Соңғы жылдары елімізде электротехника өнеркәсібін дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Соның нәтижесінде салаға тікелей шетелдік инвестициялар мен заманауи технологиялар тарту, жергілікті шикізат ресурстарын терең өңдеу, импорттың орнын басатын, экспорт нарықтарында бәсекеге қабілетті әрі жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару ауқымы кеңейді.
Атап айтқанда, Ахангарандағы бұл жоба Біріккен Араб Әмірліктерінің Fajr Al Mustaqbal General Trading компаниясымен бірлесіп, 10 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 30 миллион долларды құрайды.
Жоба аясында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 4 миллион доллар көлемінде экспорт орындалды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары 95 пайызға біткен. Жоба аясында 11,3 миллион доллар инвестиция игерілген.
Кәсіпорында өндірілетін өнімдер Әзербайжан, Қазақстан, Тәжікстан, Ресей, Қырғыз Республикасы және Ауғанстан секілді елдерге экспортталады.
Қазіргі таңда мұндай кәсіпорындар Өзбекстанда екеу болса, Орталық Азияда төртеу. Солардың ішінде аталған жоба өндіріс көлемі бойынша екінші орынға ие.
Кешен толық іске қосылғаннан кейін 87 миллион доллар көлеміндегі импорттың орнын басатын өнім өндіру көзделіп отыр.
Мемлекет басшысы кәсіпорынның өндірістік үдерісі және өнім сапасымен танысып, мамандар және жұмысшылармен сұхбат құрды.
Сапар аясында кәсіпорынның 2026–2027 жылдарға арналған даму бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қатар еліміздегі электротехника өнімдерін өндіруші кәсіпорындардың көрмесі ұсынылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына «Eltech Industrial» технопаркінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берілді.
Технопарк электротехника саласын жаңа деңгейге көтеруге, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорт географиясын кеңейтуге бағытталған ірі өнеркәсіптік кластерге айналып келеді. Технопарк төрт аумақтан тұрады, жалпы жер көлемі 362 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта 4 жоба іске қосылған, 27 жоба қалыптастырылған. Жалпы құны 797 миллион доллар болатын кәсіпорындарда мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашу және қомақты экспорт көлеміне қол жеткізу жоспарланған.
Іске қосылған кәсіпорындарда мыс құбырлары мен фитингтер, микропроцессорлық модульдер мен сим-карталар, жоғары кернеулі кабельдер және тұрмыстық техника өнімдері өндірілуде. Алдағы уақытта аса жұқа мыс фольгасы, басқару және СИП кабельдері, робототехника мен электрондық платалар сияқты жаңа өнім түрлерін игеру көзделіп отыр.
– Электротехника өнеркәсібін экономикамыздың драйверлерінің біріне айналдырып, көрсеткіштерді алдағы уақытта 10 миллиард долларға жеткізуді стратегиялық мақсат ретінде айқындауымыз қажет. Ол үшін ішкі және сыртқы нарықтарда жақсы нәтижеге қол жеткізу, бәсекеге қабілетті өнім шығару, сондай-ақ сала үшін заманауи білім мен дағдыға ие білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.