Ең алдымен, сiз, ғазиздердi түркi өркениетiнiң ежелгi орталықтарының бiрi болған, көне де жас Самарқант қаласында шын жүректен құттықтағаныма қуаныштымын.

Сөзсiз, осы жиынның әрдайым әдiлет қағидаттарына сүйенiп мемлекет басқарған Сайыпқыран Әмiр Темiр салтанатының астанасында, ұлы тұлғаның 690 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде кеңiнен аталып өтiп жатқан күндерi ұйымдастырылуы форумға ерекше көңiлкүй берiп отыр.

Халықаралық қауымдастықтағы орны мен беделi күн сайын артып келе жатқан Түркi мемлекеттерi ұйымының бүгiнгi таңда түркi бiрлiгi мен дамуы жолында маңызды рөл атқарып отырғаны бәрiмiзге зор мақтаныш пен қуаныш сыйлайды.

Құрметтi достар!

Түркi мемлекеттерi ұйымы қызметiнде заң үстемдiгiн қамтамасыз ету, тиiмдi басқару және адам құқықтарын қорғау мәселелерi ерекше орын алады. Әсiресе, әлемнiң геосаяси картасында түбегейлi өзгерiстер болып жатқан, қайшылықтар көлемi, қақтығыстар күшейiп бара жатқан қазiргi күрделi жағдайда осы мәселелердi бiрлесе талқылап, тиiмдi шешiмдер табудың маңызы зор.

Әрине, елдерiмiздiң өмiрiнде әдiлет пен заң үстемдiгiн қамтамасыз ететiн, адам құқықтарын қорғайтын және қуатты судьялар корпусын қалыптастыруда Судьялар кеңестерiнен күтер үмiтiмiз үлкен.

Осы тұрғыдан алғанда, бүгiнгi жиынның күн тәртiбiне енгiзiлген мәселелер Кеңестердiң болашақ қызметiнде жаңа бағыттарды айқындайды деп сенемiн.

Атап айтқанда, конференция аясында қол қойылуы күтiлiп отырған Мүше мемлекеттердегi Судьялар әдебiнiң жалпы қағидаттары туралы өзара түсiнiстiк меморандумы түркi халықтарының тарихи-құқықтық дәстүрлерiнiң ортақтығын және сот жүйелерi арасындағы үйлесiмдi ақылақтық өлшемдердiң бiрлiгiн нығайтуға қызмет етедi.

Сонымен қатар бұл маңызды құжат судьялардың халықаралық деңгейде мойындалған мiнез-құлық қағидаттарының маңызын мойындай отырып, ұлттық құқықтық дәстүрлерге құрметпен қарауды да көздейдi.

Айта кету керек, осы жылғы 6 майда Ташкентте өткен Әдiл сот академиялары форумында сот-құқық саласында түркi мемлекеттерi бiлiм беру жүйесiн ұйымдастырудың минималды стандарттарына қатысты халықаралық құжат қабылданды.

Бұл елдерiмiзде судьяларды даярлаудың жаңа әрi әмбебап жүйесiн енгiзуге бағытталғанымен ерекше назар аудартады.

Қадiрлi конференция қатысушылары!

Сiздер Самарқант жиынында барлық мемлекеттер үшiн басым мiндеттердiң бiрi болып саналатын заң үстемдiгiн қамтамасыз ету және адам құқықтарын қорғау сияқты iзгi мақсаттар жолында салмақты нәтижелерге қол жеткiзесiздер деп сенемiн.

Ең бастысы, мұндай форумдар елдерiмiз арасындағы стратегиялық серiктестiктi, халықтарымыз арасындағы жақын достық пен бауырластық байланыстарын одан әрi нығайтуға, түркi әлемiнiң халықаралық аренадағы беделi мен ықпалын арттыруға қызмет ететiнi сөзсiз.

Сiздердi осы шараға қатысуларыңызбен тағы да құттықтай отырып, аса құрметтi әрi жауапты қызметтерiңiзге зор табыс, мықты денсаулық, ал конференция жұмысына сәттiлiк тiлеймiн.

 

Шавкат МИРЗИЯЕВ,

Өзбекстан Республикасы Президентi