Елімізде биылғы қасиетті Рамазан айын лайықты түрде өткізу бойынша қарастырылған іс-шаралардың нәтижесінде аумақтарда жергілікті әкімдіктер мен кең жұртшылық өкілдерінің қатысуымен аз қамтылған отбасыларды қолдау, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету, ауызашар рәсімдері мен қайырымдылық шараларын ықшам әрі тәртіпті ұйымдастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Мұның барлығы Жаңа Өзбекстанда халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға, адам қадірін жоғарылату, қоғамда тыныштық, достық, өзара құрмет, жомарттық, бауырмалдық және ынтымақтастық ортасын нығайтуға қызмет етіп отырғанын атап өту қажет.
Міне осындай игі және сауапты істерді жүйелі түрде жалғастыра отырып, қасиетті Рамазан айт мерекесін жан-жақты лайықты қарсы алу, оның адамгершілік мәнін кеңінен насихаттау мақсатында қаулы етемін:
1. Биыл Рамазан айттың бірінші күні 20 наурыз — жұма күніне тура келетіні туралы Өзбекстан мұсылмандары кеңсесінің ақпараты мәлімет ретінде қабылданып, елімізде 2026 жылғы 20 наурыз Рамазан айт мерекесі ретінде кеңінен атап өтілсін.
2.Төмендегілер:
a) Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесі, облыстар және Ташкент қаласының әкімдіктері Дін істері жөніндегі комитет, Өзбекстан махаллалар бірлестігі, Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі және басқа да серіктес ұйымдармен бірлесіп, Рамазан айт мерекесін аумақтарда халқымыздың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына, Наурыз жалпыұлттық мерекесіне үйлесімді түрде жоғары көңіл күймен атап өту, мереке күндері халық арасында мейірім, ынтымақ және кеңпейілділік ортасын одан әрі нығайтуға бағытталған мәдени-ағартушылық және қайырымдылық шараларын ұйымдастыру бойынша тиісті іс-шараларды жүзеге асырсын;
б) Туризм комитеті Транспорт министрлігімен бірлесіп, отандастарымыз үшін Рамазан айт күндері қасиетті зиярат орындары мен тарихи мекендерге сапарларды ұйымдастыру мақсатында қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жасасын.
3. Өзбекстан Ұлттық телерадиокомпаниясына, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігіне және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарына Рамазан айт мерекесін атап өтуге байланысты шараларды кеңінен жариялау ұсынылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау міндеті Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі А.Н. Ариповқа және Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі С.У. Умурзаковқа жүктелсін.
Өзбекстан Республикасы Президенті
Ш. Мирзияев