Кездесуге «China Energy Engineering Corporation», «China Datang», «Sinoma Energy Conservation», «China Southern Power Grid», «CAMCE», «CNNC», «State Nuclear Uranium Resource Development» компанияларының басшылары, сондай-ақ «The Export-Import Bank of China» және «Bank of China»өкілдері қатысты.
Тараптар энергетика және геология салаларындағы өзара тиімді жоғары технологиялық жобаларды ілгерілету, сондай-ақ банк-қаржы саласындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Өзбекстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтті.
Жыл басынан бері өзара тауар айналымының көлемі 6 миллиард доллардан асты. Сонымен қатар Қытайдан 8 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Бүгінде Өзбекстанда 6 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.
Кездесуде «жасыл» энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Қытайдың жетекші компанияларының қатысуымен Өзбекстанда күн және жел электр станциялары, сондай-ақ энергия сақтау жүйелері салынуда.
Осы жобаларды жеделдету, фотоэлектрлік станциялардың қуатын кеңейту, агровольтаиканы енгізу және электр жеткізу желілерін салу жөніндегі жаңа бастамалар қолдау тапты.
Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу арқылы энергия өндіру, деректер орталықтарын құру және басқа да заманауи технологиялық шешімдерді дамыту мәселелері талқыланды.
Тау-кен және геология салаларындағы ынтымақтастық перспективалары бойынша пікір алмасылды. Бұл бағытта кен орындарында бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, оларды игеру және маңызды шикізат жеткізу саласында ұзақ мерзімді серіктестік орнату көзделіп отыр.
Келіссөздер барысында Қытайдың ірі банктерімен қаржылық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілді. Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту, жоғары жылдамдықты автожолдар мен су электр станцияларын салу, ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу және шағын әрі орта бизнесті қолдау мәселелері қарастырылды.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысына ашық әрі белсенді диалог үшін алғыс білдіріп, қол жеткізілген келісімдерді толық әрі уақтылы жүзеге асыруға дайын екендерін растады.