Кейінгі жылдары Өзбекстан халықаралық мәдени кеңістіктегі өз орнын жүйелі түрде нығайтып келеді. Самарқанд қаласында ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясы 190 елден келген 3 мыңнан астам делегаттың қатысуымен табысты өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша Өзбекстанның мәдени мұраны қорғау, білім беру және креативті экономика салаларындағы бастамаларын іске асыруға арналған «жол картасы» әзірленіп, бекітілді.

Жапонияда өткен ЭКСПО-2025 Бүкіләлемдік көрмесіне Өзбекстанның қатысу нәтижелері сараланды. Жалпы аумағы 1,2 мың шаршы метрді құрайтын «Білімдер бағы» павильонына шамамен 1 миллион адам келді. Ұсынылған экспозициялар халықаралық деңгейде кеңінен насихатталып, ең көп келуші жиналған павильондардың қатарынан орын алды. Қазіргі уақытта Сауд Арабиясында өтетін ЭКСПО-2030 көрмесіне қатысуға дайындық басталып, аумағы 3,6 мың шаршы метр болатын павильон салу жоспарланған.

Бұхара қаласында өткен алғашқы Заманауи өнер биенналесіне ерекше назар аударылды. 70 күнге созылған іс-шара 3,5 гектар аумақты және реставрацияланған 14 мәдени мұра нысанын қамтыды. Биенналеге 40-тан астам елден 70 суретші мен куратор қатысты. Қатысушылар саны шамамен 1,8 миллион адамды құрап, олардың қатарында 100-ден астам жоғары лауазымды шетелдік қонақ болды. Өзбекстанның 2021 жылдан бері Венеция биенналесіне тұрақты қатысуы Италиядан келетін туристер ағынының артуына ықпал етіп отырғаны атап өтілді.

Ел аумағында ірі халықаралық концерттік бағдарламалар өткізілді. Атап айтқанда, Ташкентте Дженнифер Лопес, Хиуада Black Coffee, Самарқандта Андреа Бочеллидің концерттері ұйымдастырылды. Атаулы шаралар барысында аталған қалалардағы қонақүйлердің жүктемесі 90 пайыздан асып, бұл туризм мен қызмет көрсету салалары табысының өсуіне оң әсерін тигізді.

2025 жылы туристер саны 11 миллионнан асып, туристік қызметтер экспорты 4,8 миллиард долларға жеткені, сондай-ақ визасыз режим енгізілген елдер саны 94-ке дейін көбейгені атап өтілді.

Сонымен қатар, туризм саласын жобалық басқару жүйесіне көшіру, туристік өнімдерді жасау мен дамытудың бірыңғай тетігін енгізу және ірі іс-шараларды үйлестіруді күшейту қажеттігі көрсетілді.

Саланы цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекеттік және жекеменшік ақпараттық жүйелерді үйлестіре отырып, Ұлттық туризм платформасын іске қосу, туристер мен кәсіпкерлерге арналған проактивті цифрлық қызметтерді енгізу, электронды төлемдерді кеңейту және туристік ағындарды талдау міндеттері айқындалды. Цифрландыру арқылы көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту және туристік алымдардан түсетін жылдық кірістерді арттыру жоспарланып отырғаны айтылды.

Өзбекстанның туризм әлеуетін АҚШ, Парсы шығанағы елдері, Үндістан, Қытай және Скандинавия сияқты басым нарықтарда ілгерілетуге бағытталған жаңа маркетингтік стратегияны іске асыру қажеттігі атап өтілді. Елдің халықаралық туристік платформалардағы қатысуын кеңейту, цифрлық контентті дамыту және ірі медиа ресурстар мен озық ойлы көшбасшыларды тарту міндеттері белгіленді.

Таныстырылымда ірі мәдениет пен туризм нысандарының жобалары қаралды.

Самарқандта «Самарқанд мұрасы дәлізі» жобасы іске қосылмақ. Регистан ансамблі, Бибі ханым және Шахи Зинда кешендері мен М.Ұлықбек обсерваториясы ұзындығы 6,6 шақырымды құрайтын бірыңғай туристік бағыт арқылы өзара байланыстырылатын болады.

Сондай-ақ Самарқандта жаңа «Жібек жолы» музейін салу жобасы таныстырылды. Жалпы аумағы 19,5 мың шаршы метр болатын үш қабатты заманауи ғимаратта инклюзивті орта, көрме залдары, экспонаттарды сақтау қорлары және білім беру аймақтарын құру көзделген.

М.Ұлықбек обсерваториясы аумағында ландшафтық дизайнды жаңарту жоспарланып отыр. Жаңа музей ғимараты, иммерсивті көрме залдары және келушілерге арналған орталық салынбақ. Жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылып, археологиялық нысандар бірыңғай музей кеңістігіне біріктіріледі.

Сонымен бірге Бұхара қаласының бас жоспары таныстырылды. Онда қолайлы қалалық орта қалыптастыру, көлік және туризм инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ конгресс-холл, амфитеатр, кітапхана, фуд-холл, бөлшек сауда және коммерциялық нысандар мен жоғары санатты қонақүйді қамтитын көпфункциялы тарихи-этнографиялық саябақ салу көзделген.

Талқылау қорытындысында Мемлекет басшысы мәдени жобаларды туризмді дамыту міндеттерімен өзара байланыстыра отырып іске асыру, олардың экономикалық тұрақтылығын және сапалы басқаруын қамтамасыз ету қажеттігін айрықша атап өтті.