Мемлекет басшысы негізгі мәселеге көшпес бұрын өткен аптада жоғары деңгейде ұйымдастырылған бесінші Ташкент халықаралық инвестициялық форумының қорытындыларына тоқталды. Форум аясында шетелдік серіктестермен жалпы құны 43 миллиард доллар болатын 177 келісімге қол жеткізілгені атап өтілді.

– Әрбір келісім нақты жобаға, жаңа жұмыс орындарына және жоғары қосылған құнға айналуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Жауапты тұлғаларға шетелдік инвесторлар ұсынған 120 бастама бойынша шешімдер әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ сала басшылары мен өңір әкімдері инвестициялардың сапасы мен тиімділігіне қатысты көзқарастарын өзгертуі қажет екені айтылды.

Кейінгі бес жылда елге тартылған инвестициялардың жартысы төрт өңірдің үлесіне тиесілі болғанымен, олардың экономикаға қайтарымы өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленеді. Осыған байланысты әкімдер әрбір ауданның мүмкіндігін нақты есептеп, қай салаға инвестиция тарту ең жоғары нәтижеге жеткізетінін анықтауы тиіс екені айтылды.

Ол үшін экономиканың 12 саласына 14 сараптамалық орталық, 37 салалық ғылыми институт пен жоғары оқу орны бекітілді. Барлық сала жетекшілеріне осы мекемелермен бірлесіп, әр ауданның әлеуетін зерттеп, өңірлік жалпы өнімнің өсуіне серпін беретін жобалар пакетін әзірлеу тапсырылды.

Мемлекет басшысы құрылыс материалдары саласы құрылысшылардың сеніміне ие болатын, сапа, стандарт, ассортимент және баға бойынша кешенді шешімдер ұсынатын жүйеге айналуы тиіс екенін атап өтті.

Осыдан он жыл бұрын жергілікті құрылыс материалдары негізінен құм-қиыршық тас, кірпіш, цемент, шыны және шифермен шектелсе, бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Соңғы он жылда салаға 12 миллиард доллар инвестиция тартылып, 4 мыңнан астам заманауи кәсіпорын іске қосылды.

Соның нәтижесінде цемент, шыны, базальт, керамика бұйымдары, газоблоктар мен құрғақ құрылыс қоспалары секілді 20-дан астам негізгі өнім түрі бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз ететін өндірістік қуаттар құрылды. Сонымен қатар жылу сақтайтын материалдар, композиттік өнімдер, экологиялық әрлеу материалдары мен еден жабындары сияқты жоғары қосылған құны бар жаңа бағыттар қарқынды дамып келеді.

Қазіргі таңда жаңа тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік нысандар құрылысына қажетті материалдардың 98 пайызы ел ішінде өндіріледі. Соның арқасында саладағы өндіріс көлемі 7 триллион сумнан 53 триллион сумға дейін өсіп, өткен жылы экспорт көлемі 1,2 миллиард долларға жетті. Ең бастысы, сала импортты алмастырудың маңызды кезеңінен өтті.

Жыл басында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды бағдарлама қабылданған болатын. Оған сәйкес, 2040 жылға дейін салынатын тұрғын үйлер санын екі есе арттырып, жылына 280 мың үйге жеткізу, сондай-ақ «Жаңа Өзбекстан» тұрғын алаптарының санын 61-ден 120-ға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, жыл сайын 20–25 миллион шаршы метр коммерциялық ғимарат пайдалануға берілуде. Тек тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандардың өздері жылына кемінде 10 миллиард долларлық құрылыс материалдарына сұраныс қалыптастырып отыр.

Ташкент халықаралық инвестициялық форумында шетелдік серіктестерге жалпы құны 27 миллиард доллар болатын инфрақұрылымдық жобалар ұсынылды. Жызақтағы атом электр станциясы, Ташкент облысындағы төртінші мыс байыту фабрикасы, Орта Шыршық ауданындағы жылына 20 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы Жаңа Ташкент әуежайы, Жаңа Ташкенттегі 55 мың орындық футбол стадионы және ұзындығы 282 шақырым болатын Ташкент – Самарқанд автожолы сияқты ірі жобаларда ең алдымен құрылыс материалдары қажет болады.

Мұндай ауқымды жобаларда қолданылатын материалдарға стандарт, сапа және сертификаттау талаптарының жоғары қойылатыны табиғи. Сондықтан ірі жобаларды жергілікті өндірушілермен байланыстыратын жаңа жүйе құру қажеттігі атап өтілді.

Ірі және мегажобаларға инвестиция салып жатқан инвесторлар импорттық құрылыс материалдарын әкелген кезде қосылған құн салығынан босатуды сұрап отыр. Сонымен қатар мұндай жобаларға өз өнімдерін жеткізуге ниетті жергілікті кәсіпорындар да аз емес. Олар дәл осындай салықтық жеңілдік отандық өнімдерге де берілсе, сапа мен стандарт бойынша бәсекеге түсуге дайын екендерін мәлімдеді.

Осыған байланысты жауапты тұлғаларға ірі және мегажобаларға импорттық әрі жергілікті өнімдерді жеткізу кезінде тең жағдай жасауды көздейтін шешім жобасын әзірлеу тапсырылды.

Жиында өңірлердегі туризм инфрақұрылымын дамытуға арналған екі жылдық бағдарламаның орындалуы да қаралды. Бағдарлама аясында 34 ірі туристік нысан, мыңнан астам орналастыру орны, соның ішінде 200 қонақ үй салу жоспарланған.

