа дейін қысқарады. Бұл жұмыстар, ең алдымен, су шығару құны жоғары Қаршы магистралды каналынан басталады.

    Мұнай-газ кәсіпорындарында да 240 мегаваттық күн электр станциясы мен 300 мегаваттық сақтау құрылғыларын орнатып, кемінде 600 миллион киловатт-сағат электр энергиясын өндіру мүмкіндігі бар.

    Жалпы алғанда, жиында электр энергиясын көп тұтынатын 18 саланы өз-өзін энергиямен қамтамасыз ететін жүйеге көшіру шаралары талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарда күн энергиясын пайдалану бағытындағы жұмыстар туралы да ақпарат берілді.