Президент Наманганда балық шаруашылығының жаңа жобаларымен танысты

    Президент Шавкат Мирзиёев Наманган облысының Нарын ауданындағы «Фишвел Норин» кәсіпорнының жұмысымен танысты.

    Балық шаруашылығы халық денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігінде ерекше рөл атқарады. Балықтың мол болуы басқа ет өнімдерінің бағасына да оң әсер етеді. Ал оны шағын шаруашылықтарда өсіру отбасыларға қосымша табыс әкеледі.

    Соңғы жылдары елімізде балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Су қоры мол аудандарда инвестициялық және кооперациялық жобаларға қолдау көрсетілуде.

    «Фишвел Норин» компаниясы 3 миллион доллар қаржы есебінен осындай ірі жобаны іске асырған. Екі гектардан астам аумақта 76 инновациялық тоған салынған, соның қырыққа жуығы бүгінде толық қуатта жұмыс істеп тұр. Мұнда супер-интенсив әдіспен форель өсіріліп, жылына 2 мың тоннаға дейін сапалы өнім алынады. Оның 5 миллион долларлық бөлігі экспортқа шығарылмақ.

    Ең бастысы – кәсіпорын жергілікті тұрғындарды балық өсіруге үйретіп жатыр. Мәселен, «Хужақұрғонча» махалласындағы 25 үй шаруашылығы кластермен бірігіп, әрқайсысы жылына 150 миллион сумға дейін табыс табуда.

    Бұл бастаманы кеңейту мақсатында «Нарын» және «Учқорған» аудандарындағы тағы 100 отбасы балық шаруашылығына тартылмақ. Жоспар бойынша, жылдық 2 мың тонна өнімнің 500 тоннасы үй шаруашылықтарында өндіріледі. Нәтижесінде 300-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

    Кәсіпорын жанында заманауи мейрамхана да ашылды. Мұнда түрлі балық тағамдары әзірленіп, қонақтарға ұсынылады. Бұл өз кезегінде туризм мен қызмет көрсету саласының дамуына серпін беруде.

    Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға еліміз бойынша форель өсіруге қолайлы аймақтарды анықтап, тәжірибені кеңінен тарату жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, Нидерланд мамандарымен бірлесе отырып, балық азығын шығару және терең ұңғымалардың қасында жасанды тоғандар орнатып, халыққа бөліп беру міндеттері белгіленді.

    Қазіргі таңда Наманган облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мелиорациялық құдықтар маңында 34 интенсивті бассейн салынған. Тағы бір ерекшелік – балық өсірілген су минералдарға қанығып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруда тиімді пайдаланылуда. Бұл бағытта да шетелдік мамандардың тәжірибесі енгізіліп жатыр.

    Осы жерде Президентке «Реформалар штабының» жұмысы жөнінде де ақпарат берілді. Айтылғандай, кәсіпкерлермен бірлесіп жалпы құны 1 миллиард доллар болатын жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 200 миллиард сум түсім, 160 миллион долларлық экспорт мүмкіндігі қамтамасыз етілмек.

    Мұндай нысаналы шаралардың арқасында «Мингбулоқ» пен «Нарын» аудандарының экономикасын көтеру көзделген. Халыққа дайын жобалар ұсынылып, кәсіпке бейімдеу арқылы жұмыспен қамту шаралары іске асуда.

    Сапар аясында Президент «Расулов Ғофуржанұлы Бахадыр» фермер қожалығының алқабына барып, мақта терімін де көрді. Мұнда шетелдік мақта тұқымы егілген, жоғары өнім алынуда. Химиялық өңдеуде ұшқышсыз аппараттар, ал жинау кезінде заманауи техникалар қолданылып, мақта таза әрі шығынсыз терілуде.