Әкімдерге өз өңірлерінде салынып жатқан қонақүйлерде жергілікті құрылыс материалдарының үлесін кемінде 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелді.

Республикада жыл сайын орта есеппен 65 мың жеке тұрғын үй салынып, тағы 200–250 мың үй жөндеуден өтеді.

– Ашық айту керек, халықтың едәуір бөлігі энергия үнемдейтін материалдардың артықшылықтары туралы әлі де жеткілікті деңгейде хабардар емес, – деді Президент.

Қазіргі кезде тұрғын үйлерді жылытуға елдегі жалпы табиғи газ тұтынуының 20 пайызы және электр энергиясының 11 пайызы жұмсалады. Егер үйдің қасбеті мен шатыры жылу сақтайтын материалдармен қапталып, энергия үнемдейтін терезелер орнатылса, энергия шығынын 30 пайызға дейін қысқартуға болады.

Осы бағытта Франция мен Ұлыбритания компаниялары әзірлеген жаңа жобалау тәсілі негізінде «Қамашы» ауданында 4 мың пәтерлік «Жаңа Өзбекстан» тұрғын алабы салынып жатыр. Жобада толықтай энергия үнемдейтін жергілікті материалдар қолданылып, құрылыс құны 20 пайызға арзандайды, ал тұрғын үйлерді жылыту мен салқындату шығындары 25–30 пайызға төмендейді.

Облыс, аудан және қала әкімдеріне осы ауданның тәжірибесіне негізделген жаңа жобалау тәсілін зерделеу тапсырылды. Биыл «Жаңа Өзбекстан» келбеті енгізілетін 33 аудан мен қалада көпқабатты тұрғын үйлер дәл осы тәсіл бойынша салынатын болды.

Жиында экспорт мәселесіне де ерекше назар аударылды. Көрші мемлекеттер жыл сайын 13 миллиард доллар көлемінде құрылыс материалдарын импорттайды. Оның ішінде тек Орталық Азия елдерінің өзіне экспорт көлемін қосымша 440 миллион долларға ұлғайту мүмкіндігі бар екені айтылды.

– Бір нәрсені ұмытпаңыздар: қазіргі кезде сыртқы нарықтарда бәсекелестік өте жоғары, әрбір доллар үшін күрес жүріп жатыр. Сондықтан экспортты арттыру үшін айрықша шешімдер қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Әзербайжан, Грузия, Ресей, Қазақстан және Қырғызстанда тұрғын үй мен коммерциялық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Егер Өзбекстан осы елдердің сенімді құрылыс серіктесіне айналса, бұл электроника, үй тоқыма бұйымдары және жиһаз өндірісі үшін де жаңа экспорттық мүмкіндіктер ашады. Осыған байланысты жауаптыларға Баку, Тбилиси, Мәскеу, Астана және Бішкек қалаларында 3–4 үлгілі энергия үнемдейтін тұрғын үй тұрғызып, таныстыру шараларын өткізу тапсырылды.

Жиында энергия тиімділігін арттыру мәселелері де талқыланды. Соңғы он жылда құрылыс материалдары кәсіпорындары пайдаланатын шартты отын көлемі екі есеге азайған. Саладағы электр энергиясы тұтынуының 65 пайызы тиесілі 34 ірі кәсіпорында жүргізілген энергия аудитінің нәтижесінде өткен жылдың өзінде 240 миллион киловатт-сағат электр қуаты үнемделді.

Алайда бұл жеткіліксіз екені айтылды. Облыс әкімдеріне құрылыс материалдары кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту арқылы энергия шығынын қысқартуға бағытталған кең ауқымды бағдарламаны іске қосу тапсырылды. Бағдарлама аясында қыздыру және кептіру пештерін, диірмендер мен энергияны көп тұтынатын басқа да жабдықтарды энергия үнемдейтін үлгілерге ауыстырған кәсіпорындардың ұлттық валютадағы несиесінің 7 пайызы, ал шетел валютасындағы несиесінің 4 пайызы мемлекет тарапынан өтелетін болады.

Өзбекстанда цемент, базальт, шыны және керамикалық плиталар сияқты өнімдер бойынша құрылған өндірістік қуаттар 2035 жылға дейінгі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондықтан инвесторларды осындай өнімдердің көлемін арттыруға емес, қолданыстағы қуаттарды жаңғыртып, жоғары қосылған құн қалыптастыратын жобаларды жүзеге асыру қажет екендігі айтылды.

Құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындарға сертификат алуға жұмсалатын барлық шығынды толық өтейтін жүйе жұмыс істейді. Мұндай мүмкіндік басқа салаларда жоқ. Алайда сертификаттардың бірыңғай дерекқоры болмағандықтан, сатып алушылар көбіне халықаралық сертификаты бар шетелдік өнімдерді таңдап отыр.

Сондықтан жауапты тұлғаларға жергілікті және халықаралық сертификаттары бар құрылыс материалдарының электрондық платформасын іске қосу, сондай-ақ облыс әкімдерімен бірлесе отырып, биылдың өзінде кемінде 50 құрылыс материалдары кәсіпорнының халықаралық сапа сертификатын алуына қолдау көрсету тапсырылды.

Жиын барысында жауапты тұлғалардың баяндамалары, құрылыс материалдары саласы кәсіпорындары өкілдерінің ұсыныстары мен бастамалары тыңдалды.